Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде

Қосшы – қарқынды дамып келе жатқан  жас қала.  Жаңа тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар бірінен соң бірі бой көтеріп, қала тұрғындарының қуанышысын еселей түсуде. Облыс әкімі Марат Ахметжанов Целиноград ауданында болған жұмыс сапары аясында Қосшы қаласы мен ауданда бой көтеріп жатқан бірнеше әлеуметтік нысандардың құрылыс барысымен танысып, сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Таяуда Қосшы қаласындағы тұрғын аудандардың бірінде 1200 орындық жаңа мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда мектеп маңы абаттандырылуда. Аталмыш жобаның құны 3,1 миллиард теңгені құрап отыр. Үш қабатты ғимаратта автономды жылу жүйесі және орталық желіден су тартылған. Мектепте оқу кабинеттерінен басқа, баскетбол және футбол алаңдары, қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген спорт залы, асхана, медициналық кабинеті бар. Мердігер «ДелоФБК» серіктестігі өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда үшінші қабаттың қабырғалары қалануда, білім нысанын ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беру жоспарланған.

Тағы бір жағымды жаңалық, Қосшы қаласында жеке инвестиция есебінен ауданы 7,7 мың шаршы метрді, құны 8,5 миллиард теңгені құрайтын қоғамдық мәдени-спорттық орталық салынуда. Айтпақшы, бұл заманауи спорт нысаны Қазақстандағы теңдесі жоқ кешеннің бірінен саналатын болады. Облыс әкімі жұмыс сапары аясында аталмыш нысанның жаңа ғимаратына кіреберіс жолындағы екі жолақты жол құрылысының барысымен танысты. Жол құрылысын Қосшыдағы «Евростандарт-Аква» компаниясы жүргізіп жатыр. Биылғы жылға облыстық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлініпті. Мердігерлер жол салу жұмыстарын бастап кетті. Жоба бойынша асфальт төсеу, тротуарлар салу, көшелерге жарық орнату, аумақты абаттандыру жұмыстары қарастырылған.

– Қалалық әкімдікке және барлық жауапты сала басшыларына нысандардың құрылыс сапасын қатаң бақылауды тапсырамын, – деп атап өтті облыс әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінде.

Жұмыс сапары барысында өңір басшысы Целиноград ауданының Қабанбай батыр ауылында болды. Аталмыш елді мекенде  «Жайлы мектеп» ұлттық бағдарламасы аясында 1200 орындық заманауи білім ордасы бой көтермекші. Қазіргі таңда Қабанбай батыр ауылында мыңнан астам оқушы білім алуда. Оқушы орындарының тапшылығын жою үшін осы елді мекенде, жалпы Целиноград ауданында осы мәселенің түйткілін шешу үшін  9 200 орындық 7 білім беру нысанын пайдалануға беру жоспарланған.

– Қазіргі таңда аталмыш нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары, ғимараттың сыртқы беті, ішкі әрлеу жұмыстары жүргізілуде, сондай-ақ инженерлік желілер салынуда. Жабдықтар мен басқа да бірқатар материалдарды жеткізуге шарттар жасалды, – деді мердігер ұйымның өкілі Әділхан Әбілдин. – Нысандағы жұмыстарды мерзімінде аяқтау үшін құрылысшылар екі ауысымда жұмыс істейді.

Шілде айының соңына қарай сыныптарда қажетті жабдықтарды орнату жоспарлануда. Қазіргі  таңда  білім беру мекемесінің педагогикалық құрамы мен әкімшілік-басқару қызметкерлері қалыптасуда. Сондай-ақ, ата-аналардың келісімімен оқушылардың тізімі жасалып жатыр.

– Қазір ауылда 1300-ден астам бала оқитын мектеп жұмыс істейді. Бұл оқушы орындарының тапшылығы бар деген сөз. Сондықтан, жаңа білім нысаны пайдалануға берілсе, оқушылардың негізгі бөлігі жайлы мектепке оқуға ауысады, – деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Валерий Гамазов.

Облыс әкімі Марат Ахметжанов өз сөзінде өңіріміздегі оқушы балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуына барлық қажетті жағдайды жасап, қолайлы орта қалыптастыру өте маңызды екендігін атап өтті.

– Біз заманауи, техникалық жабдықталған білім беру мекемелерін салуымыз керек. Қазір ең маңыздысы – құрылыстың сапасын қамтамасыз ету және барлық нысандардың тиісті мерзімде тапсырылуын бақылау. Білім басқармасы мен аудан әкімдігінің басшылығы мектептерді кәсіби мамандармен толықтырып, балаларды дамыту үшін қосымша мүмкіндіктерді қамтамасыз етуі қажет. Оқушылардың тізімін жасап, оларды мектептер бойынша тең бөлу мәселесін де назарда ұстағанымыз абзал, – дей келіп, өңір басшысы сала басшыларына нақты міндеттер жүктеді.

Қосшыдағы қоныс тойы

 Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Астана күні қарсаңында Қосшы қаласының  тұрғындарына «Dream park» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті. Қуанышқа ие болған тұрғындар қатарында Ұлы Отан соғысының ардагері, 99 жасар Нұрғасым Әжітаев, көп балалы отбасылар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.                   

–Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз алдымен тұрғын үй кезегінде тұрған баспанаға аса мұқтаж адамдарды, яғни халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз етуге тырысамыз. Бұл – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған саясатты нақты іске асырудың жарқын көрсеткіші. Баспаналы болу – әр адам үшін, әр отбасы үшін зор бақыт. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын!,  –  деп жылы лебізін білдірді өңір басшысы.

Облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде өңірімізде тұрғын үй құрылысы қарқынды жүріп жатқандығын атап өтті. Қазірдің өзінде облысымыздың  барлық аймағында жаңа тұрғын үйлер салынуда. Тек соңғы жылдары өңірдің тұрғын үй құрылысына 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылып, 2 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй тапсырылды. 12 мыңға жуық ақмолалық басапанамен қамтамасыз етілді.

Қосшы қаласында баспаналы болған тұрғындардың қатарында ағайынды Максим Муштаенко мен Владимир Глазков бар. Максим Астана қаласындағы медициналық-техникалық колледжін тәмамдаған. Өзінің Отан алдындағы борышын адал атқарып, қазіргі таңда жұмыс істеп жүр. Ал Владимир болса, Астана қаласындағы Қазақ технология және бизнес университетінде грант бойынша білім алуда.

– Бала кезімізден ата-әжеміздің қолында тәрбиелендік, ешнәрсеге мұқтаж болмай өстік. Өмірдің қиын сәттерінде мемлекет тарапынан кең қолдау болды. Тегін білім алдық, тегін тамақтанудың артықшылықтарын және басқа да жеңілдіктердің шарапатын көрдік. Ешкімнен кем, ештеңеге мұқтаж болған жоқпыз. Осы жылдың наурыз айында қалалық әкімдіктен хабарласып, тамыз айында баспана алатынымызды айтты. Жағымды жаңалықты естігенде  қуанышымызда шек болмады. Осы орайда, Мемлекет басшысына, біздерді баспанамен қамтамасыз етіп, білім беріп, аяғымыздан нық тұруға барлық жағдайды қарастырғаны үшін алғыс білдіреміз. Білім алдық, ержеттік, жоғары біліммен қаруландық, жан-жақты азамат болып қалыптастық, мінекей баспаналы болып жатырмыз, тұрақты жұмысымыз бар,  ендігі орайда еш алаңсыз әрқайсымыз отбасылы болып үйленсек те болады. Мемлекеттен баспана алу бұл біз үшін зор бақыт, алдағы уақытта да өз еліміздің өркендеуі жолында біз де аянбай еңбек етіп, адал қызмет атқарамыз, – деп атап өтті Максим мен Владимир қуаныштарымен бөлісіп.

– Ел Президентіне, облыс әкімдігіне және қаламыздың әкімдікке ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қамқор болғаны үшін алғыс айтамыз, – деді немерелерінің қамқоршысы, Қабанбай батыр ауылының тұрғыны Леонид Муштаенко. Осы орайда ерекше екпін түсіре атап өтерлік жайт,  Қосшыға қала мәртебесін алған сәттен бастап 267 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліпті, бұл 2 384 отбасын тұрғын үймен қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп отыр. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша жыл соңына дейін Қосшы қаласының тұрғындарына 100-ден астам пәтер беру жоспарлануда. Бұл алдымен көпбалалы отбасылардың, жетім балалардың, мүгедек адамдардың және басқа да әлеуметтік маңызы бар санаттардың тұрғын үй жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді. – Біз алып бәйтеректей жайқалған үлкен әулетпіз. Атамыздың екі қызы, бес ұлы бар. Атамыз Ұлы Отан соғысының ардагері, Аллаға шүкір, әлі тың. Біз үшін ақылын қосып, арамызда жүргенін көру зор бақыт. Атамызға жаңа пәтердің кілтін табыс етеді деген жаңалықты естігенде қуанышымзда шек болмады. Осы орайда, ел Президентіне, облыс басшылығына және қалалық әкімдікке әкеміздің еңбегін елеп-ескеріп, зор қуанышқа бөлеп жатқандары үшін алғыс білдіреміз. Келесі жылдың қаңтар айында атамыз 100 жасқа толады, – деді Нұрғасым Әжітаевтың немересі Ермек Әжітаев.

  Вероника БУРДА,
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ.

 Қосшы қаласы,
Целиноград ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар