Ауданымызға қарасты Капитоновка ауылына осыдан бірер жыл бұрын іссапармен бардым. Ауылдың малшаруашылығына қатысты нысандарын аралап, материал жинап жүргенісде, түскі астың уақыты болып қалыпты. Іссапарға бірге барған әріптесім Балуан Шолақ деген шағын ауылға барып келуді өтінді. Ондағы мақсаты осы ауылдың беделді ақсақалы, үлкен әулеттің атасы, еңбек және тыл ардагері, Балуан Шолақ ауылының тумасы Қарабай Иғазиннің аруағына Құран бағышталатын жұма шайына қатысу екен. Дәм жазып, қарияның қара шаңырағына келіп, асына қатысып отырғанымда көзім орамал таққан өзге ұлттың келіншегіне түсті.
Бет-жүзі басқа ұлттың өкіліне келсе де, таза қазақша сөйлегеніне, иіліп шай құйғанына, қол жайғанына еріксізсүйсініп қарап отырдым. Бірден әңгімелесіп кетуге ыңғайсыздандым. Бірақ, жиналған қауымның сөздерінің арасында келіншектің есімі Марина екенін, Игазиндер әулетінің келіні болатынын білдім. Сол күні бізге тиісті құрмет көрсетіп, қазақтың дәстүрімен ырымдап, аталарының жасын берсін деген ниетпен балалары қолыма бет орамал ұстатты. Сол кезден бері Марина келіншекті есіме алып жүрдім, арнайы кездесіп, сұхбат алып, жақсы бір мақала жазармын деген ойда жүрдім. Бірақ, бетпе-бет кездесетін уақыт, өкінішке орай, бұйырмады. Содан жақында телефон арқылы танысуға мүмкіндік туды.
Жоғарыда атап өткендей, Марина Игазиндер әулетінің келіні. Өзі Капитоновка ауылының тумасы екен. Мектепті аяқтаған соң, ерте тұрмыс құрыпты. Қазіргі таңда жұбайының сүйікті жары, үш баланың ардақты анасы. Мен әуелде болжағандай, шын мәнінде Марина аралас отбасында дүниеге келген екен. Әкесі – қазақ, анасы – неміс. Бірақ, таза қазақи тәрбие-білім алғаны бірден көрініп-ақ тұр. Сонымен қатар, үлкен әулетке, әсіресе, ауылдық жерге келін болып аттағаннан кейін, қазақылығы тіптен арта түскен. Менің әр сауалыма таза қазақша жауап қайтарғанына қуандым. Өзі өте ашық, қарапайым, тәрбиесі жоғары екен. Қолына тиген жұмыстың бәрін ұршықша иіре білетін сыйлы да пысық келін, отбасының ұйытқысы. Ол қазір Капитоновка ауылында сатушы болып жұмыс істейді.
Осылайша,қазақтыңсайындаласындажайқалып өсіп, қонақжайлылығы мен дархандығы басым ауылдың келіні атанған, бүгінде үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған Маринамен танысуым осындай жағдайда өз мәресіне жетті. Мені таң қалдырғаны – орыс тілді болып саналатын Капитоновка ауылдық округінде таза қазақша сөйлейтін адамды кездестіргенім. Былайша айтқанда, бұл аталмыш ауылдағы сирек құбылыс. Ұлтымыздың болмысына бойлап, салт-дәстүрімізді сақтап, ұрпағына үлгі болып отырған Маринаға отбасы амандығын тілеймін. Шаңырағынан құт-береке кетпесін.
Қазақ отбасыларында қазақша сөйлеу, ұлттық тұрғыда тәрбие беру үрдісі өз жалғасын таба бергей.
Айгүл АМАНЖОЛОВА.
Бұланды ауданы.