Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева, «Kazakh Invest» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Ержан Елекеев, «KAZENERGY» бас директоры Әлібек Қуантыров, Қазақстандағы Мажарстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Отто Иван Рона, сондай-ақ, Мажарстан мен Қытайдан келген компаниялардың өкілдері мен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысқан жиында осы орталық арқылы инвесторларға жоба идеясынан бастап, оның іске асырылуына дейін қолдау көрсетілетіні айтылды.
Бүгінгі таңда пилоттық режимде Орталық алаңында 23 кездесу ұйымдастырылып, оның 13-і шетелдік инвесторлардың қатысуымен өткізілген.
– «Aqmola INVEST» құру Ақмола облысының экономикалық әлеуетін нығайту жолындағы маңызды қадам болады. Инвесторлармен өзара іс-қимыл және Мемлекеттік қызметтерді алу «Бір терезе» қағидаты бойынша жүзеге асырылады. Бұл өңірдің қолайлы инвестициялық имиджін одан әрі қалыптастыруға мүмкіндік береді, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.
Сондай-ақ, Орталық алаңында ынтымақтастық және жалпы сомасы 76 миллиард теңгеге инвестициялық жобаларды іске асыру туралы бірқатар келісімдерге қол қойылды. Осылайша, венгриялық globalia LTD компаниясы Аршалы ауданында көміртекті егіншілік негізінде ауыл шаруашылығы технологиялық паркін құруға ниет білдіріп отыр. Ақмола облысында ҚТҚ өңдеу зауыттарының құрылысына қытайлық «Beijing Ruiheyuan Construction Engineering Co.Ltd.» компаниясы инвестиция бағыттамақшы.
Бұл инвестициялық жобаларды іске асыру қосымша жұмыс орындарын ашуға және облыс бюджетін айтарлықтай толықтыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Аршалы ауданында республикалық маңызы бар «Aqmola» индустриялық аймағы құрылды, ол озық өндірістік алаңға айналады деп күтілуде. ZhasTol-Stroy кәсіпорны автоклавты газдалған бетон шығаратын зауыт салуды жоспарлап отыр.
Бұдан бөлек, Орталықтың ашылу рәсімінде «KAZENERGY» мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қазақстандық қауымдастығы Ақмола облысының әкімдігімен орнықты даму саласындағы ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.