І. Жақсыдан шапағат ұрпағыңа да тағлым
Бұл мақаланы жазуыма себепші болған дүниежүзіндегi халқы жағынан ең үлкен мемлекет – Индияның Премьер-Министрі Нарендра Моди мырзаны осы қызметке, өзі босатуды сұранса да босатпай, үшінші рет таққа отырғызуы, оған деген халықтың зор сенімі екені көрініп тұр. Кейбір елдерде көзбояушылықпен сайланған, референдум деп тақтарынан айырылғысы келмейтін мемлекет басшылары бар ғой. Бұдан жеті жыл бұрын ЭКСПО-2017 көрмесінің ашылу салтанатына Астанаға бірнеше мемлекеттің басшылары қонақ ретінде келді. Бір кезде сол қонақтар бірінші қабатқа түсті. Соның ішінде Нарендра Моди мырза да болды.
Алдыңғы жақта тұрған маған жақын келіп, қол беріп амандасты. Сол сәтті суретке түcipтiп алдым. Оны оқырманға осы мақалама қоса ұсынып отырмын. Содан бері ол кісі маған жақын адамымдай көрінетін болды. Теледидарда ол ел немесе ол кісі туралы хабарлар болса, көз алмай қарайтын болдым. Тіпті, жақсы хабарлар болса, қуанатын жағдайға жеттім. Соңғы бір хабарда өзі өтініш берсе де, халықтың қайта сайлауы көп нәрсені аңғартады. Менің түсінігім бойынша елдің дамуына зор үлес қосып отырған қайраткер.
Еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаев бұл кісіні құттықтай келе, былай деді: «…Сіздің дана басшылығыңызбен Үндістан экономикасы ең жылдам дамып келе жатқан елдердің бірі ретінде өзінің таңғаларлық жолын жалғастырып, жаңа жетістіктерге жететініне сенімдімін». Шынын айтқанда, өз eлімде болған жақсылықтай қуандым. Біраз жылдардан бері белгілі адамдармен суретке түсу әдетіме айналды. Алғашқылардың бірі, марқұмдар белгілі ақын Мұзафар Әлімбаев пен ғылым докторы, сәкентанушы Тұрсынбек Кәкішевтің Сілеті ауданында болғанда бірге түскен суретіміз. Сол суретті Мұзафар ағамызға апарып бергенде, мені үйінде қонақ қылды. Онымен қоса, Мұхтар Әуезов ол кісіге сыйға тартқан үлкен сөздікті көрдім. Ол кісілер де басқа зиялыларға қарағанда маған жақындау көрінетін болды.
Суретке белгілі адамдармен түсу ойда жоқта бола қалады. «Көктем» шипажайында Роллан Сейсембаевпен, «Керемет» моншасынан шыққанда белгілі сазгер Секен Тұрысбекпен, цирк алаңынан өтіп бара жатқанымда цирк директоры, белгілі әртіс Ерік Жолжақсыновпен, сондай-ақ, тұңғыш ғарышкер Тоқтар Әубәкіровпен, тағы басқаларымен суретке түсу сәттері келе қалды. Содан бері Секен Тұрысбектің ерекше тартатын күйлерін, тағы басқа шығармаларын ұқыпты тыңдау әдетіме айналды. Немесе Ерік Жолжақсынов туралы деректі фильмді көруім, ол кісіні әкесі қалай еңбекке тәрбиелегені туралы мағлұмат алуым, жасым үлкен болса да, жақсы әсер етті. Осы көргендерімді бүгінде балаларыма, әсіресе, немере-шөберелеріме үлгі eтiп, айтып жүрмін. Таяуда белгілі журналист Ғалия Балтабайдың «Тұлғалар – ғажап жандар» кітабының тұсаукесеріне қатысып, немерелеріме ол кісінің балаларға арналған «Сары күз» деген кітабын әкеліп бердім. Белгілі азаматтармен кездесулерден ұққаным, олардың істерінен, қылықтарынан, шығармаларынан, тағы басқа қасиеттерінен үлгі алып, өзіңе пайдаланасың немесе ұрпақтарыңа үлгі етесің.
ІІ. Үлкендерімізді тірісінде құрметтеп, қадіріне жете білейік
Мен өзіңмен мақтанамын әлі де,
Сен жайлы айтса, шаттанамын әлі де.
Биік шыңым, бәйтерегім өзіңсің,
Дүниеде ең бір асыл сөзімсің!
Менің әкем 1909-1968 жылдар аралығында өмір сүрді. Сол аралықтағы ғұмырын байқайықшы. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі. 1917 жылдағы қазан төңкерісі. Халыққа қызылдар бір келіп тиіссе, артынан ақтар келіп, өз үстемдігін жүргізгісі келді. Тыныш отырған ел не істерін білмей, абдырап қалды. Одан жиырмасыншы жылдың басында алғашқы ашаршылық басталды. Әкем Дәулетбек (ел ішінде Дәуеш деп атайтын) ата-анасынан ерте жетім қалып, кішкентай бала ағалары Ақмолаға қарай ауғанда солармен бірге сонау Шұбаркөл өңірінен Ақкөл қаласының сыртындағы жазушы Жайық Бектұровтың қонысы – Қопа кыстауына (қазіргі Аманкелді ауылынан 5-6 шақырымдай жерде) келiп орналасады. Жақаңның айтуы бойынша, алғашқыда жер кепе жасап, сонда қоныстанады.
Содан өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарының аяғында көшпенді халықты тұрақтандыру мақсатында ұжымшарлар кұрыла бастайды. Содан «Аманкелді» ұжымшары құрылады. Ол кезде менің әкем жиырма жастағы жігіт. Мектепте не молданың алдында оқымаса да, әкем зерек және ертеңгісін ойлап жүретін адам еді. Елдің айтуы бойынша сол ұжымшардағы техниканы, яғни, суреттегі тракторды алғашқылардың бірі болып менің әкем игереді. Трактордың барлық, тіпті, рулі мен орындығына дейін темір болатын. Жауын-шашыннан қорғанатын ештеңесі жоқ. Жазғытұрым жауынды күндерде, күздің қара суығында тракторшы жылы киімімен отырып жүргізе беретін. Қыстыгүні МТС-қа тракторды жөндеуге де өздері алып баратын. Әлі есімде, мен қызық көрдім бе, әлде әкемнің жанында болғым келді ме, трактордың алдында түрегеліп тұратынмын. Содан кейін ұжымшар шынжыр табанды НАТИ деген трактор алып, оны да әкем жүргізіп жүрді.
Одан отызыншы жылдардың ашаршылығы басталды, оны да әкем басынан кешірді. 1937 жылы тәуірлерімізді түрмеге қамады, ит жеккенге жіберді, атып тастады. Бірін-бірі көрсету басталды. Әкемнің ағасы, cayaтсыз Жексембайды халық жауы деп coттап, жер аударып жіберді. Әкемнің Ырысбек деген ағасы қайтыс болып, үлкендер әкемді жеңгесіне үйлендіpeді. Содан 1939 жылдың қазан айында мен дүниеге келіппім. Екі жылға толмай уақыт өткенде екінші дүниежүзілік соғыс басталып, қолына қару ұстай алатын жігіттер майданға аттаныпты. Мен дүниеге келгеннен кейін екі ай өтпей, Бектемір інісі әскер қатарына шақырылады. Жауды Брест қорғанында алғашқылардың бірі болып қарсы алады. Ағалы-інілі бірін-бірі ойлаумен болады. Бірі жаумен арпалысып жатса, екіншісі тылда аянбай еңбек етіп жатады.
Бектемір ағамыздың ағасы Дәуешке арнап шығарған өлеңінде мынадай жолдар бар: «…Батады жалғыздығың маған аға, қарап тұр тағы сізге Балташ бала…». Содан әкем соғысқа алып кете ме деп жүргенінде, ұжымшар басшысы жақсы механизатор peтіндe соғысқа жібермей алып қалады. Жау оғынан аман болғанымен, тылда соғыстағыларды азық-түлікпен қамтамасыз ету жолында күні-түні аянбай еңбек етуіне тура келеді. 1942 жылдың аяғында екінші інісі Балташты майданға алып кетеді. Ол майданнан бірінші дәрежелі мүгедек болып оралады. Оны киіндіріп, үйлендіру әкемнің мойнында болады. Тасмағамбет жездем айтады: Қайын ағам (Дәуеш) бір атын мінгізіп, базарға жіберіп, ақшасын Балташқа бергізеді. Бұл бір ғана мысал. Осы інісін екі рет үйлендірді.
Ұзаққа, бес жылға созылған соғыс аяқталып, халық шаруашылығын қалпына келтіру басталды. Ол да оңай болған жоқ. Елуінші жылдардың басында ұжымшарлар кеңшарларға ауысты. Аманкелді ауылы бөлімше болып қалды. Әкем темірден шаршап, үкіметтің малын бағуға ауысты. Өзімен істес болған Әбдірахман, Жүсіп, тағы басқалары мал күтімін сол кісіден үйрендік деп айтып жүретін. Бөлімше зоотехнигі Шегебай ағай Дәукең үкіметтің малына өз малынан артық қарайтын деп баға беретін.
Әкемнің тағы бір басынан кешкен ауыртпалығын айта кету керек болып тұр. Үйде бес жан едік. Үшеуіміз баламыз, үлкені менмін, тағы бір қарындасым, бір інім болды. Шешеміз қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды, екі-үш жылдай барлық ауыртпалық әкеме түсті. Содан шешем қайтыс болды. Шиттей үш бала әкеміздің қамқорлығында қалдық. Одан ол кісі үйленді, өгей шешенің аналық махаббатын біз сезіне алмадық. Анамнан кейін үш айдан соң інім қайтыс болды. Әкемнің арқасында мен жетімдік көрген жоқпын. Әкем кейбір әкелер сияқты «құлыным, бәлен» деп еркелетпейтін. Бірақ, іштей осы жалғыз ұлым аман болса екен деп тілеуімді тілеп жүретін. Мектеп бітіргеннен кейін бір-ақ сөз айтты, балам әрі қарай оқығың келсе оқы деді.
Осы сөзі менің келешегімді шешті. Институтты бітіріп, жұмысқа орналасқан соң әкем маған үй салайық деді. Ондағысы мен отбасын құрып, сол жаңа үйдің иесі болады деп ойлады. Бір жазда үйді салдық. Бірақ, әкем ойлағандай біз ол үйде тұра алмадык, қызмет бабымен басқа жерлерде қызмет атқардық. Міне, әкемнің қысқа ғұмырында көрмегені жоқ, ол туралы жоғарыда айттым ғой. Бірақ, өзінің еңбекқорлығымен ештеңеге мойымады. Үкіметке де адал еңбек етті, өзінің отбасын да жүдеткен жоқ. Сол жаңа салған үйінде үш жыл ғана алаңсыз өмір сүрді. Содан кейін ауырды, бейнеті мол жұмыстың салдарынан жаман ауруға ұрынып, үш жыл емделумен жүріп, елу тоғыз жасында өмірден озды.
Қазір өзім әке, ата, баба болған соң ойлаймын, әкем өмірдің ешқандай қызығын көрмей кетті-ау деп. Басқа қарттар сияқты немере, шөберелерін иіскей алмай, өзі үшін өмір сүре алмай, ерте көз жұмды. Әкемнен қалған ескерткіш жаңадан салған үйі. Тұрғындар әлі күнге «Дәуештің салған үйі» дейді. Ол үйде жиеніміз тұрып жатыр. Менің мақсатым сол үйдің ғұмырын ұзарту. Жылда бейіт басына немере-шөберелерімді апарып, ата-бабалары кім болғандығын, әжелері, өз шешем Хадиша туралы мағлұматтар беріп отырамын, белгілі бір кезеңдері халыққа ас беріп, құран бағыштатамыз. Біздің қолымыздан келетіні осы. Бардың қадірін білуіміз керек. Үлкендерді тірі кезінде қадірлеп, соңғы сапарына ешқандай уайымсыз өтуін қамтамасыз еткеніміз дұрыс болады. Мәңгілік ешкім өмір сүрмейді, сол қысқа ғұмырында шуақты күндерінің көп болуына жағдай жасағанымыз жөн болады. Бұл – түсіне білсе, әрбір ата-ананың ұрпақтарының парызы.
Еркін ДӘУЕШҰЛЫ,
ардагер ұстаз.