Қазақ халқының «Ердің атын еңбек шығарады» дегеніндей, әр азамат ерен еңбегінің арқасында ғана абыройлы болып, биік белестерді бағындырады. Солардың бірі – ерен еңбегімен есімі ел есінде қалған, өндіріс озаты, біздің жерлесіміз Алексей Семенович Гришанның туғанына биыл 100 жыл толып отыр.
Алексей Семенович Кеңес үкіметінің алғашқы жылдары – 1924 жылдың 28 мамырда Көкшетау уезі, Щучье болысының Черноярка ауылында шаруа отбасында дүниеге келген. Еңбек жолын 1938 жылы жеті сыныпты бітіргеннен кейін, туған ауылындағы «Победа» колхозынан бастайды. Алайда, жасөспірім жігіттің еңбегі көпке ұзамай, Ұлы Отан соғысы басталып кетті. 1942 жылы А. Гришан Кеңес әскері қатарына шақырылып, он сегіз жасында Алматыда 147-ші атты әскер полкінде қызмет етіп, полк мектебін бітіреді. 1943 жылдан Алматы облысы Қаракемер ауылындағы 8 қосалқы полк бөлімшесінің командирі қызметін атқарады. Кейін І-ІІ Украина майдандарының гвардиялық кавалериялық корпусының, 6-8 гвардиялық кавалериялық дивизияларының, 12 жеке сапер эскадрильясының құрамында майданда болып, жаудан Польша, Румыния, Венгрия және Чехословакияны азат етуге қатысады. Соғыс кезінде жарақат алған, бірақ, соңына дейін шайқастарға қатысып, 1946 жылы ғана денсаулығына байланысты әскерден қайтарылды.
Соғыстан кейін А.Гришан Украинаның халық шаруашылығын қалпына келтіруге ат салысады. 1948-1954 жылдар аралығында Донецк облысындағы «Ясиновка» машина жасау зауытында слесарь-жинаушы, кейін слесарь-жинаушылар бригадирі, машина жасау зауытының мұнара крандарын құрастыру учаскесінің шебері жұмысын жалғастырады.
1955 жылы А.Гришан комсомолдың жолдамасы бойынша Қазақстанға тың және тыңайған жерлерді игеруге келіп, Ақмола облысы, Сілеті ауданының «Изобильный» совхозына жұмысқа орналасады. Сол кездегі бірінші кезектегі міндет ауыл шаруашылығы техникасын меңгеру болды. Осыған байланысты басқалармен бірге, Алексей Семенович та механизаторлар курсында оқи бастайды. Сонымен қатар, сабақтан тыс уақытта жылжымалы электр станциясын орнатса, сөйтіп, 1956 жылы совхозда электр қуаты пайда болады. Адал еңбеккер А. Гришан көп ұзамай, трактор-дала бригадасының бригадирі, содан кейін бөлімше басқарушысы лауазымдарына тағайындалады.
«Изобильный» совхозы өткен жылдар ішінде елімізге 10 миллион пұттан астам астық пен ет, сүт өнімдерін берді. Бұл ретте, Алексей Семенович Гришанның еңбегі зор, өйткені, ол тың игерудің ең қиын жылдарында совхоз құрылысына белсене қатысты.
Ауыл шаруашылығынан басқа, тың жерлерде халық шаруашылығының өзге салалары да қоса дамыды, сондықтан, бұл жұмыс учаскелеріне де еңбекқор, адал адамдар қажет болды. А.Гришан 1959 жылы жаңадан құрылған Тың тау-кен химия комбинатының №2 кен басқармасына жұмысқа орналасып, онда 30 жыл ішінде қатардағы тракторшыдан экскаватор машинистерінің жоғары білікті бригадиріне дейін өсті. Кейін сол тау-кен химия комбинатының еңбек сіңірген ең бір сыйлы ардагері атанады. Әріптестерінің арасында үлкен еңбекқорлықтың, тапсырылған іске жоғары жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, лайықты түрде құрмет пен беделге ие бола білді.
Бірнеше рет Қазақстан Компартиясы Степногорск қалалық комитетінің мүшесі, қалалық және облыстық партия конференцияларының делегаты болып сайланды. 7-ші шақырылымдағы халық депутаттары қалалық Кеңесінің депутаты, КОКП мүшесі болды.
Көп жылғы мінсіз, адал еңбегі үшін Алексей Семенович Гришан КСРО-ның көптеген жоғарғы марапаттарымен, атап айтсақ, «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдары және көптеген мерейтойлық медальдармен марапатталды. Сол сияқты, жауынгерлік наградалардан да кенде болмады.
Ал, КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1971 жылы 26 сәуірдегі Жарлығымен Отан алдындағы қажырлы еңбегі үшін Ленин ордені және «Орақ пен балға» алтын медалі табыс етіліп, Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілген Алексей Семенович Гришанның есімі енді бүкіл Қазақстан мен Одаққа танымал болғаны айдан-анық еді.
Көзі тірісінде өзінің бір сұхбатында ол еңбек жайлы былай деген:
«Біз, әрқайсымыз құнарлы тың алқапта болған өзгерістер үшін мақтаныш сезімін сезінеміз. Қазіргі уақытта бізде заманауи жабдықтармен жабдықталған жоғары өнімді тау-кен кәсіпорны бар, ол ұжым еңбегінің үлкен үлесі. Мен үшін тау-кен ісі тың болды. Маған көп нәрсені қайта үйренуге тура келді, бұл жолда көптеген қиындықтар да бой көрсетпей қойған жоқ. Алғашында тұрғын үй, ауруханалар, мектептер жетіспеді, бірақ, біз заманауи тау-кен кәсіпорынын құру керек екеніне нық сендік және осы жерде мәңгі тұратынымызды білдік. Бірінші көздегеніміз, ол тынымсыз жұмыс істеу болды…»
А.Гришан 1974 жылы зейнет демалысына шығып, араға 17 жыл салып, 1991 жылы Степногорск қаласында көз жұмды.
Еңбекке жаны құмар артына өлмес мұра қалдырған А.Гришан сияқты перзенттеріміз елімізде өте көп. Ендеше, заманы бөлек демей, Еңбек Ерлерін қастер тұтайық. Олардың еңбектегі кәсіби біліктілігі мен адами қасиеттері, өткен өмірі кейінгі жастарға үлгі етуге тұрарлық тамаша тарих беттері. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа – ұран» демекші, мұның бәрі аға ұрпақтың ерлік істерін ешқашан естен шығармауға үндейді. Социалистік Еңбек Ері Алексей Семенович Гришанның еңбек ерлігіне толы жеке ісі Ақмола облысы мемлекеттік архивінде 51 қор, 1 тізімдеме, 156 іс, 77-80 беттерде сақтаулы.
Самал АЙДАРБЕКОВА,
Ақмола облысының мемлекеттік архивінің
ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің архивисі.