Бернарда Альбаның үйіндегі озбырлық 

Ақмола облыстық Шахмет Құсайынов атындағы қазақ музыкалық-драма театрында Ғ.Мүсірепов атындағы қазақ мемлекеттік академиялықбалалар мен жасөспірімдер театрының гастрольдік сапары барысында «Бернарда Альбаның үйі» драмасы  көрермендер назарына ұсынылды.

Драма испан елінде түрлі режиссерлердің басшылығымен көп уақыттардан бері қойылған. Ал, қазақ театр тарихында 1974 жылы М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында тұңғыш рет сахналанған.Араға жарты ғасырдай уақыт салып, шығарманың осы нұсқасы Ғ.Мүсірепов театрында режиссер Дина Жұмабайдың қолтаңбасымен үлкен сахнаға қайта жол тартқан.

Қойылымда режиссердің суреткерлігі мен тапқыр шешімдерінің арқасында әйел жанының сан қилы көріністері шеберлікпен берілген. Бұл қасиет талантты театр труппасының шебер ойынымен үндесе келе, «Бернарда Альбаның үйі» драмасын біз үшін жоғары қырынан ашады. Қойылымда Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Гүлжамал Қазақбаева Бернарда рөлін шебер сомдаса, Күлжәмила Белжанова Бернарданың анасын, ал, Тынышкүл Сұлтанбердиева және Ақбота Рахат, Анар Әділова, Динара Шымырбаева, Ұлжан Оразаева, Динара Нұрболат сынды жас актрисалар да өз рөлдерін беріле ойнайды.

Драматург Гарсиа Лорканың «Бернарда Альбаның үйі» драмасының сюжеті шытырман оқиғаларға толы, онда төрт қабырғаға қамалған әйелдердің оқиғасы жайында өрбиді. Оқиға желісі жесір қалған Бернарда Альбаның үйінде жалғасады. Мұндағы көріністер Бернарданың өз қыздарына моральдық озбырлығына қарсы бағытталған. Кенже қыз Аделла билік пен махаббат арасындағы қарама-қайшылықты ұсынатын автор идеясына тән драмада «бүлікші» ретінде көзге түседі.

Бұл – заманның әр кезеңдерінде қойылып, нақты оқиғалардан шабыттанған және сол кездегі әдет-ғұрыптар туралы үлкен сыни ойларға толы тың дүние.Ар-намыс пен әлеуметтік нормалар озбырлығынан құтылғысы келетін Аделла атты кейіпкердің бостандық пен өмірге деген құштарлығын тұншықтырушы ретінде, Бернарда кейпі шынайылықпен бейнеленген.Күйеуі қайтыс болғаннан кейін, Бернарда Альба бес қызы Ангустия, Магдалена, Амелия, Мартирио және Аделланы жеті  жыл бойы қара жамылдырып, жоқтауға мәжбүр етіп, өз шаңырағын үйқамаққа айналдырады.Қойылымда махаббат, өшпенділік, реніш, құмарлық пен қызғаныш, бәрі қатар көрініс тапқан.

Сезімнен әлдеқайда басым зұлым ортада нәзік те әлсіз жаратылысты таптап кететін тиран-озбырлық, әділетсіздік жолында арпалыс жүректерде мәңгі қонақтап алғандай. Қарғыс атқан сол бір ызбарлы сес бес қыздың жүздеріндегі күлкіні де жойып, ақыры сорлы қыздар қуарып, солып, өлім құшуына әкеп соғады.

Бір деммен тамашаланған драма көрерменін ауыр иірімдерімен ойға батырып, бірде сол шытырман оқиғаларымен әлдебір сезімдерге жетелейді. Қалай десек те, жеті жыл бойы қара жамылған қыздардың тағдыры бейжай қалдырмайды.

Қойылым аяқталып, театрдан шыға берісте  бір апайдың, «сонша жыл қыздарын үйқамаққа ұстағанша, тұрмысқа бере бермеді ме?» дегені ғой. Иә, драманы көре отырып, көкейде көп сұрақ туындады, оған әркім өзінше жауап іздеп шыққандай…

Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар