Күн райы әлі көңілден шықпай тұрған мамыр айы жылда болашақ өнімнің берік негізі қаланатын үміт айы болып саналады. «Көктемнің бір күні жылға азық» демекші, бүгінгі таңда егіс алқаптарында болашақ өнім жолындағы жылдағы жорық қыза түсіп, алқапты таңертеңнен кешке дейін дамылсыз техника үні дүбірге бөлеуде. Бұл әлі үлкен жұмыстың басы. Бұдан былай облысымызда көктемгі егіс науқаны жаппай өріс алып, қауырт науқан тынысы шаруашылықтар мен шаруа қожалықтарын түгел қамти түседі. Биыл ақмолалық диқандар барлығы 5,3 миллион гектар алқапқа тұқым сіңіргелі отырса, оның 4,6 миллион гектары дәнді дақылдар. Олай болса, осы ырыздық аттанысында белді бекем буып отырған егінші қауымға іске сәт, тәңірім жер мен көктен бірдей иіп, мол астығымен қуантсын деген игі тілегімізді білдіреміз.
– Биыл, 4,6 миллион гектарын дәнді дақылдар құрайды. Ал, майлы дақылдар 400 мыңға, сол сияқты мал азығы дақылдары да 340 мың гектарға ұлғайтылды. Егін науқанына дайындық барысында 537 мың тонна тұқым, 82,5 мың жанар-жағар май дайындалды. Егіс жұмыстарының сапалы өтуіне басты әсер ететін техника паркі де әзір. Олар –15 мың трактор,16 мың сеялка,1,5 мың тұқым себу кешені. 4,4 миллион гектар алқапқа ылғал жабылды. Бүгінгі күні ақмолалық диқандар 510 мың гектар алаңға тұқым сеуіп үлгерді. Бұл жұмыс жоспарлы түрде жалғаса береді, – дейді өз сөзінде Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Еркеш Әленов.
Сонымен бірге, жуырда Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ақмола облысына жұмыс сапарында аймақ аграршыларымен кездесіп, егіс жұмыстарының барысын тексергені белгілі. Үкімет басшысы жұмыс сапары барысында астық, жұмыртқа, сүт өнімдері, құс еті, ұн және мал азығын өндіретін ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшыларымен саланы дамытудың өзекті мәселелерін талқылады. Олжас Бектенов көтерілген барлық мәселелер бойынша жан-жақты түсінік беріп, әкімдік пен тиісті министрліктерге аталған мәселелерді ерекше бақылауда ұстауды, оның ішінде жанар-жағармай материалдарын уақытылы тиеп-жөнелту және шаруашылықтарды субсидиялау мен жеңілдікпен берілетін несиелер түріндегі мемлекеттік қолдау шараларымен барынша қамту жөнінде тапсырма берді. Мәселен, биыл облысқа арзандатылған бағамен барлығы 83 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ол егін егу науқаны кезінде диқандардың қажеттіліктерін толық қамтамасыз етеді. Биыл облыс шаруалары топыраққа шамамен 258 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізуді жоспарлап отыр. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 57 пайызға артық. Бұл ретте, Премьер-Министр отандық тыңайтқыштарды сатып алудың басым бағыты ішкі нарық екенін тілге тиек еткен.
Осының бәрі мол өнім жолындағы ақмолалықтар аттанысын берекелі етіп, алтын күзде күткендегідей ырыс-несібенің берік негізін қалайды деген сенімдеміз.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.