Таяуда Қызылорда облысында Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтың туғанына 100 жыл толуына орай, «Толқын тербеткен тау тұлға» атты дәстүрлі «Көктем нұры» республикалық оқушылар айтысы болып өтті.
Қазақ халқының рухани мұрасын насихаттау, жас ақындарды анықтау және қолдау, халық дәстүрінің сабақтастығын сақтау, қазақ халқының қалың бұқарасын дәстүрлі фольклорлық шығармашылыққа тарту мақсатында ұйымдастырылған сөз додасында еліміздің 6 аймағынан және Сыр өңірінен барлығы 10 ақын бақ сынады.
Ата-бабадан аманат болған ұлық өнерді қадір тұтатын жұртшылық кәусар жырдан нәр алып, жас ақындардың өнеріне тәнті болды. Сыр елінің бас шаһарында ұйымдастырылған айтыста ерейментаулық жас ақын Сәттібек Серікболатұлы топ жарып, Бас жүлдені иеленді. Бұл жүлде алдымен, облыс мерейі. Ұлттық өнер ұлықталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғассын, бекзат өнердің бәсі жоғары болып, биіктей берсін!
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.