Әке, ана! Жүресіздер әрдайым жүрегімнің төрінде

Әр адамның өмірінде, жүрегінің төрінде жарық дүниеге әкелген, өмір сыйлаған әке-шешенің орны ерекше. Ата-анаға қыл қалам шеберлері қарасаң көз айыра алмайтын, иненің көзінен өтетіндей сұлу портреттер салады, композиторлар құлақтың құрышын қандыратындай ән-шығармаларын жазады, ақындар поэма, дастан, жырларын арнап, жазушылар роман, очерк, алуан түрлі ой тұңғиығына жетелейтін әңгімелерін жарыққа шығарады. Ауыздары дуалы, айтқандары  қара қылды қақ жаратын би-шешендер, көсемсөз шеберлері алуан түрлі теңеулерді ел алдына, көпшілікке жолдап жатады. Әке асқар тау, ана етегіндегі құрақ, бала жағасындағы бұлақ… Жетпіс жастан асып, шаш ағарып, кәрілікке аяқ басқан шақта да әке-анамды естен бір-бір шығарған емеспін, ара-тұра көз алдымда бейнелері елестейді, түсімде көремін, күбірлесіп сөйлесіп жүргендей боламын, жұма күндері мешітке барып құран бағыштатып, садақа беріп жүремін.

Менің әкем Қабыкен Рақымов Зеренді ауданына қарасты Дөңгілағаш ауылында  1918 жылы туды. 1938 жылы Отан алдындағы әскери міндетті борышын өтеу үшін әскерге шақырылып сол кездегі  КСРО елінің астанасы Мәскеудегі бір әскери гарнизонда міндетін өтеп,  1941 жылдың күзінде елге ораламын деп жүргенде Ұлы Отан соғысы басталады да майданға аттанады. Қардай бораған оқтың астында, өмір мен өлім арпалысында, етіктерімен су кеше жүріп, Отаны үшін жаумен шайқасты. 1943 жылдың күзінде осындай бір шайқаста ауыр жараланып, әскери госпитальге түседі. Жарасының ауырлығына байланысты соғысқа жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады.

Осы жылы көрші Бұлақ  ауылының Мариям Домалаққажықызы анамызбен қосылып  үй болып шығады. Екеуі жарты ғасырдан артық елге үлгілі, еңбекқор, қадірлі де сыйлы отбасы болды. Өмірге 10 бала келді, алдыңғы екі ұлы ерте кезде шетінеп кетіп,  5 ұл, 3 қызды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірді, оқытты, еңбекке, ұйымшылдыққа баулып тәлім-тәрбие берді. Әр деңгейдегі оқу орындарында оқытып, кәсіби мамандықты игеріп адал қызмет етуге бағыттады. Көкшетаудың 8 өңірімен қадірлі де құрметті, сыйлы да абыройлы мыңжылдық құда-құдағи болды.

Соңғы 10-15 жылдар ішінде  Көкшетауда шығатын «Арқа ажары», «Көкшетау», «Бұқпа», аудандық «Зерделі Зеренді» газеттерінде әкеміз туралы, анамыз жайлы қомақты мақалалар басылып шығып тұрды. 2016 жылы баспадан шыққан «Дөңгілағаш менің ауылым» атты кітабымда «Өзің берген өмірді жалғастырып келеміз» деген тақырыппен әкеме үлкен әңгіме арналды. «Ауылдың әжесі болған»  деген тақырыппен анамызға бірнеше беттік өмірдерек жазылды. Кеудесі жалт-жұлт еткен орден-медальдарға толы әкеміз майдангер, соғыс және еңбек ардагері ғана емес, елге ақ батасын беретін ауыл ақсақалы, ақылын айтатын ел ағасы, соңғы 4-5 жылда ауыл имамы болды.Соғыс кезіндегі тылдағы еңбегі ескеріліп анамыз майдангерлерге теңестірілген  тыл ардагері атанып, кеудесіне  Тыл ардагері медалін тақты. Кеңес елінің көп балалы батыр анасы атанса, тәуелсіз Қазақстанның аналарға арналған«Алтын алқа» иегері болды. 2022-2023 жылдары Көкшетаудағы М.Әуезов көшесінің бас жағына үлкен бильбордта әкеміздің суреті екі жылдай биіктен қарап, ілулі тұрды. Сол бильбордта өзім шығарып жаздырған:

Тағзым еттім соғыстағы ерлігіңе,
Әкелдің бейбіт күнді туған елге.
Аруағың риза болсын балаңызға,
Ілгіздім суретіңді көшемізге, –

деген бір шумақ өлең жолдарын балалары, немерелері, шөберелері жатқа айтып жүр. Сол бильбордтың қасына барып суретке түсіп, менің әкем, менің атам, менің ұлы атам деп ұрпақтары мақтаныш сезімде, шаттық көңілде жүреді. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артында сөз қалдырған», – деп хакім Абай айтқандайын, өшпейтіндей артында із қалдырған әке-шешеміздің өмірі 4 ұлы, 3 қызы, 17 немересі, 28 шөбересімен жалғасуда, оның ішінде екі немересі, бір шөбересі Қабыкенов болыпболашаққа бара жатыр.

Орал РАХИМОВ,
зейнеткер, еңбек ардагері,
ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар