Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Бесқонақ» туралы не білеміз? - АРҚА АЖАРЫ

«Бесқонақ» туралы не білеміз?

Қазақ халқы ерте заманнан бері «бесқонақ» сәуірдің сегізіне кіріп, он сегізіне шығады, деп есептейді. Дәл осы күндері ауа райы кенеттен бұзылып, табиғат тосын мінез көрсетіп жатады.

Алайда сол тосын сыйларға адам баласы түсіністікпен қараса, бесқонақтың әр күнін өзінше күтіп, шығарып салса, пейілімізде тарылмай, әр күні өз бабымен өтері сөзсіз. Оған қоса, «Сәуір болмай тәуір болмайды» дегенді бала кезден естіп өскенмін.  Жалпы, қазақ халқы дәл осы айдағы бірнеше күнді «бесқонақ» деп белгілеп қойған. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл күндері табиғат тосын мінез көрсетеді. Ауа райы бұзылып, қарлы жаңбыр не бірыңғай жауын жауады. Аяқ астынан күн суытып, қыс қайта оралғандай болады. Осыны білетін қазақ бұл кездерді өлара деп әр кез сақтықпен отырады. Әсіресе, әжелеріміздің айтуынша, осы күндері алыс жолға шығуға болмайтын. Осы сәуірде тіпті, күн жылынып кеткендей, болады. Сонда да малды тым ұзатып өрістетіп жаймау керегін ескертіп отыратын.

Сонымен қатар, ата-әжелеріміз осы «бесқонақ» келгенде күн райы бұзылып, жаңбырлатып, қарлатса жақсылыққа жоритын, демек алдағы жаз жақсы болады, деп болжайды. Ал, «бесқонақ»  тыныш өтсе, жаз айы жан мен малға жайлы бола қоймайды-ау, деп отыратын.

«Бесқонақ» – аптаға толмайтын осы 5 күнді қазақ халқы «Бесқонақ» деп атаған. Мұндай күндер басқа халықтарда да болған. Мысалы, біздің заманымызға дейінгі төрт мың жылдықта Мысырда 360 күннен кейін қосылатын 5 күнді құдайлар атымен Осирис, Гор, Сет, Исида және Нефтида деп атаған. Ал, ежелгі парсылар күнтізбедегі 5 күнді «фәнджи» немесе «андаргах» деп атаған. Мағынасы «ұрланып кіретін» не «кетікті толтыратын» дегенді білдіреді екен.

Сондықтан, қазақ халқының өте ерте заманнан келе жатқан әр болжамы тектен-текке айтылмаса керек. Жұмада күн суық болса, келесі жұмаға дейін сол ауа райы сақталады. Ай басында аспандағы ай жатып туса, демек сол ай суық болады. Биылғы сәуірде ай жатып туды. Мұндай кезде көнекөз әжелеріміз «жарықтық ай жамбастап алыпты-ау, күн қазір жылымайды» деп те болжап жатады.

«Бесқонақ»   әсіресе, солтүстік өңірлерде 10-20 сәуір аралығында өтіп жатады. Бұл ескі күнтізбе бойынша ескі айдың соңғы бес күні, жаңа айдың алғашқы бес күні қосылып 10 күнді құрайды деген сөз. Сондықтан, бес ескі, бес жаңа деп те атайды. Осы құбылыстың неге «Бесқонақ» деп аталуына қатысты аңыздар бар. Ертеде «осы күндердің ішінде қаннен-қаперсіз қыдырып шыққан бес қонақ ерте жаз шыққан екен деп, жеңіл киініп, екінші ауылға қонаққа кеткен.  Кенттен жолда күн суып, қарлы боран соғып, қақаған қыс қайта келіпті. Сөйтіп, олар «суыққа ұрынып, үсіп өліпті» деген ел ауызында аңыз бар.

Міне, содан бері бұл уақыт «бесқонақ» деп аталған екен. «Бесқонақтың» дауылынан кейін Қаратамақ, Сарышымшық торғай келеді. Тағы бір мәліметтерге сүйенсек, сәуірдің 5-інен бастап бес күн бойы ай тоғысады екен. Осы ай тоғамына қарап, қазақ алдағы бір жылдың ауа райын болжап отырған. Оның басталу уақыты әр өңірде әр түрлі болады. Бір аймақта бұл құбылыс 17-23 сәуірде болса, басқа бір өңірде сәуірдің 8-інде кіріп, 18-інде шығады деп болжаған. Ал, батыс аймақта «Бесқонақ» 13-18 сәуір аралығында болып жатады.

Демек, «Бесқонақ» келгенде күн суытып, қыс қайта басталғандай дала борап, жаңбырлатып тіпті қар да жауып кетеді. Бұл күндер маған өте таныс, бала кезден әжемнің айтқандары құлағымда қалып қойғаннан кейін әр күнді жақсы қабылдауға тырысамын. Өйткені, бұл күндері ауа райын болжау қиын. Мысалы, осы «Бесқонақ» кезінде Қостанай, Көкшетау және Ақтөбе өңірлерінде ауа райы күрт бұзылып, боран соғып, тасжолдарда адамдар мен көліктер тұрып қалған. Сондай-ақ, бүгін Шымкент қаласында да қар жауды, дегенді естіп жатамыз ғой. Сондықтан, бұл жыл сайын бір мезгілде қайталанатын құбылыстар. Сәуірде жауатын алғашқы жаңбырды қазақ жақсылыққа жорыған. Сәуірде жауған жауынның суына қазақтар басын жуған. Оны да мен әжелерімнен естейтінмін. Себебі, «көктемдегі жауын – сауып тұрған сауын» деп айтатын. Осылайша сәуірде жауған жаңбырдың емдік қасиеті бар деп санаған. Халық сол жаңбырға басын тосса, «жыл бойы басы ауырмайды, ауыртпалықтар кетеді деген наным болғанын», этнографтар да растап жатады.

Міне, «Бесқонақ» атауы осылайша пайда болған екен.

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар