Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Абай әлемі – толық адам болудың ғылымы - АРҚА АЖАРЫ

Абай әлемі – толық адам болудың ғылымы

Қазақ қоғамы мен әдебиеті және мәдениетінде есімі алтын әріппен жазылып, берер өнегесі мен өмірі дара тұрған тұлғалардың бірегейі ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы.

Жарты ғасыр ғұмырында артында қалдырған философиялық ғылымға толы қара сөзі, адами құндылықты насихаттаған өрелі өлеңдері, жоталы шығармашылығы бүгінгі қазақ әдебиетін биік сатыға көтеріп, әлемдік аренаға шығарды. Бүгінде Абайтану ғылымы қалыптасып, ұлы тұлғаны зерттеу мен мұрасын насихаттау кең ауқымда жүргізіліп келеді. Елімізде биыл да 10 тамызда Абай күні аталып өтілді.

Осыған орай, Ақмола облысы мәдениет басқармасы және Қазақстан Жазушылар одағы Ақмола өкілдігінің ұйымдастыруымен «Әдеби кафе» іс-шарасы өткізілді. Өзге форматтағы бұл жиынның мәні Абай әлемін кітапхана немесе мәдени ошақтарда ғана емес, дәмхана, кофехана, мейрамханаларда ортаға салу, қарапайым халық пен қала қонақтарының арасында насихаттау болып табылады. Аталған шараға облысымыздың қарымды қаламгерлері, ақындар мен әдебиет сүйер қауым қатысты. Жиналғандар алдында аталған басқарма басшысы Айгүл Сәбитова мен өкілдік төрағасы Ерболат Баятұлы құттықтау сөз сөйлеп, ұйымдастырушылар тарапынан бірқатар ақын-жазушыларға Алғыс хаттарын табыс етті. Шара соңында кеш қонақтары Абай шығармашылығы мен өмірі жайлы ой-пікірлерімен бөлісіп, өлеңдерін оқыды.

– «Абайды білмесе, ақынның өлеңде несі бар» деген. Абай – кез келген ақынның пірі. Егер Абайды мойындамай жүрген ақын болса, яғни, әлі кемеліне келмеген ақын деп ойлаймын. Кейде ақындардың арасында Абайдан ілік іздеп, кемшілік тапқысы келіп жүретіндер де бар. Абайдың «Толық адам» консепциясындағы толық адам болу үшін толық қазақ болу керек. Толық қазақ бола алмаған адам ақын да болуы, толық адам да болуы неғайбыл. Абайдың бір өлеңінде: «Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым ойлап қой, Бес асыл іс көнсеңіз. Әйтпесе, өтірік, өсек, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ» делінеді. Осындағы асыл деген бес қасиетін ұстанған болсақ, қашық бол деген бес жамандығынан аулақ болсақ, толық адам да болатын едік. Өкініштісі, мемлекет тәуелсіздік алғанда Абайды Қытайдың Конфуцийі секілді деңгейге көтерсек, 30 жылды бұлай өткермес едік. Абайдың жалпы, ақындықтан гөрі қайраткерлігі басым. Қазаққа арнап дала заңын жазып шыққан. Қазақтың мінезіне, ұстанымына, менталитетіне лайықтап жазылған заң, – деді осы ретте, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, ақын Құдайберлі Мырзабек.

Бұл шарадан түйер ой да болды. Осы форматты кең қолданса, кешкі мейрамхана, кофеханаларда Абай жайлы немесе өзге қазақ тұлғалары жайлы сөз қозғап, өлең оқып, әнін айтып жатсақ, сырт көзге жылы көрініс болғандай екен. Бір қалыпты келе жатқан рухани ортаны ғана емес, өзге орта мен қоғамды қамтуға, көптің осыған қызығушылықтарын оятуға мүмкіндік болмақ. Ал, хакім Абайдың шығармашылығы, өмірі, өнері және өнегесімен әр қазақ, әр бала, әрбір адам, Қазақстанның әрбір азаматы таныс болуы, санасына тоқуы керек. Сонда ғана біз толыққанды қазақ боламыз. Абайдың «Толық  адам» тұжырымдамасын оны тану арқылы ғана қалыптастырамыз.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар