Қос қаланың қыстан қысылмауына қаржы бөлініп отыр

Жуырда Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр Степногорск қаласына жұмыс сапарымен келіп, алдағы жылыту маусымына орай жүргізіліп жатқан дайындықтың барысын тексерді және алда тұрған міндеттерді пысықтады.

Роман Скляр ең алдымен Степногорск қаласындағы жылу-электр орталығының (ЖЭО) жоспарлы жұмыстарын тексерді.  Нысан 1966 жылдан бастап қаланың тұрғын аумағын, Заводской кентін және елді мекеннің аумағындағы кәсіпорындарды  жылумен қамтамасыз етуде. Биыл нысанды жылыту маусымына дайындау үшін 7,4 миллиард теңге қаржы қарастырылған. Бүгінде онда екі қазандық агрегаттарына демонтаждау, ал, турбогенераторларына ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Екі турбогенератордағы жұмыстар аяқталып қалған.

–Жылыту маусымына қарай 5 қазандық қолдануға дайын болады, және екеуі резервте тұрады. Жылу қуатының тапшылығы болмайды,  керісінше, жылу тұрақты түрде тиісті деңгейден артығымен таратылмақшы. Тағы да Степногорскіде ЖЭО-ының жылуын пайдаланатын, энергияны көп қажет ететін қосымша кәсіпорындар керек, – деп атап өтті ЖЭО-ның директоры Валерий Донцов.

Бұдан әрі бірінші Вице-Премьерге қазандық цехының аға машинисі Николай Перевощиков таныстырылды. Перевощиковтер әулеті 1993 жылдан бастап осында жұмыс істейді екен. Әкесі Анатолий Перевощиков ЖЭО-ын іске қосу барысындағы  төрт кезең жұмыстарына қатысқан ауысым бастығы, нысанды пайдалану жөніндегі бас инженердің орынбасары да болған. Николайдың әпкесі зертханада жұмыс істейді. Жалпы, әулеттің орталықтағы еңбек өтілі 90 жылдан асады.

Степногорск қаласының әкімі Алпысбай Қайыржанов бірінші вице-премьерге жаңа жылыту маусымына дайындық туралы баяндады. Оның айтуынша, қаланың жылу магистральдарында қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 13,7 шақырымға созылған жылу жүйелерінің магистралін жөндеуге Қазақстан Республикасы Үкіметінің қорынан 2,7 миллиард теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі уақытта «УК Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мердігерлік ұйымы құбырларды жөндеу және орнату жұмыстарын жүргізуде. Бұған қоса, қалада 9,6 шақырымдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмыстары қолға алынған.

–Жылу құбырлары өтетін науалар аршылып, 2,2 шақырымды құрайтын жылу трассасы жөнделді. Монтаждау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр, 10 тамызға дейін бұл жұмысты аяқтауды жоспарлап отырмыз, – деді ЖШС директоры Манат Мусин.

Өз кезегінде аймақ басшысы Марат Ахметжанов жылумен қамтамасыз ету мәселесі өзінің тұрақты бақылауда екендігін, жылыту маусымының үздіксіз өтуін қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданып жатқандығын алға тартты.

– Мұнда жылу жүйесінің құбырлары 75 пайызға тозған. Төтенше жағдайлардың алдын алу үшін біз тиісті әрекеттер алгоритмін құрып, жаңа жолдарды қарастырып жатырмыз. Кеше қалалық жеке пәтер иелері кооперативтері мен меншік иелері бірлестіктері және серіктестік басшыларымен кездесуде қысқа дайындық кезінде жылу жүйесінің гидравликасының бұзылмауын қадағалау бойынша тікелей тапсырма бердім, – деп атап өтті Марат Мұратұлы.

Сапар соңында бірінші вице-премьер жұмыстардың сапалы атқарылып, жылыту маусымының қалыпты өтуі үшін барлық жоспардағы істерді мерзімінде аяқтауды тапсырды.

 Наталья ЯКОВЛЕВА,
Ырысалды ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар