Ағымдағы жылы әлемнің үздік спортшылары Франция мемлекетінің астанасы Париж қаласында 26 шілде мен 11 тамыз аралығында отыз үшінші жазғы Олимпиада ойындарында және 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында он жетінші Паралимпиада ойындарында сынға түседі.
2024 жылы ойындарды өткізу аясында Париждегі 1924 жылғы Олимпиаданың жүз жылдығы және Франция қабылдаған алтыншы Олимпиада ойындары атап өтіледі. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Ақмола облысы дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ардақ Төлендин айтып берді.
– Париждегі жазғы Олимпиада және Паралимпиада ойындарының эмблемасы 2019 жылдың 21 қазанында бекітілді. Ашылу салтанаты шілде айында Сена өзенінің жағасында, ал, жабылуы тамызда «Стад де Франс» стадионында өтеді деп жоспарланған. Ойындардың ресми ұраны – «Ойындар кеңінен ашық!». 33-ші жазғы Олимпиада ойындарына әлемнің екі жүз бес елінен он мыңнан астам спортшы қатысуы мүмкін. Үздік спортшылар отыз екі спорт түрінен бақ сынап, 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Қазақстан құрамасы әзірге он бір спорт түрі бойынша отыз бір лицензия жеңіп алды. Қалған қатысушылар ағымдағы жылдың мамырынан маусымына дейін анықталады. Қазіргі кезде Ақмола облысының еншісінде бір ғана лицензия бар. Оны бокстан еңбек сіңірген спорт шебері, әлем чемпионаттарының күміс және екі дүркін қола жүлдегері, Азия чемпионы Карина Ибрагимова жеңіп алды. Карина бұл арманын өткен жылы Азия ойындарында жүзеге асырды. Аталған жазғы Олимпиада ойындарының бағдарламасында әйелдер арасындағы бокстан жарыс осы жылдың 27 шілдесінен 10 тамызына дейін өтеді. Карина 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді, – деді өз сөзінде Ардақ Болатұлы.
–Басында облысымыздан Олимпиада ойындарына қатысу лицензиясына бес спортшы үмітті болған еді. Өкінішке орай, екеуі ол тізімнен шығып қалған. Олар әлем чемпионатында 6-шы орын алған ауыр атлет Сергей Петрович. Бұл нәтиже лицензия үшін күресті жалғастыруға құқық бермейді. Дина Жоламан қарсыласының іріктеу спаррингінде жеңіліп қалды. Сөйтіп, ұзақ үзіліс және иығына ота жасату себебінен, әлемдік лицензиялық бокс турниріне жолдама ала алмады, – деп түсіндірді баяндамашы. –Ал, үш жерлесіміз лицензия алу үшін күресті жалғастыруда.
Аян Бейсенбаев – триатлоннан Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, континенттік рейтинг бойынша лицензия үшін бақ сынайды. Спортшының басты міндеті – 21 сәуірде Хацукайчиде (Жапония) өтетін Азия чемпионатында және 18-19 мамырда Самарқандта (Өзбекстан) өтетін әлем чемпионатында гонконгтық басты бәсекелесі Джейсонға есе жібермей, сәтті өнер көрсету. Оған қоса, Азиядағы лицензиялық турнирге әйелдер күресінен Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ирина Кузнецова қатысады. Турнир 19-21 сәуір аралығында Бішкекте (Қырғызстан) өтеді. Олимпиада лицензиясын ұтып алу үшін Ирина 1-інші немесе 2-інші орын алуы керек. Үшінші үміткер ақмолалық Андрей Чугай. Ол да велоспорттан (трек), спринт және кейрин түрлерінен өнер көрсететін еліміздің халықаралық дәрежедегі спорт шебері, әлемдік рейтингте 37-ші тұр. Ал, кейрин (тректегі велоспорт) бойынша 28-ші орында. Бұл спорт түрінен қазақстандық спортшылардың Олимпиадаға баратынын не бармайтынын анықтайтын финалдық жарыс ағымдағы жылдың 13-15 сәуірі аралығында Канадада өтеді. Ол Әлем кубогының кезекті кезеңі. Осы жарысқа қатысатын спортшының кандидатурасы туралы түпкілікті шешімді жаттықтырушылар штабы ағымдағы жылдың мамыр айында қабылдайтын болады.
Сонымен бірге, 17-ші Паралимпиада ойындарына қатысатын спортшылар да осы күндері лицензия үшін бақ сынауда. Паралимпиада ойындарына 182 елден 4400-ге жуық спортшы қатысып, 549 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Аталмыш ойындарда 2020 жылғы Паралимпиада және Пара Азия ойындарында жеңіп алған лицензияларымен парапауэрлифтингтен еңбек сіңірген спорт шебері Давид Дегтярев өнер көрсетеді. Сол сияқты, мылтық атудан Қазақстан Республикасының спорт шебері, еліміздің бірнеше дүркін жеңімпазы Еркін Ғаббасов та әлем кубогында екінші орын алып, Паралимпиада ойындары жолдамасын жеңіп алды. Және де паражүзуден тағы бір спортшымыз, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Әмір Мұратбеков 2024 жылдың 26-31 мамыры аралығында Берлинде (Германия) өтетін Әлем кубогы кезеңінде Олимпиада лицензиясын жеңіп алу үшін іріктеу жарыстарына қатысады.
–Әмірге 100 метрге брасс әдісімен жүзудегі жеке рекордын жақсартып, әлемдік рейтингтегі 8-ші нәтижеге сәйкес уақытты көрсету керек. Осы жолда спортшыларымызға сәттілік тілейміз, БАҚ беттері мен әлеуметтік желілерде Олимпиада және Паралимпиада ойындарына қатысатын жерлес спортшыларымыз туралы қорытынды ақпарат міндетті түрде болады. 17 сәуірден бастап бүкіл ел бойынша «Олимпиада ойындарына дейін 100 күн» ұранымен акциялар өтеді. Біздің өңір де бұл игі істен шет қалмайды, – деп сөзін түйіндеді Ардақ Төлендин.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.