Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, аграрлық мәселелер және индустриялық-инновациялық даму жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары, «Ауыл» партиясының Ақмола облысы бойынша филиалының төрайымы Анар Аяпбергенова Зерендіде өткен менталдық арифметика бойынша республикалық турнирге қонақ ретінде шақырылды.
Жарысқа Қазақстанның барлық өңірлерінен әрқайсысы 5-тен 15 жасқа дейінгі 20 қатысушыдан тұратын 14 команда қатысты. Турнир аудандық мәдениет үйінде өтті, ал, балалар мен ата-аналарға арналған демалыс шаралары «Сұңқар» сауықтыру орталығында ұйымдастырылды.
Барлық қатысушылар мен ұйымдастырушыларды зияткерлік ойындардың ашылуымен құттықтай келе, Анар Сайлаубекқызы Зеренді жеріндегі ойынға әр жеткіншектің жақсы нәтижелерге жетуіне тілектестігін білдірді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаевтың атынан су тасқынына қарсы шараларға белсене қатысқан Көкшетау қаласының «Bilgir» ғылыми-зияткерлік студиясының негізін қалаушы Айнагүл Үстеміроваға Алғыс хат табыс етті.
–Ментальды арифметика – бұл тек санада, қағазды және калькуляторды қолданбай есептеудің арнайы әдісі. Турнирде балалар өз міндеттерін сәтті орындады. Көкшетау қаласының 22 қатысушының 20-сы әртүрлі номинация бойынша жеңімпаз атанды. Жалпы командалық есепте Айнагүл Үстемірованың жетекшілігімен «Bilgir» командасы жүлделі 3-орынға ие болды. Бұл ұстаздың орасан зор еңбегінің, балаларға және өз ісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесі. Тек облыстық білім басқармасының мұндай ауқымды іс-шараға назар аудармағаны өкінішті. Өйткені, бұл талантты балалар ертең басқа турнирлерде де аймақтың намысын қорғайтын болады. Осындай жақсы нәтижелерімен Көкшетау қаласының командасы 2-8 тамызда Бішкекте өтетін халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатыспақшы. Бұл үлкен жетістік, – деп ой бөлісті депутат Анар Аяпбергенова.
Ақмола облыстық мәслихатының баспасөз қызметі.