Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Көк туым тұрсын желбіреп мәңгі! - АРҚА АЖАРЫ

Көк туым тұрсын желбіреп мәңгі!

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Көкшетау қаласындағы Бұқпа тауының басындағы Ту тұғыр алаңында патриоттық акция ұйымдастырылып, Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов құттықтау сөз сөйледі. Сонымен бірге, елдің дамуы мен рухани құндылықтарды нығайтуға белсене атсалысып жүрген бір топ ақмолалықтар Алғыс хаттармен марапатталды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері осыдан 32 жыл бұрын 4 маусымда бекітілді. Бұл қасиетті де киелі нышандарымыз  ел егемендігінің берік негіздері. Туған жерге, елге деген құрмет мемлекеттік рәміздерімізді құрметтеу мен  ардақтаудан басталады. Көк Туымызды көк аспанда желбіретіп, асқақ үнді Әнұранымыздың шырқалуымен басталған патриоттық акцияға өңіріміздің зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты. Облыс орталығындағы арнаулы орта білім беру ұйымдарында оқып жүрген жастар еліміздің көк байрағын қолдарына ұстап, Әнұранды қосыла шырқады. Бұл ұйымдастырушылардың тарапынан өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиеге баулудың, туған елдің  мемлекеттік нышандарын ардақтауға жол көрсетудің бір жолы деп түсінеміз.

–Қасиетті нышандарымызда қазақ халқының мыңдаған жылдар бойғы арман-тілегі, мақсат-мұраты тоғысқан. Мемлекеттік рәміздеріміз халқымыз үшін қашанда елдік пен ерліктің символы саналады. Көк түріктер заманында бабаларымыз Бөрілі Байрақтың төңірегіне топтасқан болса, қазақ хандығының туы бүкіл ұлтты ұйыстырды, ел бірлігін бекемдеді. Ал, өткен ғасырда арыстарымыз: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз…» деп халыққа жігер берді. Көне дәуірден мирас болған осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, бүгінгі күнге жетті. Ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында ұлттық бірегейлігіміз мемлекеттік рәміздерде деп нышандарымызға ерекше көңіл бөлу керектігін айтты. Осы ретте, мемлекеттік рәміздерді қолдану тәртібі жөнінде халықпен, әсіресе, жастармен жан-жақты жұмыс жүргізуіміз керек. Мемлекеттік рәміздерімізді мазақ етіп, қорлауға ешқашан жол бермейміз. Бүгінгі салтанатты шараның тәрбиелік мәні өте зор деп ойлаймын. Қазақ елінің көгінде ұлы даланың айбынын асырған тәуелсіздік туы желбірей берсін, –дей келе, аймақ басшысы жиналған қауымды атаулы күнмен құттықтады.

Патриоттық акция барысында облыс әкімі қазақстандық патриотизм мен халықтар бірлігіне, еліміздің дамуы мен рухани құндылықтарымызды нығайтуға қосқан үлестері үшін бір топ азаматтарды Алғыс хаттарымен марапаттады. Олардың ішінде «Қазақстан Республикасы Қызыл ай қоғамы» қоғамдық бірлестігінің Ақмола облыстық филиалының төрағасы Асхат Уайысов, Ақмола облысы бойынша сот әкімшілігі департаменті қаржы бөлімінің бас маманы Гүлмира Оразбаева, Ақмола облысы прокуратурасының қоғамдық мүдделерді қорғау басқармасының аға прокуроры Мақсат Сұрағанов, шаңғы жарысы бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Анна Мельник, С.Сәдуақасов атындағы Көкшетау агротехникалық институты директорының ғылыми және тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Әйгерім Ақанова, Қазақстан Республикасының шаңғы жарысы бойынша жастар құрамасының мүшесі, 2024 жылы Кореяда өткен жасөспірімдер Олимпиадасына қатысқан, жылдың үздік спортшысы Әубәкір Тотанов  және тағы басқаралары бар. Салтанатты шара патриоттық рухтағы жігерлі әнмен аяқталды.

Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек ДАНИЯРОВ.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар