Кеше облыс әкімі Марат Ахметжанов Парижде өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған ақмолалықтармен кездесіп, байрақты бәсекеден жеңіспен оралуларынатілектестігін білдіріп, спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына ақшалай сертификаттар табыс етті.
Төрт жылда бір рет бес құрлықтың спортшыларының басын қосатын жазғы Олимпиада ойындарының басталуына да екі аптадай уақыт қалды. Биыл Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарына Ақмола облысыныңбес спортшысы 6 лицензия ұтып алды. Бұл облыс тарихында алғаш рет орын алып отырған айтулы оқиға. Сонымен, биылғы жазғы Олимпиадада бокстан Карина Ибрагимова, велоспорттан Андрей Чугай, паралимпиада ойындары бойынша парапауэрлифтингтен Давид Дегтяров, пара оқ атудан Еркін Ғаббасов, пара жүзуден Әмір Мұратбеков сынды спорт шеберлері ел намысын қорғайды.
–Облыс спортшыларының 6 лицензия ұтып алғаны өте қуанышты жағдай. Сіздереліміздің мақтанышысыздар. Өскелең ұрпақ арасында салауатты өмір салтын насихаттауға қосып жатқан өлшеусіз үлестеріңізге алғыс білдіреміз. Еліміздің көк байрағын желбіретіп, биіктен көрінесіздер деген ойдамын. Сіздерге барша ақмолалықтар атынансенім артып, сәттілік тілеймін, – дей келе аймақ басшысы облыста аталған саланы дамыту бағытында атқарылғанжұмыстарға тоқталып, олимпиадалық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп жатқанын тілге тиек етті.
–Біз облысымызда осындай мықты команда барын мақтан тұтамыз. Ел намысын қорғау – жауапты да абыройлы парыз. Сіздердің жеңіп алған лицензияларыңыз өздеріңіз бен жаттықтырушыларыңыздың еселі еңбегінің жемісі, – деді Марат Ахметжанов.
Дүбірлі додада еліміздің намысын қорғайтын спортшыларға үлкен сенім артып, ақжолтай тілегін жеткізген облыс әкімі оларға және олардың жаттықтырушыларына ақшалай сертификаттар табыс етті. Спортшылардың әрқайсысына 2 миллион теңгенің, ал олардың жаттықтырушыларына 500 мың теңгенің сертификаттары табысталды.
Естеріңізге сала кетсек, Париждегі ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындары ағымдағы жылдың 26 шілдесінде басталады. Онда спорттың 32 түрінен 329 медаль ойнатылады. Олардың 28-і олимпиадалық және 4-еуі қосымша – брейк, спорттық өрмелеу, скейтбординг, серфинг тәрізді спорт түрлері.
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.