Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ:
Біздің алдымызда ШЫҰ әлеуетін толық пайдалану міндеті тұр. Ұйым қызметінің тиімділігін арттыру және әртүрлі саладағы көпжақты ынтымақтастықты дамыту барлық қатысушы мемлекеттің мүддесіне сай келеді.
(Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы отырысында сөйлеген сөзінен).
Арман ЖҮКЕНОВ,
Ақмола облыстық сотының төрағасы
2024 жылғы 23 мамырда Ташкент қаласында Шанхай Ынтымастық Ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Жоғарғы Соттары төрағаларының XIX кеңесі өтті. Осы мәртебелі жиында Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов сөз сөйледі.
Ұйым өңірдегі бейбітшілікті, тұрақтылықты, экономикалық және гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мақсатында 2001 жылы «Шанхай бестігі» тетігінің негізінде құрылған болатын. Қазіргі таңда ұйымдағы мемлекеттердің тұрғындары саны 3 миллиардтан асты. Бұл әлемдегі халық санының 50 пайызына жуық.
ШЫҰ-ы өңірлік және әлемдік мәселелерді талқылауда маңызды форумдардың бірі болып табылады. Өткізілген кеңесте тараптар сот төрелігінің өзекті мәселелерін, сондай-ақ, ШЫҰ-на мүше мемлекеттердің жоғары сот органдарының одан әрі өзара іс-қимылының перспективаларын талқылады.
Қазақстан тарапынан аталған іс-шараға Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев, Ақмола облыстық сотының төрағасы Арман Жүкенов, Сот әкімшілігінің басшысы Наиль Ахметзакиров қатысты. Кеңес қорытындысы бойынша бірлескен мәлімдеме қабылданды.
Жоғарғы Сот Төрағасы А.Мерғалиев кіріспе сөзінде отандық сот жүйесіндегі соңғы реформалар жайлы атап өтіп, осындай шаралардың сотаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін жақсартуға, сот реформаларын тереңдету үшін жағдайлар жасауға ықпалын тигізетіні туралы айтты. Н.Ахметзакиров сот процестерінде жаңа технологияларды қолдана отырып, сот төрелігін цифрландырудың келешегі тақырыбында сөз алды. Өз кезегінде мен болашақта елімізде әкімшілік әділет шеңберіндегі орын алатын өзгерістер туралы, сондай-ақ, ұсыныстар жайында тоқталып өттім.
Қазақстанда әкімшілік әділет күшіне енгеніне 3 жыл болды. Оның басты міндеті соттың жария билік органдарының іс-әрекеттерін бақылау, олардың заңдылығын тексеру, азаматтар мен бизнестің бұзылған құқықтарын уақтылы қалпына келтіру болып табылады. Бұл реформаның қысқа мерзім ішінде қоғамның жария-құқықтық дауларды қабылдауын түпкілікті өзгерткенін барлығы мойындап отыр.
2023 жылы елімізде шешімдердің 61 пайызы азаматтардың пайдасына шығарылды. Ал әкімшілік рәсімдік-процестік кодекске (ӘРПК) дейін олар тек 15 пайыз жағдайда ғана жеңіп шығатын.
Бүгінгі күні әкімшілік әділет саласын одан әрі кеңейту бойынша әзірленген заң жобасын біз қолдаймыз. Қазіргі таңда заң жобасы Парламенттің қарауында. Заң жобасының негізгі ережелеріне тоқталып өтсем.
БІРІНШІ. Жария-құқықтық даулардың жекелеген санаттарын Азаматтық процестік кодекстен (АПК) ӘРПК-ға ауыстыру.
Бүгінде жекелеген жария даулар АПК ережелері бойынша қаралады. (39-тарау. Психикалық медициналық көмек көрсету үшін стационарға мәжбүрлеп жатқызу бойынша іс жүргізу; 45-тарау. Нотариаттық әрекеттерге немесе оларды жасаудан бас тартуға берілетін шағымдар бойынша іс жүргізу; 49-тарау. Шетелдікті немесе азаматтығы жоқ адамды заңнаманы бұзғаны үшін республиканың шегінен тыс шығару туралы іс жүргізу; 30-тарау. Нормативті- құқықтық актінің заңдылығын даулау туралы істер бойынша іс жүргізу).
Осы санаттарда жария-құқықтық қатынастардың белгілері бар және олар процестік ерекшеліктермен қаралуға тиіс. Істердің осы санаттарын АПК-дан ӘРПК-ға ауыстыру азаматтардың, бизнес және мемлекеттік аппарат өкілдерінің «позицияларын» әкімшілік әділет рухында теңестіруге мүмкіндік береді.
ЕКІНШІ: заң жобасын талқылау аясында депутаттармен азаматтарды мемлекеттік қызметке қабылдау, оны өту және жұмыстан босатумен байланысты істерді ӘРПК соттылығына ауыстыру туралы түзетулер ұсынылды.
Аталған құқықтық қатынастар субъектілері – жария құқық субъектілері – мемлекеттік орган мен мемлекеттік қызметші (арнайы статусы бар азамат) болып табылады. Олардың екеуі жария құқықтық қатынастарға түседі.
Бұл Германия, Латвия, Литва, Франция сияқты тағы басқа европалық елдердің тәжірибелеріне сәйкес келеді. Осы істерді әкімшілік әділет саласына ауыстыру мемлекеттік қызметшілердің құқықтарын тиімді қорғауды қамтамасыз ететіні анық. Бұған қоса, бізде талап қоюлардың саны тұрақты өсуде. Жылдық өсімі 8 пайызды құрады. Бұл, әрине 20 миллион халық үшін көп. Осындай болжамдар істерді қарау мерзімдерінің ұлғаюына немесе судьялардың штат санын қайта қарау қажеттілігіне әкеп соғатыны сөзсіз. Бірақ, осындай іс-әрекеттер қоғам тарапынан қолдау және түсінушілік таппайды. Сондықтан, біздің тарапымыздан келесі механизмдер ұсынылады.
Мемлекеттік органдар арасында, мемлекеттік органдар мен мемлекеттік ұйымдар арасында заң нормаларын түсіндіру бойынша дауларды шешу өкілеттіктерін Үкіметке бекіту («Үкіметтік арбитраж»).
Мемлекет басшысы Үкіметке осындай дауларды шешу бойынша өкілеттік бекіту қажеттілігі жөнінде атап өтті. Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың бір-бірімен соттасып жатқан мыңдаған істері мемлекеттік аппараттың өз жұмысының тиімділігіне күмән келтіреді. Шет елдердің тәжірибесінде осы тәрізді ведомствалық дауларды атқарушы органдардың өздері шешеді. Бізбен осындай халықаралық тәжірибені енгізу ұсынылды.
Мысалы, егер бір мемлекеттік орган басқа мемлекеттік органның шешімімен келіспесе, жоғары тұрған мемлекеттік органға арызбен жүгінуге құқылы және сәйкесінше жоғары тұрған мемлекеттік органның шешімімен келіспеген жағдайда, Үкіметке жүгінуге құқылы.
Бұл механизм мемлекеттік органдар, мемлекеттік мекемелер, квазимемлекеттік сектордың субъектілері арасындағы дауларды сотсыз, жедел шешуге мүмкіндік береді деп есептейміз.
Біздің бастамамен бүгінгі күні нақты әрбір мемлекеттік органға қарсы қанша талап қою берілгені және қанша іс бойынша жеңілгені жөнінде мемлекеттік органдар жұмысының жаңа индикаторын бағалауға енгізу сұрағы пысықталуда. Бұл – мемлекеттік органның жұмыс істеу сапасының маңызды көрсеткіші. Осының барлығы орталық және жергілікті атқарушы органдардағы жұмысты жақсартуға және әдістерді қайта ойластыруға әкеледі деп үміттенеміз.
Тыңдау рәсімін жүргізу тәртібін және әкімшілік рәсімдер туралы жекелеген заң нормаларын түзетуге бағытталған басқа өзгерістерді жетілдіру.
Сұрақтардың басым бөлігінің сотқа дейінгі кезеңде шешілуі тиімді әкімшілік әділет кепілі болып табылады. Сотқа жүгінгенге дейін кез келген азамат қабылданған шешімге қарсылық білдіруге құқылы. Мемлекеттік орган осындай тұлғаға пікірін білдіру мүмкіндігін беруі тиіс, сол үшін жеке тыңдау жүргізіледі. Осы рәсім барысында жаңа мән-жайлар да, жаңа дәлелдемелер де қабылдануы мүмкін. Егер азамат үшін қорытынды теріс болған жағдайда ғана, ол сотқа жүгінуге құқылы болады.
ӘРПК қолданысқа енген күннен бастап әкімшілік органдар сотқа дейін шағым жасау тәртібі бөлігінде әлі де ұқсас қателер жібереді, олар Кодекс аясында қараудың «жалпы» тәртібін түсінбеушіліктен туындайды. Әкімшілік әділетте қарау үшін шағым берілуі мүмкін болатын жоғары тұрған органды немесе лауазымды тұлғаны, сондай-ақ, арыз беру және әкімшілік актіні даулау тәртібі мүмкін болатын мерзімді міндетті түрде көрсету ұсынылады.
Мұндай түсіндірулердің болмауын, шығарылған әкімшілік актінің күшін жоюға әкеп соғатын өрескел рәсімдік бұзушылыққа жатқызуға болады. Осындай түсіндірудің мақсаты – адресатқа ықтимал құқықтық қорғау құралдары туралы ақпарат беру және оны өз құқығын дұрыс қолдануға мүмкіндік беретін шағым жасау мерзімдері мен ұқсас шаралар туралы ескерту болып табылады.
Келесі айта кететін жайт, әкімшілік істер бойынша эксаумақтық соттылықты енгізу ұсынылды. Бұл әкімшілік соттардың тәуелсіздігі мен бейтараптығының кепілдігін қамтамасыз ету үшін қажет.
Қазіргі кезде 90 пайыздан астам дауларды шешуде онлайн платформаны қолданамыз. Бұл өзін дәлелдеген институт. Біздің ұлттық сот жүйесінде сәйкесінше техникалық мүмкіндіктер бар. Алдыңғы жылдары істерді электронды форматта қарау бойынша мол тәжірибе жинақтадық.
Әкімшілік дауларда талап қоюшы бастапқыдан жауапкерге қарағанда әлсіздеу, сондықтан, эксаумақтық соттылықты талап қоюшының таңдауы бойынша ұсынылды.
Бұл процеске қатысушылардың сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріндегі бейімділігін, жергілікті соттың бейтараптығына күмәндануын жояды, нәтижесінде сот төрелігіне деген сенімнің артуына ықпал ететін болады.
Сөзімнің соңында, барлық реформалардың түпкілікті мақсаты азаматтардың құқығын адал және қолжетімді төрелікке жеткізу болып табылатынын атап айтқым келеді. Осы шаралардың барлығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» концепциясын сапалы жүзеге асыруға бағытталған.
Қазақстандағы әкімшілік әділет институты салыстырмалы түрде жас болса да, ол азаматтардың, бизнестің құқық үстемдігіне деген көзқарасын бүгінгі таңда өзгертуде.