Жуырда ерейментаулық альпинистер Дамир Шықтыбаев, Әлібек Омаров және Лейла Қабдулбариева Еуропада ең биік саналатын Кавказдағы Эльбрус тауына көтерілді.
Павлов орта мектебінде 5-сыныптан бастап туризммен айналыса бастаған олар бүгінде мықты альпинистер. Жоңғария мен Тянь-Шаньда (Мұғалім шыңы) жеткілікті тәжірибе жинақтаған спортшылар.
–Менің тәрбиеленушілеріме физикалық жағынан да, моральдық жағынан да тауды бағындыру қиын болғаны рас. Эльбрус шыңына жақындағанда акклиматизациядан өтуге тура келді, бірінші көтерілу әрекеттері сәтсіз аяқталды. Қарлы боран басталып, оларға лагерьге түсуге тура келді. Ал, екінші талпыныстары сәтті болып, тау құшағын айқара ашты. Мен оларды мақтан тұтамын, Ерейментау да жерлестерімен мақтана алады. Өздері Астанада тұрып, еңбек етсе де, туған жерін ешқашан ұмытпайды. Өткен жылдың мамыр айында олар Ерейментау іргесіндегі қырдың үстінде тұрған орманда туристік шеруді өткізуге көмектесті. Биылғы жылы «Бұйратау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мен аудандық білім бөлімінің қолдауымен ұйымдастырылған «Сұңқар» тауларында өткен шеруге қол ұшын берді. Жеңімпаздар әкімдік жанындағы спорт және туризм басқармасының медальдарымен марапатталды. Шара жоғары деңгейде өтті. Аталмыш іс-шара кеңінен айтылып, аталмағанымен, Тың және тыңайған жерлерді игерудің 70 жылдығына арналды. Өкінішке орай, бұл оқиғаға қазіргі таңда аса көп мән беріле қоймайды. Дегенмен, бұл біздің тарихымыз. Мен өз тәрбиеленушілеріме өте ризамын, жорықтың қайсысы болсын оңай емес қой, ал, биік тауды бағындыру кез-келген адамның қолынан келе бермейтін іс. Мұнымен тәрбиеленушілерім, әрине, тоқтамайды. Оларға сәттілік пен бұдан асқан жетістіктерге жетулерін тілеймін, – дейді альпинистердің жаттықтырушысы, Ерейментау қаласындағы «Горизонт» туристік клубтың директоры Максут Гайнутдинов.
Қазіргі таңда ерейментаулықтардың арасында Эльбрусты бағындырған еліміздің жастары бар екені қуантады. Өжет жандардың әрдайым сәттілік серіктері болсын!
Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.