Ақмолалық триатлоншылардың қос алтыны  

Францияның астанасы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарының қарсаңында көрікті Бурабай баурайында триатлоннан Азия кубогы сарапқа салынды. Бұл дүбірлі сайыс Көкше жерінде халықаралық жарыстарды өткізудің мүмкіндіктері мол екендігін көрсетті.

 Онда жасөспірім, ересек және ардагер атлеттер өз санаттары бойынша жарысқа түсіп, бақтары мен баптарын сынады. Қытай, Өзбекстан, Гонконг, Мысыр, Германия, Чехия, Бермуд, Ирландия, Зимбабве, Того, Маврики секілді 12 мемлекеттен келген атлеттер спорт жанкүйерлерінің жалпы назарын өздеріне аударып, үш түрлі кезең бойынша жарыс жолына шықты. Тәртіп бойынша олар Бурабай көлінің ашық айдынында 1,5 шақырым аралықты жүзіп өтіп, 40 шақырым жолды велосипедпен еңсерді және 10 шақырымға созылған аралықта көл жағалауының бойымен жүгірді.

Сонымен, бірнеше мемлекеттің тәжірибелі спортшылары қатысқан байрақты бәсекеде ақмолалық спортшылар 6 медаль жеңіп алды. Солардың ішінде әсіресе, жасөспірімдер арасында өткен додада бірінші орынды иеленген Савет Алмас пен Никита Дубинскийдің жеңістері ерекше құрметке лайықты. Олар жарыста сөреден бастап, мәреге дейін жіті қимылдап, жақсы өнер көрсете білді. Барлық аралықтағы қашықтықты жеңіске деген құштарлықпен еңсеріп, жақсы дайындықтарының арқасында мәреге алғашқы болып жетті. Осылайша бұл екі жігітіміз жеңіс тұғырын бағындырды.

Сонымен бірге, аталмыш додада жерлестеріміз Артем Бедрин мен Юлиана Петрова күміс, Анель Исабаева мен Арина Давыдова қола жүлдегер атанды. Осының бәрі спорттың осы түрімен шұғылданып келе жатқан жастарымыздың болашағынан мол үміт күттіреді. Спортшыларымыздың әрдайым байрақты бәсекелерде намысты қолдан бермей, осылай жеңіс тұғырынан көрінулеріне тілектеспіз!

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар