«Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды». Мемлекет басшысы Қасым—Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлытауда өткізілген алғашқы құрылтай отырысында осылай деген болатын.
Ел Президенті өткен Ұлттық құрылтайларда айтып өткеніндей, өткен ғасырлардағы құрылтайлар тарих беттерін өзгертумен қатар, өз нәтижесін берген. Егемендіктің алғашқы жылдарындағы Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайында шеттегі қандастар Атамекенге шақырылып, ұлы көш басталған еді. Міне, соңғы екі жылда үш рет құрылтай өткізілді. Талай мәселе талқыланып, жоғымызды, кемшілігімізді ортаға салдық. Бүлінгенімізді бүтіндеуге, жетпейтінімізді арттыруға тырыстық. Халықты береке мен бірлікке ұйыстыратын жаңа бағыт қалыптастырдық дедік. Сонымыздан нәтиже шықты ма? Барлығы шешіліп, оңына келді ме? Келіп жатыр ма? Оны дөп басып айта алмаспыз. Бір білетініміз, әліде уақыт керек.
Қош, сонымен Атыраудағы жиында Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын өткізу құзыретін Ақмола облысына бұйыртты. Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен«Қазақстандық қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасымен бірлесіп, Ұлттық құрылтайдың келесі отырысын ұйымдастырып, өткізу жөнінде ұсыныс енгізуге арналған аймақтық жиын өткізді. Аталған іс-шара аясында құрылтайда қаралуға тиісті республикалық-өңірлік мәселелер, әлеуметтік-экономикалық жағдай, ұлттық идеология, өнер-білім, мәдениет, тарих қатарлы өзекті тақырыптар ортаға салынды.
– Бүгін Көкшетау қаласында жергілікті зиялы қауым, сарапшылар, жалпы қоғам белсенділерімен құрылтайды өткізудің мән-жайын талқылауға келіп отырмыз. Өткен жиындарды қарайтын болсақ, жалпы елімізде ортақ құндылықтарды қалыптастыру және мәдени-гуманитарлық, идеологиялық даму жолдарын анықтау мәселесі айтылып келе жатыр. Осы жолыда өңірдің ең өзекті деген мәселесі талқыға шығады.Ең алдымен сарапшылармен өңірдегі туризмнен бастап ауылдағы әлеуметтік мәселеге дейін, тарихи-археологиялық кешендердің әлеуетін ашу, жұмыспен қамту, жастардың креативті индустрияға деген үлесі, білім мен медицина сияқты салалардағы мәселелердің барлығын біз тереңнен қаузап, нақты ұсыныстарды жинақтап, тиісті министрлікке тапсырамыз. Ол жерде құрылтайдың ұйымдастыру тетігімен айналысатын арнайы хатшылық бар.Бұл осы жиындардың бастамасы деп айтуға болады, – деді жиынның модераторы, «Қазақстанның қоғамдық даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы басқарма төрағасының орынбасары Олжас Бейсенбаев.
Сондай-ақ, онлайн платформада қатысқан Ұлттық құрылтай мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісінің депутаты Жұлдыз Сүлейменова былай деді: «Ұлттық құрылтай – ұлттық идеологиялық мәселені шешудің консультативтік кеңесші органы екенін атап өтуіміз қажет. Құрылтайда көтерілген кез-келген мәселе заңнамалық бастама ретінде тиісті заңдардың қабылданып жатқандығына ерекше тоқталып өткім келеді. Ақмола облысында жоспарланып отырған Ұлттық құрылтайда әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық мәселелер де өзінің шешімін табуы қажет барлық сұрақтардың нақты бір жақсы талқысы болатындығына, сарапшылардың терең зерттеулер негізінде ұсынған ұсыныстарының шешім табатындығына сенім білдіргім келеді». Оның сөзінше, тек білім саласында ауыр жұмыс істейтін 221 мың еңбек адамы бар. Солардың жалақысын өсіру немесе сауықтыру төлемдерін қарастыруға байланысты ұсыныстар ҚазақстанРеспубликасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеноваға жолданғаны, бұл мәселенің жоспарланған құрылтайда да қаралатыны белгілі болды.
Сонымен бірге, кезекті ұсынысты қоғам және мемлекет қайраткері, облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі Жабал Ерғалиев ортаға салып, «Еліміздің туризм әлеуетін арттыруда елеулі орын алатын Бурабайдың табиғатын, тарихын сақтап қалу мәселесіне ерекше көңіл бөлу керек», – деді. Бұлда ел Президентінің баса назар аударған мәселесі болатын-ды. Және де Жабал Ерғалиұлы алдағы уақыттағы Ұлттық құрылтай жұмысына өңірде ақпараттық сүйемелдеу көрсету үшіноблыстық газеттерде «Көкшетау-Құрылтай-2025» айдары іске қосылатынын айтып жеткізді. Ал, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Жандәулет Қылышбаев құрылтайды өткізу бойынша үйлестіру жұмыстарының басталғанын, арнайы жоспар құрылып, аймақ басшысы Марат Ахметжановтың қолымен бекітіліп, кейін азаматтық қоғам мен жергілікті атқарушы органдарға арнайы тапсырмалар берілетінін айтып өтті. Әрмен қарай, өз ұсыныстарын ортаға салған бірқатар сарапшылар ұлттық идеология, болмыс, тарих және мемлекеттік тіл мен білім саласындағы кейбір олқылықтарды ортаға салды.
– Біздің халқымыздың саяси-интеллектуалдық деңгейі төмендеп кетті. Енді соны қалай көтереміз? Осы мәселемен айналысу керек. Мынау, Арқадағы төрт облыс әліде болса бейшара кейіпте жүрміз. Біздегі 20 ғасырдан қалып қойған құлдық сана, біздегі үрей енді ұрпағымызда тұр. Ең негізгісі, ТМД елдері арасында мемлекеттік тіл туралы заңы жоқ біз ғана қалдық. Мемлекеттік тіл болмаса, қырық құрылтай өткізсекте, қоғамды дамыта алмаймыз. Ұлттық құрылтайда осы мәселе айтылуы керек және бәрімізде сонымен айналысуымыз қажет, – деді өз сөзінде Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары қазақ педагогикалық колледжінің директоры Нұртас Ахат. Бұл ретте, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті, тарих ғылымдарының кандидаты Марат Өтегенов, «Елімізде этникалық құндылықтардан жоғары тұратын ұлттық мемлекеттік құндылық болуы керек», – дегенді алға тартты. «Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, бұл процесті көптеген мемлекеттер бастан өткізген. Осы ұлттық мемлекеттік құндылықтар еліміздің негізгі идеологиясына айналуы керек. Әрбір елдің ұлттық саясаты болды. Мәселен, кеңес заманында орыс тілінде сөйлейтін совет азаматын қалыптастыру жүрді. Мысалы, Францияда француздармыз дейді. Бізде алдағы кезеңде сондай іс-шараны өткізу керекпіз. Сондықтан, осы елде еңбек етіп, қоғамның бір бөлігі болып келетін этностар ұлттық мемлекеттік құндылықтардың ықпалында даму керек. Бұл, өз алдына тіл мен тарихи, саяси маңызы бар мәселелерді бірге шешеді, – деді ол. Айтылған ұсыныста Мемлекет басшысының «бір текті ұлт құрылысын қалыптастыру» идеясымен үндесіп жатыр. Ал, білім саласындағы олқылықтар тіл мәселесіне тірелуде. Қазіргі таңда, аралас мектеп көп.Оған қоса, шет тілдерді оқыту ана тілімізбен бірге басталады. Яғни, мектеп қабырғасынан бастап, жоғары оқу орнында да қатар жүреді. Алайда, нәтижесі сорақы. Білім бағдарламасының талабы бойынша 3 тілді меңгеруге тиісті оқушы не ана тілі, не ағылшын тілін толық меңгермей, орыс тілді болып қатарға қосылуда. Міне, сондықтанда өскелең ұрпақтың білім деңгейін арттыру үшін мектеп бағдарламасын қайта қарау керек деген ұсынысқа барлығы келісуде.
Қазақстанды ауылсыз елестету мүмкін емес. Өкініштісі, төрт бағытпен кеңістікті жалғап жатқан дархан даланың қаншама жері бос қалды, неше сан ауыл жойылып, мектебі жабылды. Бүгінде халі мүшкіл, әупірімдеп күн көріп отырған ауылдар өте көп. Облыста өтетін Ұлттық құрылтайда таразыға салынып, талқыланатын өзекті тақырыптың бірі осы болса игі. Бұл бір өңір емес, күллі Қазақстан аумағын қамтитын ауқымды мәселе. Қорыта айтсақ, өткізілген жиын Мемлекеттік саясатты іске асырудағы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым тілге тиек етіп, назарына алып келе жатқан әлеуметтік-экономикалық, идеологиялық бағыттағы олқылықтар мен кемшіліктерді, көп көңілінде жүрген сұрақтарды ортаға салды. Шара соңында модератор Олжас Түсінбекұлы айтып жеткізгеніндей, барлық ұсыныстар қағазға түсіріліп, зерттеліп, зерделенетін болады. Лайым соған жазып, тиісті нәтижесіне қол жеткізілсін.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.