Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ауыл тағдыры үшін бәріміз жауаптымыз - АРҚА АЖАРЫ

Ауыл тағдыры үшін бәріміз жауаптымыз

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов осы аптаның сәрсенбісі күні Астрахан және Егіндікөл аудандарының халқымен есептік кездесу өткізіп, ауыл адамдарының тағдыры үшін әркім өз жауапкершілігін жете сезіну қажеттігін атап көрсетті. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы өндірісін өркендетіп, өнімді тереңдете өңдеу саланың тиімділігін арттырудың басты кепілі екендігін айтып келеді. Біздің облысымызда ауыл шаруашылығын тиімді жүргізудің және  бұл саланы табысты салаға айналдырудың зор мүмкіндігі бар, экономикалық табыс ол халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуге тиісті деп мәлімдеді өңір басшысы.

  1. Дамудың жаңа мүмкіндіктері бар

Астрахан ауданы. Көктемгі су тасқыны кезінде ауданда күшейтілген режимде 115 бірлік инженерлік және су айдау техникасы жұмыс істеп, 300-ге жуық адам жұмылдырылды.

– Астрахан ауданында, облыс бойынша көктемгі су тасқынының салдарын жою үшін жүйелі жұмыстар белсенді жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, су тасқыны салдарынан зардап шеккен 186 отбасына біржолғы әлеуметтік төлем берілді, 93 отбасына мүліктік залал өтелді. Жақын арада 91 тұрғын үйді жөндеуге төлемдерді аяқтау жоспарлануда. Тұрғын үйі апатты деп танылған 34 отбасына жаңа баспана сатып алынды, –  деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов.

Жиын барысында өңір басшысы ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткішіне теріс ықпалын тигізетін бірнеше көкейтесті мәселелерді де алға тартты. Мәселен, ауданда ірі кәсіпорындар жоқтың қасы. Егістік алқабы бойынша аудан өңіріміздегі ең ірі бестік санатында болғанына қарамастан, бидай өңдеудің деңгейі төмен, өсімдік шаруашылығын әртараптандырудың әлсіздігі де байқалады. Жалпы, ауданның облыстық өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміне қосқан үлесі өте төмен – небәрі 0,3 пайызды құрап отыр.

– Ауданның жақсы бір әлеуеті саналатын –  Астана қаласы, Қостанай облысы, Қазақстанның батыс өңірлері және Ресеймен тікелей теміржол байланысы бар. Бірақ, біз осы бір жақсы мүмкіндікті толық көлемде пайдалана алмай отырмыз. Бұл бағыттағы жұмысты әлі де болса ширатуымыз керек. Алдағы уақытта ауданның дамуы жолында алға қойған жоспарларды ортаға салар болсақ, бірқатар тың жобалар көзделген. Оларды ойдағыдай жүзеге асырсақ, 63 жаңа тұрақты жұмыс орнын құруға мүмкіндік бар. Алайда шағын және орта бизнесті дамыту шеңберінде қолдау тапқан жобалар жоқтың қасы. Бірінші кезекте бұл бизнес өкілдерінің дұрыс ақпараттандырылмай отырғандығын аңғартады, – деді облыс әкімі  Марат Ахметжанов.

Өңір басшысы өз баяндамасында қайтарылмайтын субсидиялардан басқа жеңілдетілген несие және форвардтық сатып алу бағдарламалары жұмыс істеп тұрғанын, облыстың агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға мемлекеттік қолдау көлемі 125 миллиард теңгеден асып, оның 46,5 миллиарды субсидиялар екендігін атап өтті. Аудан бойынша биылғы жылы агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға 6 миллиардқа жуық қаражат жұмсалыпты, оның үштен бір бөлігі қайтарылмайтын субсидиялар. Фермерлер үшін мұндай шаралар сапалы тұқымдардың, минералды тыңайтқыштардың, өсімдіктерді қорғау құралдарының қолжетімділігін арттыруға зор септік. 2023 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бес жоба мемлекеттік қолдауға ие болды. Тарқатып айтар болсақ, «КДК АГРО» серіктестігі дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды өсіру бойынша қызметін кеңейтсе, «Маймақов» жеке кәсіпкерлігі  аудан орталығындағы коммерциялық үй-жайларды жалға бере бастаған көрінеді. Сондай-ақ, «Ақниет» жеке кәсіпкерлігі грант есебінен айналым қаражатын толықтырыпты. Алайда, ағымдағы жылы гранттар мен субсидиялар алған жобалар жоқ екен.

Облыс басшысы аудан әкімі Талғат Ерсейітовке ауыл шаруашылығының дамуына егжей-тегжейлі талдау жасау керектігін баса айтып, жағдайды жақсарту үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды.

Бұдан кейін облыс әкімі аудан тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға келген аудан тұрғындары жолдарды жөндеу, жер учаскелерін алу, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен жас мамандарға несие беру, мүгедектікті ресімдеу бойынша сұрақтар қойды. Сондай-ақ, Жалтыр ауылының тұрғындары балаларға арналған спортзал ашу туралы ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы сүт өнімдерін өндіретін «Нұр-А» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне барып, ұжым тынысымен жақынырақ  танысты. Сонымен қатар,  аудандағы агробизнес және сервис колледжінің жатақханасына жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

– Жаңа оқу жылына дейін жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет. Балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық қажетті жағдайларды жасауымыз керек. Колледж болашақ агрономдар мен ауыл шаруашылығы саласының қызметкерлері үшін тәжірибелік алаңға айналуы тиіс. Оқу орнын тәмамдаған соң, олар осы ордалы оқу орнында алған білімдері мен оқу дағдыларын іс жүзінде қолдана алады, – деп атап өткен облыс әкімі өз сөзінде білім басқармасы басшылығына аталмыш білім нысанының белгіленген мерзімде пайдалануға берілуін және құрылыстың сапалы болуын  қамтамасыз етуді тапсырды.

***

  1. Егіндікөлге бірінші тамызда су келеді

Егіндікөл ауданы.  Облыс әкімінің Егіндікөл ауданы тұрғындарымен кездесуінде ерекше екпін түсіріле айтылған көкейтесті сұрақтың бірі –  ауданды  сумен жабдықтау мәселесі.

– Ауданды сумен жабдықтаудың негізгі көзі Егіндікөл мен Қорғалжын аудандарының 23 ауылдық елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ететін Нұра топтық су құбыры болып табылады. 2023 жылдың қыркүйек айында бастау алған Сабынды ауылынан «Степняк» астық қабылдау кәсіпорнына дейінгі  су құбырын қайта жаңғырту жобасы ерекше бақылауда, – деп атап өтті облыс әкімі.

Жиын барысында осы мәселеге қатысты «Bertys Construction» серіктестігінің басшысы Асқар Баймырзаұлы сөз сөйлеп, қазіргі таңда компания  геодезиялық бөлу негіздерін жасап, қажетті құбырларды төсегенін хабарлады. Сонымен қатар, ұңғымаларды монтаждау жұмыстары жалғасын тауып, құбырдың төселген учаскесіне сынақтар да жүргізіліпті. Ескі су құбыры жаңа магистральдық желіге қайта қосылып, апаттық учаске жойылған. Шілде айында рекультивация жұмыстары аяқталып, су тасқынының салдарын жою және желілерді толық сығымдау жоспарлануда. «Егіндікөлдіктерге 1 тамызда су береміз!», – деп сендірді мердігер. Бұл сөзсіз аудан халқы көптен күткен қуаныш!

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі Су шаруашылығы комитетінің төрағасы Арсен Жақанбаев бұл нысан ведомствода ерекше бақылауда екендігін баса айтып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысы зерттелген және жақын арада тұрғындар сумен толық қамтамасыз етілетіндігін атап өтті.

Жиын барысында облыс әкімі назар аударған тағы бір өзекті сұрақтың бірі –  аудандағы тұрғын үй құрылысы мәселесі. 2017 жылдан бастап ауданда тұрғын үйлер салынбаған. Бір ғана мысал, 2019 жылы бастау алған 16 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы әлі де жалғасуда. Ал, тұрғын үй алуға кезекте тұрған 51 аудан тұрғыны бар.

– Мердігерді анықтау үшін жаңа конкурс жариялауды жоспарлап отырмыз. Тұрғын үй және инженерлік желілер құрылысы бойынша жобаларды түзету үшін құжаттар жиналады, – деп түсіндірді аудан әкімі Юрий Курушин.

Ауданның негізгі саласы агроөнеркәсіптік кешен болып табылады. Өнеркәсіп секторында 14 шағын және қосалқы кәсіпорын жұмыс істейді.  Аудан аумағында ірі кәсіпорындар жоқ. Осыған байланысты ауданның облыстың өнеркәсіп өндірісінің жалпы көлеміне қосқан үлесі аз. Ауданның ауыл шаруашылығын дамытудың басым бағыттарының бірі өсімдік шаруашылығы болып табылады. Ағымдағы жылы ауданның егістік алқабы 322,5 мың гектарды құрап отыр. Ал, егістік алқабының 95 пайызынан астамына дәнді және бұршақты дақылдар сіңірілді. Дақылдарды шегірткелерден, арамшөптерден қорғау, сондай-ақ, минералды тыңайтқыштармен қоректендіру бойынша агротехникалық іс-шараларды жүргізу бірінші кезектегі міндеттер болып табылады. Мал шаруашылығы саласында 48-ге жуық ауыл шаруашылығы құрылымдары бар. Ауданда 80 сауын сиыры бар «АСКОП»   тауарлы-сүт  фермасы жұмыс істейді. 2025 жылы «Қоржынкөл-А» серіктестігінде 500 басқа лайықталған ірі ферма және «Қазagroluxe» серіктестігі мен «Ақжол» шаруа қожалығында 100 басқа лайықталған екі ет фермасын салу жоспарлануда. Сондай-ақ, ауданда 24 тұрақты жұмыс орнын құрайтын және аудан бюджетін толықтыратын тағы бірнеше жобалар жоспарланған. Атап айтар болсақ, алдағы уақытта ауданда дөңгелек жөндеу шеберханасы, мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдейтін цехтар, қонақ үйлер мен дәмханалар ашылады.

Облыс әкімі мемлекеттік қолдаудың қолда бар әлеуетін толық көлемде пайдалану керектігін баса айтып, ол үшін аудан әкімдігі қолданыстағы қолдау шаралары туралы кеңінен хабардар етіп, қажет болған жағдайда бизнес-бастамаларды сүйемелдеу керектігін айтты. Атап өтерлігі, биылғы жылы ауданның агроөнеркәсіп кешенін мемлекеттік қолдауға 5 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсалды, оның 1,3 миллиард теңгесі – қайтарылмайтын субсидиялар.

– Мемлекет басшысы инвестиция тартуға ерекше көңіл бөледі. Өйткені, бұл ең алдымен, жаңа жұмыс орындары, бюджет пен халықтың табысының ұлғаюы, өз кезегінде ауданға әлеуметтік және инфрақұрылымдық мәселелерді өз бетінше шешуге мүмкіндік береді. Мен бірінші кезекте бюджеттік жоспарлаудың тиімділігі және оның нәтижеге бағдарлануы қажет екенін бірнеше рет қайталадым. Бұл бөлінген қаражатты игеріп қана қоймай, түпкілікті нәтижеге жету керек дегенді білдіреді, – деді облыс әкімі аудан халқымен кездесу барысында.

Аудан халқымен кездесуден кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, әрқайсысының алға тартқан көкейтесті сұрақтарына тұшымды жауап берді.  Қабылдауға келген тұрғындар сумен жабдықтау, элеваторды жөндеу, шабу үшін жер телімдерін алу және тағы басқа мәселелерді ортаға салды.

Жұмыс сапары аясында облыс әкімі Егіндікөл ауылындағы №1 мектептің күрделі жөндеу жұмыстары барысына назар аударып, 72 пәтерлік тоғыз екі қабатты тұрғын үйі орналасқан шағын ауданның тыныс-тіршілігімен танысты. Ауыл әкімі Дархан Тапаловтың айтуынша шағын ауданда негізінен зейнеткерлер тұрады, жас балалары бар отбасылар да бар. Қазіргі таңда тұрғын үй жағдайларын жақсарту үшін блокты-модульдік қазандықты орнатуға және ұзындығы 2500 метр жылу магистралін жүргізуге құжаттама әзірленіпті.

Облыс әкімі осы және басқа да өзекті мәселелерге байланысты аудан әкімі мен тиісті сала басшыларына нақты міндеттер жүктеп, тұрғындарға жайлы жағдай жасау қажеттігін атап өтті.

Наталья ЯКОВЛЕВА,
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар