Таудай талап иесі

Жыл сайын бүкіл еліміздің аумағында Мәдениет және өнер қызметкерлері кәсіби мерекелерін атап өтетіні белгілі. Биыл да осы айтулы күнді жоғары жетістіктермен қарсы алғандардың қатарында өңіріміздің кітапханашылары да бар. Солардың бірі «Зеренді орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің библиографы Гүлмира Итқұлова.

– Мен өңіріміздің аумағында орналасқан, көпшілікке Интернационал атауымен белгілі Молақ ауылының тумасымын. Сәби кезімде отбасымыз «Айдабол» аудандық мамандандырылған мал бордақылау бірлестігінің бөлімшесі Подзаводск селосына қоныс аударды. Әкем Жолдаңғар (Жолдан) Айтмағамбетұлы мен анам Жаңылдық Нұрмұханбетқызы мал шаруашылығында табысты еңбек етіп, талай жетістіктерге жетіп жүрді. Тұрмысымыз да жаман болған жоқ. Мен жергілікті мектептің 3 сыныбын бітіріп, білім алуды Айдабол орта мектебінде жалғастырдым. Әрі қарай оқуды жалғастырудың сәті түспеді. Оған жанұямызда орын алған қайғылы жағдайлар себепкер болды. 52 жасқа қарағанда әкем инфаркттан өмірден озды. Көп уақыт өтпей ағам Нұрланның зайыбы босану барысында қайтыс болды. Дәрігерлер әйтеуір, бөбектің өмірін сақтап қалды. Отбасының барлық ауыртпалығы анама түсетінін жете сезініп, оқуға түсу райымнан қайтып, үйде шешеме көмектесуге шешім қабылдадым. Зымырап өтіп жатқан күндердің бірінде ағам екінші отбасын құрды. Бүгінде олардың жағдайлары ойдағыдай, қыздары Асылгүл аман-есен бойжетіп, мамандығы бойынша  Зеренді 14-інші өрт сөндіру бөлімінде диспетчер болып жұмыс істейді.

Уақыт өте, нақтырақ айтқанда, 1998 жылы тұрмысқа шығып, бұрынғы Көкшетау облысының Арықбалық ауданындағы Төменгі Бұрлық елді мекенінде тұрдық. Жұмыс істеу мүмкіндігі болмады. Негізінен, бала тәрбиесімен және үй шаруасымен айналыстым. Заман ағымы өзгеріп, аталған селодан тұрғындар жаппай көшіп, мектеп жабылып, жағдайымыз қиындағанда Зерендіге көшуге мәжбүр болдық. Еңбек жолым осы ауылдағы бір мекемеде еден жуушыдан бастау алды. Жұмыс істей жүріп, Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы қазақ педагогикалық колледжін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша бітірдім. 2011 жылы аудандық кітапханада бос жұмыс орны барын естіп, қабылдау шарттарынан өтіп, уақытша мерзімге мекеменің киелі жерлер бөлімінің кітапханашысы болып қабылдандым. Кейіннен күнделікті қызмет барысында мамандығымның ерекшеліктерін, қыр-сырын жете меңгеру негізінде өлкетану бөлімінің кітапханашысы, 5 жылға тарта ауылдық кітапханалар бойынша әдіскер қызметін, бір жылдай мекеме басшысының міндетін атқардым. Тәжірибелі әріптестеріммен ортақ тіл табыса білудің, қызметтің ұтымды ұйымдастырылуының нәтижесінде еңбегім табысты болып, алған марапаттарым жетерлік десем артық айтқандық емес. Мамандығым бойынша жоғары оқу орнын биыл бітірдім. Балаларым ержетіп, қоғамда өз орындарын тауып отыр. Ұлым Димаш Зеренді аудандық салық басқармасында бас маман, қызым заңгер мамандығына Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің заң бөлімшесінің 3-ші курсында оқиды. Осылайша өмір өз ағымымен өтіп жатыр. Қысқаша қорытындыласам, қазіргі жағдайыма ризамын және өз мамандығымды мақтан тұтамын, – деді  бізге берген шағын сұхбатында  Г.Итқұлова.

Сөз соңында Гүлмира Жолданқызының еңбегіне толымды табыс, отбасына бақыт пен шаттық тілейміз!

                                                               Қайрат ҚАЗИЯКПАРОВ.

Зеренді ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар