Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Құлагер» – қуатты қойылым - АРҚА АЖАРЫ

«Құлагер» – қуатты қойылым

Жуырда Алматыдан облысымызда гастрольдік сапармен болып кеткен Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының көкшелік көрерменнің назарына ұсынған спектакльдерінің бірі – Ілияс Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісіне құрылған спектакль еді.

Аталмыш театрдың «Құлагер» спектаклін әкелуінің басты себебі – бұл біздің жергілікті жердің тарихының бір парасы. Ақандай серінің әнімен серпіліп, Құлагердей тұлпардың дүбірін естіген көкшеліктер қойылымды жылы қабылдап, ерекше тебіреніспен, өзгеше бір толқыныспен тамашалады. Саунтдрама жанрында қойылған драманың режиссері – Фархад Молдағали.

Спектакль Ақан серінің Құлагерден айрылып, кәрілікке жеңдіріп, өмірден бәз кешкен шағынан басталып, лирикалық шегініспен Сағынайдың асына барған кезеңіне ауысады. Мұндағы сахналық көріністердегі қазаққа тән той-томалақ, ән-күй Ақан Қорамсаұлының серілік өмірінен сыр шертеді. Басты кейіпкер Құлагерді театр және кино актері Мақсат Сәбитов ойнап, текті тұлпардың нақ үлгісін – қарапайымдылықты жан-жақты ашып, көрсете білді. Жұрт көзіне жүйрік болып көрінбегенімен, сыншы Күреңбайдың сынынан кейін оны Батыраштың  қолшоқпарлары ұната қоймады. Ал, Көктұйғын – бес жыл бойы бәйге бермей келе жатқан тұлпар. Оның иесі Батыраш та содан болар, көкіректеніп, «Бәйгемді шаппай бер!» –деп өрекпиді. Көктұйғынды сомдаған Ерлан Кәрібаевтың актерлік шеберлігіне тәнті болдық. Оның әрбір басқан қадамынан, көзқарасынан ешқандай артық қимыл, менменшілдік байқалмайды, өзін сонша салмақты ұстайды. Тіпті, бағы мен бабы қатар сыналар бәйге сахнасында да актер кейіпкеріне ешқандай оғаш мінез дарытпаған. Құлагерден бірде озып, бірде қалып келе жатқанда да қарсыласына байыппен, құрметпен қарайды. Ал, оның иесі, жалған атаққа масаттанған Батыраштың бейнесін Руслан Ахметов сомдап, озбырлық пен қатыгездіктің кейпін айнытпай салады. Сахнада Ақан серінің бейнесін Әсет Иманғалиев сомдады. Ол серінің әуелете салған әуезді әндерімен, тұлпарын жоқтаған ішкі зарымен көрермен есінде қалды деп ойлаймын. Ал, көрерменнің назарын әр сәтте өзіне аударып отыратын Қанатты қара кейіпкер спектакльде интрига тудыру үшін ойлап табылғандай. Спектакль басталысымен-ақ қарт Ақанның мұңымен кезектесе зарлаған Қанатты образ ерекше есімізде қалды. Ол бір қайғы-қасіреттің символы ретінде көрсетілген.

Спектакльде көрерменді барынша елең еткізіп, өзіне байлап алатын тұсы – бәйге сахнасы. Аттардың шабысы, жарысы музыкамен көркемделіп, өзара үйлесім тапқан. Жоғарыдан арқанға байланған тұяқтардың түсуі арқылы топ аттың бәсекеге түскен дүбірі естіледі. Күй естісе делебесі қозып, қиқуға басатын халық болғандықтан ба, көрермендер осы тұста музыка мен аламанның үйлесімін жақсы қабылдады. Екі тұлпардың бір-бірін іштей сезіп, Көктұйғын қанша жүйрік болса да, шын мықтыны мойындап келе жатқаны спектакльде ритм арқылы аңғартылды.

Спектакльдің  қайғылы тұсында, яғни, хас жүйріктің жау қолынан құрбан болған кезінде вокал тізгінін ұстаған Ерден Жақсыбек «Маңмаңгер» әнін күңіренте салып, Ақанның бар өкініші мен қайғысын көрерменнің көз алдына әкелгендей әсер қалдырды.

Қойылымның осы шарықтау шегінде Құлагердің жау қолынан мерт болып, ақтық демі таусылар тұста режиссер тұлпарға тіл бітіріп, Алаш қайраткерлерінің өлеңдерінен үзінділер оқытқан. «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам. Қараңғылықтың кегіне, Күн болмағанда кім болам?!» – дегендей, бірнеше Алаш қайраткерлерінің отты жырларынан үзінділер айтып, тұлпар жан тапсырады. Бұдан режиссер «Құлагер» қойылымы арқылы қазақ арыстарының болмысын барынша көрсетуді көздегенін аңғаруға болады. Тіпті, бір сұхбатында ол: «Осы спектакль арқылы жалғыз Құлагердің, я Ақанның ғана тағдырын емес, бүкіл қазақтың тағдырын, Алашорда кезінде өмір сүрген шын жүйріктердің өмірін астармен бердім», – депті.

–Рухани қажеттілікті қанағаттандыратын бірден-бір мәдениет ошағы театр екені даусыз. Көкшетауға Алматы қаласындағы Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры гастрольдік сапармен келді дегенде қуанышымда шек болмады. Алғашқы қойылымдардың бірі – М.Әуезовтің «Қарагөз» спектаклін тамашалай отырып, режиссер еңбегінің соны, заманауи, жаңаша келбетін аңғардық. Махаббат пен зұлымдықты, адалдық пен күнәһарлықты сомдаудағы актерлердің шеберлігі мен режиссерлердің ізденімпаздығы көрермендерді тәнті етті. Қазақ драматургиясының алтын қорына қосылған аталған пьеса театрдың атына лайық жастардың көзқарасымен жаңаша сипатта ұсынылғандығы қуантты. Ерекше креативтілікпен, заманауи әдіспен ұсынылған туынды аса үлкен әсер қалдырғандықтан, келесі кезекте көрермендерге ұсынылған І.Жансүгіровтің «Құлагер» поэмасының желісіне құрылған спектакльді де тамашалауға қызығушылығым артты. Әсіресе, Құлагер, Көктұйғын сынды аттардың бейнесін келтіру, бәйгені ұйымдастыру, Ақан трагедиясын, сол замандағы адамдар психологиясын халыққа жеткізу оңай емесі анық. Қойылым Ақан серінің кәрілік жеңіп, өмірден баз кешкен ғұмыр бейнесін көрсетуден басталады. Оған жын-пері бейнесіндегі образ қатар беріліп, Ақанның ішкі жан дүниесіндегі өзгерістер мен қайғы-мұңы, артта қалған трагедиялары шеберлікпен сомдалады. Репродуктивті әдіс арқылы шегініс жасалып, Ерейментау баурайындағы асқа барған сәті бейнеленіп, көз алдына жастық, серілік, атбегілік ғұмыры асқан шеберлікпен келтіріледі. Құлагер-Жігіт бейнесінің қатар сипатталуы – көрермендердің күтпеген соны жаңалығы еді. Күреңбай сыншының атты сипаттауы өз алдына ерекше. Бабына келген Жігіт – Құлагер бейнесі расымен, Құлагердің Ақан серінің досы болғандығы, онымен трагедиялық сипатта қоштасуының өзі қазақ халқының жылқы малына үлкен құрметпен қарауынан туындайтыны айтпаса да түсінікті. Жалпы, театр өнері аталған қойылымдар арқылы Көкше елін бір серпілтіп, шынайы өнердің биік болмысын тағы бір мәрте тануына ықпал етті, –дейді Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университеті жанындағы көпсалалы колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің оқытушысы Айнагүл Бейсембина.

Жалпы, қойылым көптің көңілінен шықты. Олай дейтініміз, тамашалауға келген көрермен Құлагер болып жарысты, Құлагер болып сүрінді, Ақанмен бірге қуанып, Ақанмен бірге жылады, Ақан болып қайғырды, олардың кешкен трагедиясын, қасіретін өз бастарынан кешкендей мұңайды. Санада сілкініс тудырған, түрлі ойларға жетелеткен қуатты қойылым еді бұл.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар