Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың және Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты төрағасының орынбасары Жақып Асановтың қатысуымен және сөз сөйлеуімен Көкшетауда «MIND» Үдеткіштері командаларының Ақмола облысының активімен кездесуі өтті. Бұл шара Қазақстандағы БҰҰ Даму Бағдарламасының (БҰҰДБ), Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Қоғамдық жобалық кеңсесінің және Maqsut Narikbayev University-нің қолдауымен ұйымдастырылды.
Іс-шараға түрлі топтар мен ұйымдар, атап айтқанда,Ақмола облысы әкімдігінің басшылығы, Сенат депутаттары, фасилитаторлар тобы, БҰҰДБ басшылығы мен сарапшылары, қалалар мен аудандардың әкімдері, тұрақты даму мақсаттар жөніндегі командалар және мәслихат төрағалары, салалық басқармалардың басшылары, мүдделі тараптардың өкілдері, өңірдің үкіметтік емес ұйымдары, даму институттары, екінші деңгейдегі банктер мен бизнес өкілдері қатысты.
Іс-шараның басты мақсаты «MIND» Үдеткіштері командаларының жобалық бастамаларын бизнес, мемлекеттік басқару өкілдері және жергілікті қоғамдастықпен талқылау болды. Аталмыш кездесу әртүрлі мүдделі тараптар арасындағы диалогты нығайтуға және жергілікті қоғамдастықтың тұрақты даму жобаларын іске асыру үдерісіне тереңірек кірігуіне ықпал етуі тиіс.
Сенат Төрағасының орынбасары Жақып Асанов өз сөзінде Сенаттың Қоғамдық жобалық кеңсесінің қызметі аясында MNU жанындағы ОДМ үдеткіші құрылғанын атап өте келіп, ол кем дегенде екі негізгі міндетті шешетін экожүйе екендігіне тоқталды.
–Біріншісі, белгілі бір мақсатпен біріккен адамдардың тобын осы іске тарту керек. Онда олар өздерінің талдау, интеллектуалды және ұйымдастырушылық қабілеттерін көрсете алады. Екіншісі, олардың ең жақсы идеяларын мемлекеттік шешімдердің дайын жобасына айналдыру. Негізінде, үдеткіш – бұл төменгі жақтың бастамаларының жоғарғы жаққа естілуімен тыңдалуы, оларды жүзеге асыруға көмектесу мүмкіндігі. Қазір оның күмбезінің астында 10 ОДМ командасы жұмыс істейді, оған ғалымдар, еріктілер, халықаралық және мемлекеттік ұйымдардың өкілдері тартылды, – деді бұл ретте, Жақып Асанов.
Іс-шараның маңызды сәттері – өңірдегі өмірдің әртүрлі аспектілерін жақсартуға бағытталған, денсаулық сақтау, білім беру, экономикалық даму және экологиялық бастамаларды қоса алғанда, ағымдағы жобаларды таныстыру болды. Экономикалық қиындықтар, экологиялық мәселелер және әлеуметтік сын-қатерлер сияқты өзекті тақырыптар талқыланды. Қатысушылар талқыланған мәселелердің ықтимал шешімдерін және әртүрлі мүдделі тараптар арасындағы ынтымақтастықтың болашағын ұсынды. Сондай-ақ, Ақмола облысында тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін қолдануға болатын инновациялық тәсілдер мен технологиялар таныстырылды.
–Ақмола облысының мысалында еріктілер еліміздің барлық өңірлеріне тән күрделі мәселелерді талқылады. Нәтижесінде қатысушылар заңнаманың тиімділігін арттыруға және болашақта қоғам өмірін жақсартуға бағытталған жұмыс жобаларын ұсынды, – деп атап өтті өз сөзінде өңір басшысы Марат Ахметжанов.
Көкшетауда 120 еріктіден құралған 8 команда өз жобалары мен аралық нәтижелерін таныстыружәне орнықты даму мақсаттарына жетуге қандай нақты шаралар ұсынатындарын айту үшін жиналды. Командалар әкімдіктің салалық құрылымдарымен және аумақтық мемлекеттік органдармен бірге идеялар мен ұсыныстарды талқылады, сондай-ақ, бірлескен жұмыс жоспарын белгіледі.
Кездесу барлық қатысушыларға жобалармен танысуға, пікір алмасуға және өңірлік бағдарламалар мен бастамаларды жақсарту үшін ұсыныстар енгізуге бірегей мүмкіндік берді. Жаңа байланыстар орнату әрі бірлесіп жұмыс істеу үшін жаңа жоспарлар белгіленді.
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Айбек Данияров.