«Қаллеки» театры – Көкшетауда

Көркем табиғатымен көп көңілінен орын алған көрікті Көкше өңірінің даласы өнердің де құтты мекені. Соған сай, құшағы кең, дала көңіл халқы да «өнер десе, ішкен асын жерге қоятын» байырғы қазақтың дәстүрін үзбей келеді. Түбі бір текті бабамыздың өнер алмасып, бірінікін бірі толықтырып, рухани байланыста болуы үзілмей жеткен бүгінгі мәдениетімізден де көрінуде. Осы орайда, маусым айының 23-і күні өңірімізге өз өнерлерінкөрсету мен мәдени сабақтастықты жалғастыру мақсатында елордалық Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театры гастрольдік сапармен келіп, репертуарлық қойылымдарын ұсынады. Біз өз тарапымыздан мән-жайды білу үшін аталмыш өнер ордасының директоры Ербол Жақсыгелдіұлымен сұхбаттасқан едік.

–Әуелі, Көкшетауға келудегі мақсаттарыңыз? Жалпы, сапар туралы айтып кетсеңіз?

–Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының «Qalleki» театр лабораториясы Көкшетау қаласына алғаш рет гастрольдік сапармен келмек. Бұл сапардың басты мақсаты – театр қабырғасынан тұңғыш рет 2020 жылы ашылған «QALLEKI театр-лабораториясының» жұмысын республика деңгейінде насихаттау болып табылады. Құрылған лабораторияның көздегені, шығармашыл жандар үшін байланыс ортасын құру және өнерге өзгеше көзқарас жасап, тың дүниелерді сахналау. Және де, қазақ театр өнерін дамыту, көрерменге нағыз өнерді жеткізу. «Қаллеки» театры әртүрлі отандық және шетелдік конкурстар мен фестивальдардың жеңімпазы. Сол себептен де театр тынысын Көкшеліктерге жаңа қырынан таныту мақсатында осы гастрольдік сапарды жоспарладық.

–«Ұйқым келмейді» қойылымын таңдаудағы мән? Өзгеше қыры барма?

– Оралхан Бөкей шығармашылығындағы шоқтығы биік туындының бірі «Ұйқым келмейді». Аталмыш шығармамен 2020 жылы «QALLEKI театр-лабораториясының» шымылдығы ашылды. Оралхан Бөкейдің «Ұйқым келмейді» туындысы негізінде сахналанған спектакльдің режиссері Бәзіл Сұлтанғазы. Хореограф – Сағыныш Нұрхайдарова. Лейтмотив авторлары – Әнуар Бектас, Қобыланды Болат. Қойылымның шығармашылық құрамы театрдың жас әртістерінен құралған. Жастар үнінде тіл қатқан жазушы шығармасы сахналық көркем тілде кестеленумен қатар, көрерменін бүгінгі күннің өзекті мәселелеріне де көңіл аудартады.

Театрдың өткені мен бүгіні, ертеңі туралы не айтасыз? Жұртшылыққа ұсынатын қандай тың жаңалықтарыңыз бар?

Тәуелсіздікпен төлқұрдас «Қаллеки» театры өзінің 33 жылдық тарихында халықаралық, республикалық, қалалық деңгейдегі бірнеше Гран-при жүлдесін иеленген шығармашылық ұжымның бірегейі. Аға және орта, жас буыннан тұратын қазақ театр өнерінің хас шеберлері мен таланттары қызмет жасайтын ұжым бүгінгі күнге дейін жоғары кәсіби шеберліктерімен отандық театрлар арасынан оза шауып жүрген труппа.Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының репертуары көнеден келе жатқан классикалық өнер туындыларын заманға сай жаңартып, ұлттық және әлемдік драматургиямен толықтырып келеді. Мәселен, М.Әуезовтің «Абай», «Айман-Шолпан», Ш.Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн», «Қызыл орамалды шынарым», С.Тұрғынбекұлының «Шәмші», А.Дударевтің «Кеш», Дж.Патриктің «Қымбатты Памела», И.Штраустың «Жұбайлар жұмбағы», Э.Хушвақтовтың «Қызыл алма», Ш.Мұртазаның «Бір кем дүние», А.Вальехоның «Күн сәулесі түспеген», А.Чеховтің «Шие», У.Шекспирдің «Отелло», Г.Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн», И.Кальманның «Кабаре жұлдызы», Р.Кунидің «Туған күн», Ұ.Есдәулеттің «Зере»,  Т.Әсемқұловтың «Құнанбай», Р.Мұқанованың «Бопай ханым», О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді», М.Сервантестің «Дон Кихот», Х.Алтай, Х.Оралтайдың «Алтайдан ауған ел», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» спектакльдері Елорданың мәдени өміріне нәр беруде. Елімізде және шет елдерде өткен бірнеше театр фестивалдерінде биік белестерді бағындырған ұжымның алға қойған бағыт-бағдары айқын. Ол – қазақтың театр өнерін өркендету, сөйтіп, кешегі мен бүгінгі өмір арасын өнердің биік шыңы арқылы шынайы көрсету.

2020 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен, қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен елорданың асқақ сәулетіне сән берер жаңа театр ғимараты бой көтерді. Бүгінгі таңда театрдың шығармашылық ұжымында режиссерлер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Б.Ұзақов, Н.Жұманиязов қызмет етеді. Репертуардағы музыкалық қойылымдар театрдың симфониялық оркестрі және халық аспаптар ансамблінің сүйемелдеуімен өтеді. Сонымен қатар, көрермен назарына театрдың симфониялық оркестрінің «Әлемдік хиттер», «Тыңда», «Симфо-хит», тағы басқа концерттері және халық аспаптар ансамблінің «Рухты ел», «Күй – керуен, ән – әлем» сынды концерттері ұсынылады. Симфониялық оркестрдің бас дирижері – Мәдениет саласының үздігі Е.Бейсембаев. Халық аспаптар ансамблінің дирижері – Мәдениет саласының үздігі М.Мырзақұлова. Оркестрдің құрамында талантты музыканттар, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары бар.

–Театрларыңызға жаңадан көркемдік жетекші келіп жатыр екен? Сол туралы сөз өрбітсеңіз?

2024 жылдың 18 сәуірінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның келісімімен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының, «Еңлікгүл» кәсіби театр сыйлығының лауреаты, «Сахнагер-2019» Ұлттық театр сыйлығының «Үздік режиссер» номинациясының жеңімпазы Гүлсина Мерғалиева театрымыздың көркемдік жетекшісі қызметіне тағайындалды. Гүлсина Бақытжанқызы бұған дейін Маңғыстау облыстық музыкалық драма театрына көркемдік жетекші әрі бас режиссер қызметін, 2022 жылдың 28 қаңтар айынан бастап 2024 жылдың 10 сәуіріне дейін директорлық қызметін атқарған. Гүлсина Бақытжанқызы қазақ театр өнерінің даму жолында өзіндік қолтаңбасы бар бірегей режиссер. «Қаллеки» театрының шығармашылық тынысын жаңа қырынан ашады деген зор үмітіміз бар. Қазіргі таңда М.Әуезовтің «Қарагөз» туындысының премьерасы бойынша тер төгуде.

– Репертуарларыңызға тыңнан қосылған қойылымдар?

–«Қаллеки» театры репертуарлық театр ретінде жылына кем дегенде 6-7 жаңа спектакльдерді сахналайды. 2024 жылдың премьералары – Э.Филиппоның «Әйел құпиясы» және  Г.Бюхнердің «Войцек» қалың көрермен назарына ұсынылды.

Көрерменнің сұранысы қай жанрларға көбірек ауады? Мысалы, комедия, трагедия, тарихи, романтикадегендей...

–Театрдың көрермені әр санатта болғандықтан, біздер барлық жанрдағы қойылымдарды сахналауға жоспар құрамыз. Десе де, басым көп көрермен үшін комедиялық қойылымдарға сұраныс артып тұрады.

–Қазіргі уақытта театрға жастар көптеп барып жатады. Сіздерде көрерменнің жас ерекшелігі қалай?

– Біздің театр үшін соңғы 5 жылдықта көрермен саны жылдан-жылға ұлғайып, кей спектакльдер мен премьерада билет жетпейтін кездер болады. Бізде көрермендер әртүрлі санатта. Мектеп оқушыларынан бастап, студенттер,  жастар, орта жас және зейнет жасындағы көремендер болып табылады.

–«Қаллеки» театрының өзге театрлардан ерекшелігі? 

– Театрымыз үшін басты жаңалық жаңа ғимаратқа көшуі, шығармашылықтың кең қанат жайып қалықтауына серпін беріп жатыр.  2023 жылдың 22 маусым күні театрымызға Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың келіп, «Жошы Хан» спектаклін тамашалуы, ұжымға ұлттық мәртебеберілгені туралы сүйінші хабары, театрымызға автобус сыйлауы үлкен жетістік деп білеміз. Сондай-ақ, 2023 жылы Бішкекте өткен  «Арт-Орда»халықаралық театр фестивалінде «Баян Сұлу-Қозы Көрпеш» спектаклімен Гран-При алуымызда театрымыздың шығармашылық жетістігі. Алда ұжыммен түрлі халықаралық, республикалық, қалалық фестивальдерде бақ сынаймыз. «Қаллеки» театры өзінің 33 жылдық тарихында тек елорда жұртшылығына ғана емес, алыс-жақын шет елге де кеңінен танымалаталған ұжым кезіндеЕлордадан алғаш рет қазақ театрын ашқан көрнекті режиссер Ж.Омарұлының ерен ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында өмірге келді. Жер-жерлерден мамандар шақырып, үлкенді-кішілі актерлердің басын қосуда Жақып Омарұлының атқарған еңбегі өлшеусіз болды.

Айта кетейік, Көкшетау қаласында белгіленген күні сағат 16:00-де театр сүйер қауымның назарына ақиық жазушы О.Бөкейдің «Ұйқым келмейді» драмасы ұсынылса, кешкі 19:00 сағатта «Кешкі -7» спектакль-концерті ұсынылады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар