Есімі әйгілі әншімен аттас келіншек 3 шілде күні Ақмола облыстық көпбейінді ауруханасының перинаталды орталығында бір ұл мен екі қызды дүниеге әкелді. Бұл биылғы жылда Ақмола облысында дүниеге келген алғашқы үшем.
Көп балалы ана Мақпал Жүнісова күйеуі және үш баласымен Зеренді ауданының Гранитное ауылында тұрады екен. Енді олардың отбасы тағы үш баламен толықты. Дәрігерлер анасы мен сәбилердің жағдайын жақсы деп жеткізді.
–Қазіргі уақытта олардың жағдайы қанағаттанарлық. Ана мен сәбилер қазір арнайы бөлмеде тынығып жатыр. Медициналық персонал жаңа туған нәрестелерді күтуге және емізуге көмек көрсетуде. Операция штаттық режимде жүргізілді, балалардың денсаулығы жақсы, аналарымен де бәрі ойдағыдай. Операция 41 минутқа созылды, ешқандай ауытқу жоқ. Әйелдің жағдайы қанағаттанарлық. Барлық параметрлері қалыпты, – дейді көпсалалы облыстық аурухананың перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Ангелина Корнилова.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.