Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов әл-Фараби атындағы IT-лицейдің 5 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Еліміз Тәуелсіздік алғаннан бері Көкшетауда жаңадан салынған бірінші қазақ мектебі 2018 жылы Сарыарқа шағын ауданының төрінде бой көтерді. Білім ордасы алғашқы күннен бастап ІТ бағытымен жұмыс жасап келеді. 2021 жылы мектеп лицей мәртебесі мен ұлы ұстаз, ағартушы, философ әл-Фараби есіміне ие болды. Бүгінгі таңда лицейде 900-ден аса оқушыны 87 педагог білім нәрімен сусындатып, сапалы білім, саналы тәрбие беруде.
Мектеп-лицейдің ашылған күнінен бастап жетекшілік етіп, ойдағыдай қалыптасуына елеулі үлесін қосқан тұңғыш директоры Айнагүл Қыдырбайқызы Балташева кейін Ақмола облыстық мәслихатының депутаты болып сайланып, бұл күнде мәслихаттың әлеуметтік мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясын басқарып отыр.
Мәслихат төрағасы Б.Жүсіпов өз сөзінде педагогтар мен оқушыларды ІТ-лицейдің 5 жылдығымен құттықтап, уақыт өте келелицейдің одан сайын өңірдегі ең үздік оқу орындарының біріне айналатынына сенім білдірді.
Қазірдің өзінде лицейде көптеген жетістіктер бар. Салтанатты іс-шара барысында оқушыларды республикалық, халықаралық пәндік олимпиадалар мен чемпионаттарға, ІТ-бағыты бойынша зияткерлік және шығармашылық конкурстарға, спорттық жарыстарға даярлаған педагогтардың есімдері, сондай-ақ, үздік оқушылар мен түлектер атап өтілді.
Халықаралық ынтымақтастықты нығайтудың арқасында лицейдің педагогтары мен оқушылары шет елдерге де бару мүмкіндігіне ие болуда. Биыл бірнеше мұғалім тәжірибе алмасу үшін Түркияға баратын болды. Салтанат барысында облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов шетелге шығу құқына ие болған үздік педагогтарға жолдамалар мен төсбелгілер табыс етті. Іс-шара интерактивтік конерттік бағдарламамен жалғасты.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.