Құз тастарды сыналай биікке өрлей өскен қалың қарағайлы Қошқарбай тауының қойнауындағы ауылда 1934 жылғы 18 шілдеде өмірге келген ұлағатты ұстаз Бегайдар Зейнуллиннің ғибратты ғұмыры жасампаз жарқын істерге толы.
Өз алдына дербес колхоз құрып, жаңа өмірге тез бейімделген Қошқарбай ауылының тұрғындары төрт түлік мал өсірумен бірге, егіншілікпен де айналысты. Осылай қолға алған шаруаны ұршықша иіріп, ел дәулетін еселей түсті. Ал, тоғыз айынан Зейнолла атасы мен Ділдә әжесінің тәрбиесінде болған Бегайдар қаршадайынан еңбекке машықтанып, үлкендерден қалыспай шалғымен шөп те шапты,қой да бақты. Осылай шыңдалу мектебінен өтіп, ержетті.
Атасының етегіне жармасып өскен өршіл өрен қолынан домбырасын тастамай, әншілік пен күйшілік өнерді өміріне серік етті. Шахмат ойнағанда алдына жан салмады. 1942 жылдың күзінде ауыл мектебінің табалдырығын аттағанда алғашқы ұстазы Кәкім Қожантаев шәкіртінің бойындағы осы қасиеттерін мақтан тұтып, оның болашағынан үлкен үміт күтті.
Өзі сияқты ауыл балалары Дулат Жүсіпов, Ескен Батыров, Жасұлан Бекежанов, Оралбек Қойлыбаев, Мариям Шайхеслямовамен достықтары жарасып, Кәкім ағайдан кейін Көканай Мақанова мұғалімнен дәріс алды. Алтауы да сабақтарын жақсы оқып, өнерде де, спортта да алтын ұя – мектебінің намысын қорғай білді. Ленин атындағы сегізжылдық мектепті бітірген соң, Көкшетаудағы қазақ педагогикалық училищесінде жұптары жазылмай бірге оқыды. Тағдырдың жазуымен Дулат, Ескен, Жасұлан төртеуі бертіндері өздері түлеп ұшқан Қошқарбайдағы мектепте шәкірт тәрбиесімен де айналысты.
Көкшетаудағы Үміт апасы мен Қосдәулет жездесінің үйінде төрт жылдай пәтерде тұрып, педагогикалық училищені үздік бітірген19 жастағы алғыр жігіт Бегайдар ұстаздық алғашқы қадамын 1953 жылы Ермаковка сегізжылдық мектебінде бастайды. Бұл білім ордасында қазақ тілі мен денешынықтыру пәндерінен сабақ берсе де қазақи ортада тәлім-тәрбие алған жанға орыс тілді мектеп ұжымымен, оқушылармен тез тіл табыса қою оңай болған жоқ.
Бәлкім осы сезімнен болар, аталас бауыры Қайролла Балтағариннің ақыл-кеңесімен, 1954 жылы Кеңөткел бастауыш мектебіне ауысады. Тіпті, Қайролла ағасы өзінің мектеп меңгерушісі қызметін Бегайдарға ұсыныпты. Төсекте жаны, қорада малы бір, енші бөліспеген атаның ұрпақтары осылай бір-біріне сүйеу болып, ұстаздық қызметтің қыр-сырын тез меңгеруге септігін тигізеді.
Тәжірибелі мұғалімдер Мәйнұр Құдабаева мен Күләй Есенова да білгендерін үйретуден жалыққан емес. Бегайдардың алғырлығын сырттай бақылап жүрген Ленин орденді колхоз төрағасы Құрманқожа Ахметов мектепті жөндетуге, отын-көмірмен жабдықтауға көп қол ұшын береді.
Осылай жылдар жылжып өтіп жатты. О кездегі мемлекеттің саясаты бойынша соғыс кезіндегідей қазақ ауылдарына басқа ұлттың өкілдері көптеп көшіп келе бастады. Оларды баспанамен, жұмыспен қамтамасыз етумен бірге, балаларды оқыту да керек қой. Міне, осындай өміршең мақсатпен Кеңөткел бастауыш мектебі жанынан орыс кластары ашылып, онда грек ұлтының қырық шақты балалары дәріс алды. Ал, кәсіби мұғалімдер жетіспегендіктен Зерендідегі орыс мектебінің түлектерін қызметке шақыртуға мәжбүр болды.
Ел өмірімен біте қайнасып, жаңалыққа құштарлық танытудың арқасында Кеңеткөл мектебіндегі төрт жылда қас-қағымдай өте шықты. Тың игеру науқанымен тұспа-тұс келгендіктен аталған кезең жекелеген адамдардың тұрмыс-тіршілігімен бірге, тұтастай ауыл өмірінеелеулі өзгерістер әкелді. Шаруашылықтың ауқымы кеңейген сайын, тұрмыста жақсарып, жаңа әлеуметтік-мәдени нысандар, әсіресе, тұрғын үйлер көптеп бой көтерді.
Бұл өзгерістердің оқу-ағарту саласына да ықпалы зор болды. Оқушы санының күрт өсуіне байланысты мектептердің материалдық базасы жақсарып, кадр құрамы білікті мамандармен толықты. Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер ұстаз Қажыбай Баймағанбетов, оның ізбасар әріптестері Қадыржан Сәрсеков пен Зарап Жанайдаров жетекшілік еткен Ленин сегізжылдық мектебінің игі істері облысқа озық тәжірибе ретінде таратылды.
Қызметінде абыройлы болғанымен сыртта бес жылдай жүріп қалғанына үйдегі қариялар қатты алаңдаушылық білдіргендіктен, тағы да Қайролла ағасының шапағатымен Бегайдар 1958 жылы Ленин сегізжылдық мектебіне бастауыш сынып мұғалімі әрі интернат меңгерушісі болып қызметке қабылданады. Түлеп ұшқан алтын ұядағы он бес жылғы ұстаздық қызметінің нәтижесінде көп тәжірибе жинақтап, әріптестері арасында үлкен беделге ие болады. Теориялық білімін жетілдіру мақсатында Қарағанды педагогикалық институтын сырттай оқып, бітіреді.
Қолы бос сәтте шәкірттеріне домбыра тартуды үйретіп, оркестр құрады. Дарынды жастар аудандық, облыстық көркемөнерпаздар байқауына қатысып, өнер бәйгесінде сан мәртебе жеңімпаз атанады. Туа біткен талантының арқасында Бегайдар ұстаз шахмат жарысынан басқа аудан көлемінде өтетін айтысқа да қатысып жүрді. Ауыл ішіндегі тойларда асаба болып, құдалықтың да сәнін келтіретін.
Жетпісінші жылдары қазақ ауылдарының оңтайландырылуына байланысты мектептер жабыла бастайды. Сол себепті Бегайдар Зейнуллин 1973 жылы Заборовка сегізжылдық мектебінің оқу ісінің меңгерушісі әрі тарих пәнінің мұғалімі болады. Осы кезде оның өмірінде ұлағаты мол оқиға орын алады. «Зеренді» совхозы партия ұйымының есеп беру-сайлау жиналысына Көкшетау обкомының бірінші хатшысы Е.Әуелбеков қатыспақшы болады. Еркін Нұржанұлы әдеттегідей шаруашылықтарды аралап, Заборовка ауылына атбасын тірейді. Бөлімшенің кеңсесінде мамандармен, зиялы қауыммен болған әңгімеге Бегайдар Зейнуллин де қатысады. Аудандық атқару комитетінің төрағасы П.Михайлов пен совхоз директоры Ю.Мазановтың көзінше обкомның бірінші хатшысы ауыл адамдарын толғандыратын өткір мәселелердің барын сұрайды.
–Әу баста шындықты айтуға жүрексінсемде, мектептің мүшкіл халін жасыра алмадым. Менің бұйымтайымды мұқият тыңдап, мектеп орналасқан үйлерді өз көзімен көргеннен кейін Еркін ағай аудан басшыларына келесі оқу жылына жаңа білім ордасын салу жөнінде нақтылы тапсырма берді,–деп еске алады қарт ұстаз сол бір тарихи сәтті.
Алматыдан келетін дөкейлердің сөзін де, уәдесінталай тыңдаса да, тап Еркін Нұржанұлындай қайсар да, батыл басшыны алғаш көруі еді бұл. Атақ-даңқы Кеңес Одағына кеңінен мәлім, Социалистік Еңбек Ері, атақты жерлесіміздің шапағатымен 1974-1975 жылғы оқу маусымында жаңа мектептің есігі айқара ашылды. Осыдан елу жыл бұрын сол мектепті салғызуға мысқалдай болса да септігін тигізген қарапайым ауыл мұғалімі Бегайдар Зейнуллин 1994 жылы зейнетке шыққаннан кейін де екі маусым осында абыройлы қызмет етті. Педагогика саласындағы көпжылғы, жемісті еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасы оқу ағарту ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталып, «Еңбек ардагері», «Тыл еңбеккері» атақтарын еншіледі.
Көзінің қарашығындай жалғыз немересінің отау құрып, шаңырақ көтеруін армандаған Зейнолла атасы мен Ділдә әжесі, Батиха анасы Өндіріс ауылының абыз қариясы Қажықан Мұстафиннің сүйкімді де, қылықты қызына таңдау жасайды. Оған себеп, Қошқарбай мектебінде оқығанда Дәмеш болашақ ата-аналарының қолында тұрып, олардың тәлім-тәрбиесін көп көрді. Инабатты қыз баланың мінез-құлқы, үй шаруасына икемділігі қарияларға қатты ұнайтын. Міне, Дәмештің де Зейнолла атасының киелі босағасын үкілі үмітпен келін болып аттағанына алпыс сегіз жылдың жүзі болыпты-ау!
Мыңжылдық құда болған екі әулеттің шыққан тегі жайлы айтар болсақ, тарихты да, шежірені жетік білетін қазыналы қария Қажықан Мұстафин Жаулыбай-Дүйсеннің Бабас ұрпағынан тарайды. Кезінде Кеңөткел, Өндіріс, Жамбыл, Үлгілі колхоздарының төрағасы болған беделді азамат. Ал, Зейнолла Мұқанов атамыз болса – Қошқарбай баурайындағы Жаулыбай ұрпақтарымен көне ғасырдан бері сыйластықтары жарасқан Жалайыр-Сиыршының бел баласы. Ділдә әжеміздің Қарауылдың атақты әз-Бөгенбай ұрпағынан тарайтын тектілігі бар.
Зейнолла атамыз колхозда неміс ұлтының өкілі Каспермен ұсташы болып істеді. Қарияның ел есінде қалған кәсіпшілігі аңшылығы болатын. Орта бойлы, төртпақ болғанымен қимылы ширақ, алдына түскен аңнан есе жібермейтін. Тіпті, қасқырды тірідей ұстап, ауылға алып келеді екен. Иттерді айтақтағанымен, тірі көкжалды талауға батылдығы жетпейтін.
Атамыз дінге берік болды. Қандай қиын-қыстау сәт болса да бес уақыт намазын үзген емес. Соғыс жылдары майданға жіберу үшін Зеренді ауданынан көп жылқыны Алматыға айдау қажет болды. Билік басындағылар мәртебелі бұл міндетті Қошқарбай ауылының қос қариясы Зейнолла Мұқанов пен Тикін Төлебаевқа жүктейді. Бір ай жүріп, екеуі ел аманатын абыроймен орындайды. Үнемі халал тағам ішетін Зейнолла атай сапар кезінде нан және қара сумен ғана қоректеніпті. Неткен шыдамдылық десеңізші.
Ал, тоқсанның белесіне шығып отырған мерейтой иесі Бегайдар Зеренді өңіріндегі атышулы Досқара ауылнайдың төрт ұлының біреуі Құмарланның жалғыз перзенті. Елі еркелетіп Құмаш дейтін асыл азамат Зеренді аудандық оқу бөлімінде инспектор болып қызмет істеп жүргенінде, ерте қайтыс болады. Алайда, қаршадайынан Зейнолла атасы мен Ділдә әжесінің тәрбиесінде болғандықтан Бегайдар қазыналы қос қарияны өзінің әке-анасындай қадір тұтты.
Бүгінде Көкшетау қаласындағы «Бірлік» ықшам ауданының Жазира көшесі, 32 мекенжайындағы атшаптырым үйде кенже ұлы, құрылыс-технологиялық колледжінің директоры Ерлан және келіні облыстық архив директорының орынбасары, Алтайдың ару қызы Ділдардың отбасымен бірге тұратын қос қария – Бегайдар мен Дәмештің қуанышында шек жоқ. Ата-анасын аялы алақанға салып, қамқорлыққа бөлеп отырған балаларына айтар алғыстары шексіз.
Құдайға шүкір Бегайдар да, Дәмеш те – Алтын, Кәдірбек, Мұратбек, Күміс, Еркінбек, Ерландай ұлағатты ұл-қыз өсіріп, 9 немере, 4 шөберенің ілтипатына бөленген бақытты әке-ана, ата-әже. Ұл-қыздары сауда, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жоғары оқуын орындарын бітіріп, алды зейнетке шықса, әлі жұмыс істеп жүргендері де бар. Тұмсықтыға шоқтырмай, қанаттыға қақтырмай өсірген алты перзентінің ішінде Мұратбектің ғана мамандығы өзгешелеу. Новосибирск әскери училищесін бітірген ұланымыз – Қазақстан Қарулы Күштерінің полковнигі.
Тоқсанды алқымдасада ұлғатты ұстаз, Бегайдар ақсақалдың әлі де қарттықты мойындағысы келер емес. Қимылы ширақ, өткен тарихты мүдірместен қаз-қалпындағыдай айтып береді. Ара-тұра жан серігі домбырасын да шертіп қояды екен. Өмірдің қызық-қуанышына бөленген қазыналы қарияның бақытты тұрмыс-тіршілігін көзбен көргендіктен біздің де көңіліміз марқайып қалды. Әмәнда ортамызға көрік беретін, шапағат нұрын шашатын осындай адал жүректі ел ағалары аман болғай.
Шияп ӘЛИЕВ,
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Балталы СӘРСЕНБАЕВ,
Қазақстанның құрметті журналисі.