Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылының маңынан адам бетінің бедерлі бейнесі көрініс тапқан монументалды өнердің ежелгі ескерткіші табылды.
Ақмола облыстық мәдениет басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бұл нысан түркі кезеңіне жататын діни рәсімдерді өткізуге арналған қасиетті орын. Бет ерекшеліктері түркі бейнелеу өнеріне тән көрінеді. Десе де, ескерткіштің қай дәуірге жататыны туралы ғалымдардың пікірі екіге жарылған. Бірі түркі кезеңіне жатқызса, енді біреулері қола дәуірінің жәдігеріне балауда.
Облыстың мәдениет басқармасының тарихи-мәдени мұраны қорғау және пайдалану орталығының мамандары және Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің археолог ғалымы Данияр Тілеуғабылов бұл ескерткішті зерттеп, тарихи жәдігердің өзі мемлекеттік қорғауға алынды.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» Заңының 4-бабына сәйкес, анықталған тарихи-мәдени мұра объектілері облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының алдын ала есепке алу тізіміне енгізіледі және олардың мәртебесі туралы түпкілікті шешім қабылданғанға дейін осы Заңға сәйкес тарих және мәдениет ескерткіштерімен бірдей қорғалады.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.