Ән мен күй – шыққан күн, туған айдай қазақ елінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі. Ал, оның ішіндегі дәстүрлі ән өнері – рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, мәдениеті мен ыстық ықыласын бүгінгі ұрпаққа жеткізген ұлттық құндылықтардың бірі. Қандай заман болса да, қазақ ән тыңдаудан кенде қалмаған.
Ән – халықтың өмір айнасы. Кезіндегі Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай өз заманының нағыз өнерпаздары, дәстүрлі әнді шырқағанда тыңдарман қауымның ерекше қошеметіне бөленетін әсем дауыс иелері еді. Олар киелі домбырамен ән салғанда дархан дала тербеліп, тұмса табиғат тұп-тұнық күйге еніп, тыңдарманның құлағының құрышы қанатын. Осы ұлы өнер иелерінің ұлы мұраларынан сусындап, оны үзбей халық арасында насихаттап жүрген жампоздарымыздың бірі, мәдениет саласының үздігі, Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының ардагер әншісі, бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отырған Абсалық Салық туралы сөз қозғамақпыз.
Бүгінде дәстүрлі өнердің нарқын эстрадалық өнер ауыстырғандай көрінгенімен, бәрібір дәстүрлі әннің орны қашанда ерекше болып қала береді. Заман қанша өзгергенімен, дәстүрлі ән өнері өз желісін үзген емес, үзбейді де. Себебі, арамызда қазақтың қара домбырасымен небір әндерді нақышына келтіріп орындайтын Абсалық сияқты ағаларымыз бар. Оның киелі қара домбыраның сүйемелдеуімен айтылатын дәстүрлі әндері кемел құрылымымен, кең диапазон, күрделі ырғақ-иірімдерімен ерекшеленеді.
– Ұлттық өнерді насихаттап, оның беделін биікке көтеріп жүрген тұлға – Абсалық Салық. Абсалықпен екеуміз 80-ші жылдан бастап қазіргі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясында бірге көп жыл жұмыс істедік. Жалпы, біз Алматыдағы эстрада-цирк студиясын бітіргеміз. Мен Қайрат Байбосыновтан бітірдім, ол Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті болды. Ғарекеңнің мақамымен айтатын әнші болды. Ол кезде әншілерді жан-жаққа жолдамамен жіберетін. Мен Көкше жеріне 1979 жылы келдім, ол менен бір жылдан кейін келді. Содан бері, міне, тапжылмастан бір жерде, бір филармонияда, «Айнакөл» ансамблінде еңбек еттік. Ол Ғарекеңнің де және Арқаның да әндерін керемет орындайды. Кейін тек Арқаның әндерін айтатын болды. Өзі Торғайдың жігіті, диапазоны кең, сымбатты, бір қалыпты, ешқандай бөтен мінезі жоқ, салмақты, сабырлы жігіт. Сахнада ән айтқан кезде жанып кетеді, сахнаны жандандырып жібереді. «Нақ-нақ» деген әніменен талай рет көрерменнің көзайымы болып, тыңдаған жанды тамсандырып, осы әнді көрерменнің сұрауымен қайта-қайта айтқан кездері болды. Осында келгеннен кейін, үйлі-баранды, балалы-шағалы болды. Өзі сондай жанашыр, әрқашан жанындағы адамдарға қамқор болып жүреді. Гастрольге шыққанда автобус сынып қалса, шопырдың жанында көмектесіп жүретін кім? Абсалық. Дастархан басында ет турайтын кім? Абсалық, тағы сондай-сондай жұмыстарды атқарып жүре береді. Ешқашан мен үлкенмін, мен әншімін деп кеудесін кермеген жігіт. Бір сөзбен айтқанда, адамгершілігі мол жан. «Айнакөл» ансамблінде, одан кейін «Майдақоңыр» деген шағын топ құрып, онда да бірге жүрдік. Бірге дуэтпен ән салған кездеріміз де болды. Міне, жанымызда осындай жақсы адамдар жүргеніне Жаратқанға ризамын. Сондықтан, мерейтойы құтты болсын, өнерде қанаты талмасын, отбасымен бақытты болсын дегім келеді, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Бисара Мәкенова.
Талантты өнер иесі Қостанай облысы, Жанкелдин ауданы, «Ақкөл» совхозында дүниеге келген. Мектепте оқып жүргенде өнерге бір табан жақын болған ағамыз, бала кезден ән салып, би билеген, сөйтіп, сахнадан жиі көрініп жүрген екен. Мектепаралық, ауданаралық фестиваль-байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болған. Қарасу орта мектебін тәмамдағаннан кейін, үш жыл Тынық мұхитындағы әскери-теңіз флотында Отан алдындағы азаматтық борышын өтейді. 1976 жылы әскерден келгеннен кейін, Жанкелдин ауданындағы Нұрхан Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде бір жылдай қызмет істейді. Аудандық мәдениет үйіндегі халық театрында бірнеше спектакльдерде ойнапты. Өнер қуып, Алматы қаласына алғаш рет барғанында театр студиясында бағын сынағысы келген ол Жаяу Мұсаның «Сұрша қыз» әнін орындаған екен. Қазылар алқасының мүшелері «актерлікке қарағанда, әнші болғаның дұрыс, сенің қабілетің әншіге тән» деп ақыл-кеңесін береді. Содан 1978 жылы Алматыдағы эстрада-цирк студиясына оқуға қабылдау жүргізіліп жатқанын естіп, осында келіп, құжаттарын тапсырады. Ол кезде домбыра тартуды білмеген Абсалық аға дайындық уақытында жатақханада жатып, «Боз жорға ат» деген әнді үйреніп алып, емтиханда сол әнді орындап беріпті. Солай Қазақ КСР халық әртісі Ғарифолла Құрманғалиевтың класына қабылданыпты. Ғарифолла ағаның класында оқып жүріп, батыстың 150-ден астам дәстүрлі әндерін үйреніп шыққан. 1980 жылы студияны аяқтаған соң, Мәдениет министрлігінің жолдамасымен бұрынғы Көкшетау, қазіргі Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясына жұмысқа орналасады. Сөйтіп, сахна мен халық арасындағы байланысты, қарым-қатынасты берік ұстану үшін Арқаның 70-80-ге жуық әнін үйреніп алған ол 1981 жылы атақты «Айнакөл» ансамблінің құрамына қабылданады. Ансамбльдің құрамында жүріп, еліміздің түкпір-түкпірін аралап шығады. «Айнакөл» ансамблі 70-ші жылдардың басында облыстық филармонияның жанынан құрылып, 20-ға жуық шығармашылық қызмет өкілдерін – музыканттар, бишілер, вокалшылар, тіпті, цирк әртістерін біріктірген болатын. Көкшетаулықтардың бір емес, бірнеше буыны осы «Айнакөлдің» әсем әндері мен әуендерін тыңдап өсті десек қателеспейміз.
–Ол кезде «Айнакөл» ансамблінің дүрілдеп тұрған кезі болатын. Қазақстанның алдыңғы қатардағы ансамбльдердің бірі еді. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі, халық əндерін тамылжыта орындаушы Бисара Мәкеновамен бірге жұмыс істедік. Көкшетау – сал-серілер мекені болғандықтан, Ақан сері, Біржан сал, Үкілі Ыбырай, Естайдың және тағы басқа ұлы дарын иелерінің әндерін орындап, халыққа насихаттап келдім. Сахнаға шыққанда жыл сайын репертуарыма жаңа ән қосып отырдым. Себебі, репертуарды әрқашан жаңартып отыру керек, өйткені, халық сенің бір әніңді тыңдай беретін болса, жалығып кетеді. Сол себепті ескі әндерді іздеймін, өзім дәстүрлі әнші болғандықтан, оларды қайта жаңғыртып, орындау менің міндетім. Осыны кейін жастар да құлақтарына құйып өседі ғой. Нағыз кәсіби әнші болып қалыптасуым осы филармония қабырғасында басталды деп нақты айта аламын. Отыз бес жыл бір жерде тапжылмай еңбек еттім, – дейді ағамыз әңгіме арасында.
Әкесі Салық мал шаруашылығымен айналысқан адам. Бірақ, кезінде Абай атындағы опера және балет театры алғаш ашылған тұста жер-жерден әртістерді жинаған көрінеді. Солардың ішінде Абсалық ағамыздың да әкесі болған екен. «Қыз Жібек» операсындағы Шегенің ариясын шебер орындаған Салық ағаны дауысына тәнті болған ұйымдастырушылар театрға актерлық қызметке де алмақшы болған. Дегенмен, сол кездегі қараңғылық қой, сендерді онда шоқындырып жібереді деген сөзге сеніп, ауылына оралып, әрі қарай сол үйреншікті кәсібі – мал шаруашылығында қала берген. Осыны естігенде өнер әкесінен дарыған екен ғой деп қалдық.
– Абсалық Салықпен өткен ғасырдың 1980 жылдарынан бастап қаламыздағы филармонияда «Айнакөл» ансамблінде бірге жұмыс істегенбіз. Мен ансамбльге 80-ші жылы келсем, жолдасым Қазбек 1982 жылы қатарымызға қосылды. Абсалықпен осы өнер жолында бүкіл Қазақстанды аралап шықтық. Ол өте дарынды әнші, домбырашы, өз ісінің шебері. Жауапкершілігі мол, сана-сезімі жоғары азамат. Гастрольдік сапарда жүргенде өмірдің ащысын да, тұщысын да бірге көрдік. Отбасын құрғанда да куәгер болдық, ұлы мен қызы туғанда да бірге жүрдік. Отбасылық жатақханада бірге тұрған біздердің әлі күнге сәлеміміз дұрыс, басымыз қосылған кезде бірге шай-пай ішіп, концерттерге барып, жақсы араласып жүреміз. Қазіргі таңда ол жақсы әке, адал жар, немере сүйіп отырған жайы бар. «Айнакөл» ансамблімен Абсалықтың туған жері Торғайда да болғанбыз, анасының қолынан дәм де татқанбыз. Досымыздың жетпіске келген жасы құтты болсын, жасына жас қосылсын. Дауысы әлі бабында тұр, осылай қара домбырасымен әнін айтып, халықтың қошеметіне бөленіп жүре берсін дегіміз келеді, – дейді өз сөздерінде филармонияның ардагерлері, отбасылық достары Қазбек Гумиров пен Маруза Танашева.
–Халық менен концерттерде көбінесе күлдіргі әндерді сұрайды. Соның ішінде, халық әні «Нақ-нақ» үлкен сұранысқа ие болып келе жатыр. Кезінде Ғарифолла ағамыздан көп күлдіргі әндерді үйренгенмін. Қазір соның пайдасын көріп жүрмін. Сонымен қатар, Үкілі Ыбырайдың «Қызыл асық», «Қалдырған» деген әндеріне сұраныс көп болып жатады. Біржанның «Айтпайын» да халық жиі сұрап, жақсы қабылдайды. Жастар жағы «Нақ-нақ» әнін үйретіңізші деп қолқалайтыны бар. Үйретуін үйретемін ғой, бірақ, бұл әнді орындау үшін үлкен актерлік шеберлік қажет. Оны айтқанда дене, иық, бет-әлпет, бәрі қимыл үстінде болуы тиіс. Былай қарағанда, оңай ән сияқты, ал, үйрену барысында оның қиын екені бірден білінеді. Содан кейін, терме үйретіңізші деп келетін жастарымыз да бар. Оны да білгенімше талапкер жастарға үйретуден жалыққан емеспін, – дейді Абсалық ағаның өзі.
– Кез-келген халықты әлемге талантты перзенттері танытады. Талантты ұл-қыздар неғұрлым көп шыққан сайын ол ұлттың беделі де арта береді демекші,
Абсалық Салық өте жақсы әнші, шебер орындаушы. Көрермен оны әрқашан жақсы қабылдайды, қазіргі кезде де шығармашылық үстінде жүрген белгілі азаматтардың бірі. Жауапкершілігі мол, қазіргі жастарға үлгі боларлықтай ел ағасы. Әзіл әндерді өте шебер орындайды, мысалы «Нақ-нақ» әні оның нағыз өзіндік қолтаңбасы десем де болады. Бұл әнді осы Абсалық ағадан артық ешкім орындай алмайтын сияқты мен үшін. Абайдың «Сегіз аяғын», Үкілі Ыбырайдың «Қалдырғанын», Ақтамберді жыраудың «Ой толғауын» табиғи дауыспен нақышына келтіріп орындағанда, бір серпіліп, тамсанып қалатынбыз. Өзіндік қайталанбас дауысымен елді баурап алатын қасиеті бар ағамызға сексеннің де сеңгірінен көрініңіз, одан да үлкен жастың төрі Сіздікі болсын деп тілегімізді айтамыз, – дейді өз сөзінде Үкілі Ыбырай атындағы Ақмола облыстық филармониясының көркемдік жетекшісі Айна Мамрина.
Біз де осы бір ашық-жарқын, жайдары, танымал әнші ағамызды мерейтойымен құттықтап, деніне саулық, шығармашылық табыс тілеп, отбасы бақытына бөлене беріңіз демекпіз!
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.