Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
«Бір ауыл – бір өнім» тың ізденістерге құлшындырады - АРҚА АЖАРЫ

«Бір ауыл – бір өнім» тың ізденістерге құлшындырады

Көкшетауда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жәркешовтың қатысуымен «Бір ауыл – бір өнім» жобасы аясында өңірімізде өндірілетін өнімдердің көрмесі болып өтті.

oplus_32

Көрмеге мемлекеттік органдар, бизнес-қоғамдастық қауымының өкілдері, облыс қалалары мен аудандарынан өз өнімдерін әкелген кәсіпкерлер қатысты. Осымен қатарынан екінші жыл ұйымдастырылған шараға 40-қа жуық кәсіп иесі ат салысты. Мұнда қойылған бұйымдар мен тағам түрлері ерекше және әр алуан. Жоба – кем дегенде бәсекеге қабілетті бір өнім өндіру арқылы ауылды дамыту тұжырымдамасына негізделген.

Аталмыш жобаның мақсаты – отандық кәсіпкерлерді қолдау және жаңа қазақстандық брендтер құру. Ешқандай салаға, өнім түрлеріне шектеулер жоқ. Негізгі шарт – жергілікті шикізатты пайдалану. Нәтижесінде бренд комитеті үш жеңімпазды анықтайды.

– Көрме-жәрмеңке «Мен Кәсіпкер» кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында ұйымдастырылуда. Мақсаты – қарапайым азаматтардың әл-ауқатын, өмір сүру деңгейін арттыру, кәсіпкерлерге өз өнімдерін өткізу нарығын кеңейтуге, әрі қарай экспортқа шығуға жәрдемдесу. Биыл жеңімпаз болып танылған қатысушылар бизнесті қолдаубағдарламасы аясында 5 миллион теңгеге дейінгі грантқа ие бола алады. Былтыр мұндай қаржылық қолдау болмаған. Барлық қатысушыларға сәттілік тілеймін, – деді өз сөзінде Ернар Жәркешов.

Өңірлік кәсіпкерлер палатасына Көкшетау, Қосшы, Степногорск, Бурабай, Егіндікөл, Атбасар, Ерейментау, Целиноград, Атбасар, Аршалы аудандарының тұрғындарынан көрмеге қатысуға 40 өтініш келіп түскен. Әлеуетті көрме қатысушыларының жобаларының ауқымы айтарлықтай кең – нан, ет және сүт өнімдері, жартылай фабрикаттар, зергерлік бұйымдар, жиһаздар, бөдене шаруашылығы және тағы басқа салалар мен өнімдер.

Аршалы ауданының тұрғыны, 5 баланың анасы Айжамал Шәкірова нан қалдықтарынан мал азығын жасайды. Елордаға нан қалдықтарын тастайтын бірнеше жәшік қойған. Жиналған нан қалдықтарынан түрлі дәрумендер қосылған жем дайындайды. Айтуынша сұраныс жоғары.

–Сұраныс жақсы, екі фирма өтініп отыр. Олармен келісім-шартқа отыру жөніндегі жопарымыз бар. Бұл істі 3-4 айдан бері қолға алып жатырмыз, әзірге Астана қаласының бір жеріне ғана нан қалдықтарын жинайтын 10 бөшке қойдық. Тұрғындар қолдап жатыр бізді. Өйткені, нанды  қоқысқа тастау, аяқасты ету обал. Контейнердің сыртында «нан қалдықтарына арналған» деген жазу бар. Соған халық үйреніп келеді, – дейді жеке кәсіпкер Айжамал Шәкірова.

Нұргүл Омарова есімді азаматша осыдан 4 ай бұрын ұлттық өрнекте бедертас шығаруды қолға алған. Өзбекстанға барып үйреніп, Ресейден шағын аппарат сатып алады. Әзір 6 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Болашақта кәсібін кеңейтуді көздеп жүрген жайы бар.

–Жоғары сапалы сәндік тротуарлар өнімін шығарумен айналысамыз. Біздің барлық өнімдер қоршаған орта әсерлеріне, яғни,аяз бен ыстыққа, жауынға төзімді. Геометриялық өлшемдерінің дәлдігімен ерекшеленеді. Тротуар бедертастарының түрлі-түсті 9 түрін шығарудамыз. Болашақта сауда алаңын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Көршілес облыстарға, жақын шетелге ұсыныспен шығу жоспарда бар, – дейді кәсіпкер.

Атбасарлық Данияр Бисариннің былғары, ағаш бұйымдарын, дөңгелек үстелдер, кемпингтік орындықтар, ағаштан жасалған басқа да ұлттық жабдықтарды, қамшы, былғары сөмкелер, белдіктер, арбалеттер, садақ пен оның жебелерін жасаумен айналысқанына екі жылдай болыпты. Өз ісін сүйетін ол, келіншегі Индира мен баласын да бұл іске тартқан. Қазіргі таңда отбасылық кәсіпке айналып кетіпті.

– Өнімдеріміз сұранысқа ие. Тіпті, жуырда өтетін Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарына сатып алынып жатқанын мақтанышпен айта аламын. Сосын, киіз үйлерді безендіруде де садақтар мен жебелер, арбалеттер, бөріктер сұранысқа ие. Сый-сияпатқа да алатындар көп, –дейді Данияр.

Ал, қосшылық қолөнер шебері Жазира Қалилаеваның қалың әрі әсем кілемдерді тоқумен айналысып жүргеніне жарты жыл болған. Ол арнайы аппараттың көмегімен тафтинг әдісі арқылы түрлі кілемдер, декоративті жастықтар, жайнамаз, көлікке арналған төсеніш және өмірден, әдебиеттерден танымал түрлі кейіпкерлерді тоқиды екен.

– Барлығы қолмен жасалады. Жасалу мерзімі бір-екі күн. Аппаратпен кез келген сызбаны қабырғаға сызу арқылы прожектордың көмегімен дайындап аламыз. Акрилды матаны, сиырдың, қойдың жүнін қолданамыз. Жасалу жолы қарапайым, сұраныста бар. Эко өнімнің ешқандай кері әсері жоқ. Қалың, ламинат үстінде сырғанамайды, – дейді қолөнер шебері Жазира Қалилаева да бізбен әңгімесінде.

Сонымен, «Бір ауыл – бір өнім» көрмесіне қатысқандардың арасынан 10 жоба келесі кезеңге қатысуға іріктеліп алынды. Енді олар еліміз бойынша «ең үздік аталымдар»бәсекесінде бақ сынаспақ. Біз өз кезегімізде «үздіктер топ жарсын» деген тілек білдірдік.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар