Еліне жақсылық ойлаудан бақытын тапқан

 Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі, еңбек ардагері  Гүлнәр Шаймергенқызы биылғы жылы мерейлі 75 жасқа толып отыр.  Осы мерейлі дата қарсаңында әріптес апайымыздың өнегелі өмір жолымен жақынырақ танысуымыздың сәті түсті.                  

–Біз – үлкен болайық, кіші болайық, бәріміз де талай-талай тәлімнің төліміз, тоқсан тарау арнамен тоғысқан татымды тәрбиенің жемісіміз. Бағзы заманда көз жұмған ата-бабаларымыз, аталарымыз бен әжелеріміз, әке-шешелеріміз де мәңгі өшпес ізгі дәстүрдің өнегесімен бізді баулып өсірді, – дейді      апайдың өзі.

Иә, шынымен де, үлкендер өнегесі – ұрпаққа аманат. Аға буын, яғни үлкендер салып кеткен сол сара жолды лайықты жалғастыру перзенттік парыз екендігі де анық. «Тәлім көрген текті артық» демей ме қазақ. Гүлнәр апайымыздың ғұмыр жолымен жақынырақ танысып, зер сала отырып, өнегелі жол әлбетте қара шаңырақтан басталатындығына тағы бір мәрте көз жеткіздік. Қашанда бойын тіп-тік ұстап, нақышына келтіріп байыппен сөйлейтін байсалды мінезді апайымыздың бойынан бір парасаттылық байқалатыны да тегіннен-тегін еместігін Гүлнәр апайдың бізге өзі жазып берген өмір дерегінен-ақ аңғардық.  Ол шыққан тегі, өскен ортасы мен көрген тәрбиесі туралы көп әңгімелейді. Иә, адам баласы үшін ата-ана алтын діңгек екендігі анық. Сол себепті ата-анаңа деген ыстық ықылас,  риясыз көңіл, перзенттік пейілге ештеңе селкеу түсіре алмайтыны анық. Жалғанда өз ата-анасын үлгі тұта білетін адамды адамдық биігіне шыққан жан десек артық айтпағандығымыз.

– Мен Атығай руының ішіндегі Бәйімбеттен тараған ұрпағы екенмін. Бұрынғы Көкшетау облысына қарасты қазіргі Айыртау ауданының Қаратал ауылында тамылжыған жаймашуақ тамыз айының 8-ші жұлдызында таңмен таласа дүние есігін ашыппын. Әкем Шаймерген мен анам Ақжамбының отбасында бізден бұрын Марат атты ұлы 10 жаста өсіп келе жатқан-ды. Әкем 1907 жылы туған. Әкесі – Қасым, анасы – Рахима. Әкеміз Қызылжардағы рабфакті бітіріп, 1931 жылы Айыртау аудандық білім бөлімінде еңбек жолын бастап, одан соң Кеңащы, Қарақамыс, Уақ-Заря, Қаратал мектептерінде барлығы 23 жыл мұғалім болып, одан басқа ауылдарда да ұстаздық етіп, ауылға көшіп келгесін ауылдық Советте қызмет істеген. 1941 жылдың желтоқсан айында Ұлы Отан соғысына аттанып, әскерде 1945 жылдың соңына дейін болып, елге оралды, – дейді апайдың өзі балалық шағын еске алып.

Гүлнәр апайдың Саят есімді сыңар бауыры бар екен. Анасы жүкті болып жүргенде әкесі «Пионер» журналынан Гүлнәр мен Саят есімді екі белсенді әрі үлгілі оқу озаттары туралы мақаланы оқып, ұлым не қызым аман-есен дүниеге келсе, қыз болса есімін Гүлнәр, ер бала болса Саят деп қойыңдар десе керек. Алла  әке тілеуін қабыл етіп, өмірге егіз бала дүниеге келіп, алдын-ала ұйғарылған екі есім қос нәрестеге беріліпті. Ол кезде егіз бала туу деген өте сирек болса керек, біреулері қатты таңырқап, енді бірі тәнті болып, әйтеуір біраз шуласып, ауыл болып мәре-сәре болған көрінеді. «Әрине, Марат ағамыздан кейін көп күттіріп бірден ұл да, қыз да дүниеге келгеніне қатты қуанған ғой», – дейді Гүлнәр апай.

– Біз шамасы 4-5 жасқа келгенде, әкеміз «Борлық» орман шаруашылығына қызметке орналасып, ауылдан үш шақырым жердегі кардонға көшіп барғанымыз есімде. Әкем бұл қызметін де соңына дейін адал атқара білді. Біз кардонда тұрғанда, мектеп жасына толып, 3 шақырым жердегі Қараталдағы мектепке қатынап оқыдық. Шынын айту керек, мектепте өте жақсы оқыдым. Әр тоқсан сайын, әр оқу жылы соңында грамота, мақтау қағазы мен сыйлықтарды үзбей алып отырдым. Біздің класта Күләш Әлиева, Қамарай Байғазина, Мәраш Катина, Орынтай Қоңқақова, Ерсайын Омарова, Ермек Қазкеев, Мұрат Құлышев, Сапаш Баймендин, Толағай (Өмірбек) Мырзахметов, Ақнұр Құрманбаева, Дәметкен Дәулетова,  тағы басқа ұл-қыздар оқыдық. Менің бастауыш сыныптан бастап сабақ берген алғашқы ұстазым – Күлзураш Мырзахметова. Мол тәжірибелі, білікті мұғалім еді, біздің біліміміздің іргетасын осы кісі қаласа, одан әрі жоғары кластарда қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен Мақтым Шәбжантаева, математикадан көршіміз Жанмолда Молдағанапов, физикадан Айтмағанбет Дауылбаев, тарихтан мектеп директоры Сапарғали Хамзабаев, орыс тілінен Жанғали Құлышев сияқты көп жылғы тәжірибесі бар ұлағатты ұстаздардан оқығанымды, білгенімді көңіліме тоқығанымды мақтанышпен айта аламын. Әсіресе, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берген Мақтым Шәбжантайқызының берген  тиянақты білімінің арқасында менің Қарағанды мемлекеттік университетіне қиналмай түсіп, өте жақсы бітіруім, мектепте он жыл ұстаздық етуім, одан кейін облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне арнайы шақыртылуым, күні бүгінге дейін журналистика саласында, баспа жұмыстарындағы абыройлы қызметім сол кісінің тікелей еңбегі екенін мойындауға тиістімін, – дейді апай.

Гүлнәр апай мектеп, университет қабырғасында оқып жүрген кезінде «Қазақстан пионері» газетіне, «Пионер», «Балдырған», «Қазақстан әйелдері», «Мәдениет және тұрмыс» журналдарымен қоса, облыстық «Көкшетау правдасы» газетіне үзбей мақалалар жазып тұрады.  Кейін орта мектепті тәмамдаған соң, Қарағанды мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, оны жақсы бітіріп, 1978 жылдың күзінде облыстық «Көкшетау правдасы» газеті басшыларының арнайы шақыртуымен редакцияға келіп, қызметке орналасады. Жұмысқа орналасқан жылдары алдымен корректорлар бюросында еңбек етіпті. Апай:

– Шәрипа Жүзкеева, Зәуре Жанаева, Күлзейнеп Айсина, Орынбасар Төкенова сияқты апайлармен қатар, Әмина, Күлжиян, Раушан сияқты пысық қыздармен жұмыс істедім. Редакциядағы аттай он бес жыл жұмыс істеген уақыт ішінде қаншама тарих, тағдырлар, қуанышты сәттер, жүріп өткен жолдар мен жылдар жатыр…Өмірде өзім аса құрмет тұтатын адамдар туралы лебіз білдіруге келгенде, олардың жақсы қасиеттерінің бәрі көңіл төрінде мен мұндалап тұрады. Дегенмен, баспасөз қызметінде жолымды ашып, жөн сілтеп, тәлім берген ардақты аға-апаларымды үнемі еске алып, отырамын. Қарашаңырақ – «Көкшетау правдасында» үлкен тәрбие мектебінен өттім. Осы жылдар ішінде көп өзгерістер болды, мен және менің қатарластарым есейді, уақыт біздің сыртқы бейнемізге өзінің қолтаңбасын қалдырды. Беделді де жауапты, қызықты мамандық – журналистикаға маған есік ашқан облыстық «Көкшетау правдасы» редакциясында өзіммен бірге қызметтес болған жандардың істеріне ризашылығымды білдіре отырып, олардың алдында әрқашан тағзым етемін, – дейді ақжарма көңілмен жан сырын ақтарып.

Гүлнәр апай 1993 жылы  Көкшетау облыстық телерадио компаниясының төрағасы Кәрібай Мұсырмановтың шақыруымен облыстық радиоға аға редактор болып қызметке ауысыпты. Кейін облыс таратылып, облыстық телерадио компаниясы да жабылып, елімізге белгілі меценат азамат Жанат Жақып-Сейітұлы Қасымның өтінішімен «Алаш үні» республикалық газеті редакциясында, кейін «Шығыс спорт өнерлері» республикалық газеті редакциясында бас редактордың орынбасары, одан соң шеф-редактор болып қызмет атқарған.  Осы ұжымнан зейнеткерлікке шықты. Алайда, күні бүгінге дейін еңбектен қол үзбей келеді. Ол Ұлы Отан соғысының 70 жылдығына орай шығарылған 11 томдық «Зерде» («Книга Памяти») кітабы авторларының бірі, Сондай-ақ, «Ғұмыр-дәрия», «Бірге тумақ болса да, бірге жүрмек жоқ екен…», «Текті қызы Көкшенің» атты үш кітаптың авторы.

Еселі еңбек еш болмайды дегендей, Гүлнәр Шаймергенқызының баспасөз саласына сіңірген көп жылғы еңбегі ескеріліп, «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 10 жыл», «Еңбек ардагері» медальдарымен, «Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының үздігі» медальдарымен марапатталды. Бірнеше рет Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарға ие болып, журналистер күніне орай өткізілетін «Алтын қалам», «Арқа төрі – Ақмола» байқауларының бірнеше дүркін жеңімпазы атанды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші, бұл күнде Гүлнәр апай жолдасы Бүркіт екеуі екі ұл, бір қыздан немерелер мен жиендер сүйіп, солардың қылықтары мен қызықтарын көріп отырған ата мен әже. Үлкені Темірхан екі жоғары білімді азамат. Ол Қауіпсіздік қызметі саласында абыройлы еңбек етіп жүрсе, Дарханының да екі бірдей жоғары білімі бар. Ол қазіргі таңда «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі, қызы Ақбота «Азаматтарға арналған Үкімет» КЕАҚ Ақмола облыстық филиаланың кадр жұмысы басқармасының бас сарапшысы қызметінде.

– Өз балаларыңның амандығы мен олардың өмірде өз орнын тапқанын көру ата-ана арманының өтелер шағы мен нағыз бақытты ғұмыры болар! Бұл естеліктерім – ақиқаттың арбасын алға сүйреп келе жатқан өмір жолымның бір белестері. Қалған ғұмырымда да бүкіл адам баласына тек жақсылық тілеймін, – деп түйіндейді апай өз сөзін.

Иә, жалғанда жан баласына жақсылық тілей білу – ақадал ниетті ізгі адамның қасиеті. Баспасөз саласына ондаған жылдар бойы өз еңбегін арнаған Гүлнәр апайымызға біз де бар жақсылықты тілейміз. Жасай беріңіз,апай!

 Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар