Көкшенің көк нөсері Көкен ақын

Асыл тастың су түбінде, асыл заттың қап түбінде қалмайтыны секілді жұрт жадында жатталып, сары майдай сақталып, кітаптарда қатталып, ел есінде еш ұмытылмай жүретін есімдер болады.Солардың бірі, тіпті, бірегейі Қазақстанның халық ақыны, республикалық ақын-жыршылар одағының тұңғыш президенті, соғыс және еңбек ардагері Көкен Шәкеев болды десек, еш қателеспейміз.

13 жасынан бастап, ақындық өнерімен бой көрсетіп, кейін «Айтыста арыстандай арпалысып, мен едім Көкшетаудың туын тіккен» деп жырлаған Көкен Шәкеев өзінің қанаттас серіктері асқақ әнші, айтыскер ақын Мұса Асайыновпен, көрнекті ақын Еркеш Ибраһиммен тізе қоса жүріп, Көкше өңірінде суырып салма айтыс өнерін өркендетуге, оның өрісін кеңейтуге баға жетпес үлес қосқан тұлға.

Қазақтың рухани қазынасына, айналған айтыс өнерінің бастауында тұрып, айтысты қайта жандандыруға көп еңбек сіңірген Көкен Шәкеевтің әкесі Шәкей белгілі құсбегі, саятшы болған екен.  Арқаның арғы-бергі төкпе ақын-жыршыларының мол мұраларынан тағылым алған Көкен ақынның өнердегі ұстазы, айтыскер ақын-жыршы Шәкен Отызбаев өнегесініңорны өзгеше болғаныанық.

Ұстазы жайлы Көкен Шәкеев: «Шағалалы ауылының беделді ақсақалы Байдалы қажы қажылыққа барған жерінде тоқсан үш жасында қайтыс болған екен. Нұғыман, Бөжікей, Толтыр қажылар елге келіп, қажы өлімін естірткен соң, жоқтау өлеңді сол кезде он беске толмаған Шәкен шығарып берген еді. Көңіл айта, бата қыла Шұбардан Мәди қожа, Мұқыжан қожа, Біләл қожа барған екен. Сол батада жоқтау шығарған Шәкенді  шақыртып алып, жас балаға домбырамен өлең айтқызады. Отырған жұрттың ішінен бір беделді адам: «Шариғат заңы бойынша домбыра тартып, өлең айтқан дұрыс емес», – деп наразылық білдіреді. Бірақ үш қожа: «Мұндай сөз шариғатта айтылмаған, бекер сөз», – деп жауап беріп, Шәкенге өлең айтып, домбыра тартуына рұқсат беріп, баталарын берген екен. Осы күннен бастап, Шәкен домбырасын қолынан тастамаған» деп естелік қалдырған екен.

Әрі қарай Шәкен Отызбаевтың Мәлік Ғабдуллинмен байланысы жайында көпшілік біле бермейтін ақпараттар жайына тоқталып кетейік. Екінші дүниежүзілік соғысқа Кеңес Одағы құрамындағы елдер толықтай тартылып, қазақтар да майданға аттанып, фашистермен жан аямай соғысады. Осы соғыста асқан ерлік көрсеткен көкшетаулық Мәлік Ғабдуллин Кеңес Одағының Батыры атанады. Осы жоғары мәртебелі атаққа ие болған Мәлік Ғабдоллаұлы 1943 жылы тамыз айында елге қысқа мерзімдік демалысқа келеді. Қызылжардан Алматыға дейінгі сапар арасындатуған өлкесі Көкшетауға келіп, отбасымен, туыс-туған, жерлестерімен қауышады. Бұл қимас күндердің біраз тұстары деректі фильм ретінде мұрағатталған. Желтау баурайындағы Қойсалғанда, Ғабдолла ақсақалдың үйінде Мәлік батырды ортаға алған бір топ адам дастарқан басында қымыз ішіп отырғанда, бір адамқолындағы қалақша домбырасын шеберлікпен бебеулетіп, Біржанның «Жанботасын» беріле шырқайтын фрагмент бар.

Кешегі сұрапыл соғыс жылдарында,

Керемет той өтіпті Желтауымда.

Сол тойда ақын Шәкен Отызбаев,

Мәлікті мақтап берген бар қауымға, –

деп көкшелік ақын Тайлақ Жалмұрзенов жырлағанындай, жасы шамамен алпыстардың шамасындағы дерлік осы әншіні Шәкен Отызбайұлы болуы мүмкін деп жорамалдаймыз.

Мәлік Ғабдуллин елге келген сапарда Шәкен Отызбайұлы батырды алқалаған топтың бел ортасында болып, сегіз күн ән айтып, жыр төккен екен. Сол күндердің естелігі ретінде Шәкен ақын Мәлік батырды қарсы алған кезде батырға арнаған шашу жыры тасқа басылып бізге жеткен:

Алыстан келген арыстан, алдыңнан шықтым асығып,

Жүйріктей боп шабысқан, тау суындай тасынып.

Сарыарқа бір сілкінді, бұлақтың көзі ашылып,

Миллион жүрек бұлқынды, күннен гауһар шашылып.

Тау бұлбұлы сайрады, бірінен-бірі асырып,

«Мәлік батыр келді», – деп, сүйіншілеп шақырып.

Жаудың құтын қашырып,

Құрдас едім әкеңмен, сүйейін, қалқам, Мәлігім,

Еркелеші батырым, мойныма асылып, –

деп жырмен шашу шашып, бауырына басқан екен деп жазады «Әдебиет порталы» интернет-жобасының шығарушы редакторы Асылбек Байтанұлы.

Көкен Шәкеевтің шығармашылығында ақындық суырып салу өнерінің толық ашылған тұсы 60-70-ші жылдар. Отыздан астам айтыстарға қатысады. Халық жадында оның Сарбас Ақтаевпен, Әбікен Сарыбаевпен, Бүркіт Бекмағамбетовпен және басқа да сөз сайыстары сақталып қалды. Олардың көпшілігінде жүлделі орындарға ие болды. Әсіресе, 1971 жылы Алматыда өткен аламан айтыста талдықорғандық ақын Әбікен Сарыбаевпен өткен айтысы айрықша аталды. Сол жолғы тепе-тең болған айтыста Көкен ақын тілінің құнарлығымен, ойының тереңдігіменозып шықты. Суырып салма халық ақыны және жыршысы Көкеннің шығармашылығы халық ауыз әдебиеті мен поэзия өнерінің көне дәстүрлерімен тығыз байланыста өрбіді. Эпикалық дәстүрді сақтап,насихаттауда ақын еңбегі зор болды.

Ол Қазақстанның солтүстік аймағындағы жыршылық дәстүрді жалғастырушылардың бірден бір өкілі. Жамбылдың, Нұрпейістің, Доскейдің, Исаның, Нартайдың және басқа да эпикалық жыр, айтыс шеберлерінің дәстүрлерін жалғастырып әрі дамыта отырып, Көкен Шәкеев ел ішінде көп таныла қоймаған дастандар мен хиссаларды қайта жаңғыртып, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде ауыз толтырып айтарлықтай көп еңбек сіңірді.

Атап өтер болсақ, ол «Сүйінбай мен Тезек төренің» айтысын, «Қабанбай батыр» жайлы қисса мен «Бөгенбай батыр» туралы дастандарды орындаушы. Ұзақ ізденудің нәтижесінде халық шығармашылығының көне ескерткіші – «Дарихан мен Ғазіреті Ғали күресі» және «Сандыбай батыр» эпосының үзінділерін қайта тірілтіп, өмірге әкелген жыршы. «Қабанбай батыр» жайлы қиссада батыр өмірінің соңғы жылдарын баян етеді, оның кемеңгерлігі мен құдіреттілігін, ХV ғасырдың орта шенінде қырғыздармен күрестегі батырлығын жырлайды, «Бөгенбай батыр туралы» дастанда қалмақ ханы Қаранайдың қазақ жеріне шапқыншылығы әңгімеленеді.

Жоғарыда аталған тарихи эпос жанрына жататын жырларды Көкен ақын өзі шығарған әуенде орындап, осынау сирек өнерге деген ел сүйіспеншілігін арттырған ерекше жан.

1987 жылы Көкен Шәкеевке «Қазақстанның халық ақыны» деген құрметті атақ берілді. Ол Көкше топырағында мұндай құрметті атаққа ие болған тұңғыш ақын. Айтыскер ақын Көкен туралы деректі фильм түсірілген және оның орындауында Ташкент қаласында күйтабаққа жазылған «Қабанбай батыр» дастаны теледидардың алтын қорында сақтаулы.Көкен Шәкеевтің айтыстары Алматыда шыққан «Жамбыл и современная народная поэзия» жинағында жарық көрді.

1972 жылы Кеңестер Одағының салтанат құрып тұрған уақытында Москваның орталық телеарнасындағы «Сельский час» мерекелік бағдарламасының құрметті қонағы болып шақырылады. Мәскеуге ұшақпен барып-келу үшін Көкшетау аудандық ауылшаруашылығы басқармасы экономист-ревизор Көкен Шәкеевке 1972 жылы 31 қазан күні №254-ші нөмірлі бұйрық шығарады.

Халқымыздың өшіп бара жатқан айтыс өнерін қайта жандандырып, оған қоса, талай қисса-дастандарды нақышына келтіре жырлаған Көкен Шәкеев жас ақындарды шеберлікке баулып, жетілдіруді өзіне парыз санап, 1988 жылы Көкшетауда ақындар мектебін ашады.  Ал, 1994 жылы Көкшетау қаласында өскелең ұрпаққа ұлттық мұрамыз домбыра, қобыз, ән-жыр, терме арқылы тәлім-тәрбие беру мақсатында Қазақстанның халық ақыны Көкен Шәкеев атындағы балалар өнер мектебі ашылған екен.

Мемлекеттік стандартқа сәйкес облыстық білім басқармасының лицензиясын иеленген өнер мектебінің қабырғасында 85 оқушы домбыра, қобыз, саз сырнай аспаптарында жоғары және орта арнаулы білімдері бар ұстаздардан тәлім-тәрбие алады. Бірақ, осы бір жақсы бастама қаржы тапшылығына байланысты жалғасын таппай, мектептің жабылып қалғаны өте өкінішті жағдай еді.

Алдағы уақытта Көкшетаудың ән, айтыс, сал-серілік өнердегі өзіндік орны ескеріліп,  облыс әкімдігі мен облыстық білім, мәдениет басқармалары бас болып, осы бір бастаманы қайта қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.

2020 жылдың қаңтар айында Мәлiк Ғабдуллин музейiнiң мұрындық болуымен №3 Краснояр орта мектеп-гимназиясында қазақтың айтыс өнеріне сүбелі үлес қосқан, сөйтіп,  «Көкшенің көк нөсері» атанған Көкен Шәкеевтің мұрасын жинақтап, жас ұрпаққа насихаттау мақсатында музей ашылды. Қазіргі уақытта бұл музейде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, өткізіледі. Сонымен қатар, айтыс өнеріне икемі бар, қызығушылық танытқан жастар мен  аға буын өкілдерінің кездесетін, шеберлік сағатын өткізіп, ой бөлісетін алаңына айналған деуге болады.

Сөзімізді қорыта келе айтарымыз, жақсының қадірін білетін біздің Көкшедей көрікті елі мен жері барда, айтыс өнерінде топ жарған халқының сүйікті ұлы Көкен Шәкеевтің есімі ешқашан ұмытылмай, мәңгі жасайды.

Жанат ҚАЖЫБАЙ,
Мәлік Ғабдуллин музейінің ғылыми қызметкері.

 Көкшетау қаласы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар