Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың төрағалығымен облыстық әкімдікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Онда ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау және «Цифрлық теңге» пилоттық жобасын іске асыру туралы баяндамалар тыңдалып, агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды.
– Өздеріңіз көріп отырсыздар. Биылғы берілген қаражатпен былтырғы субсидияны жауып жатырмыз. «Ауыл аманаты» жобасы бойынша былтыр 1,2 миллиард, биыл 1,9 миллиард теңге бөлінген. Мемлекет ақшаны көптігінен беріп жатқан жоқ. Ауыл шаруашылығын дамытсын, жұмыс орындарын құрсын деп беруде. Сол берілген қаражаттыаудан әкімдері «кім қайда жұмсап жатыр?» деп тізім бойынша бақылауға алуына болады ғой. Берілген қаражаттың тиімділігі болуы керек. Мына, «Цифрлық теңге» пилоттық жобасы Сыбайлас жемқорлық агенттігінің төрағасымен бірге жүзеге асырылуда. Бұл жоба бізге өте қажет. Өйткені, әрбір бөлінген теңгені бақылауымыз керек, – деді өз сөзінде Марат Ахметжанов. Облыс әкімінің айтуынша, қазіргі уақытта облыс экономикасы үлесінің 12 пайызын ауыл шаруашылығының өнімі құрайды. Бұл көрсеткіш негізгі ауыл шаруашылығы аймағы саналатын өңіріміз үшін төмен көрсеткіш.
Сондай-ақ, өз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басшысы Асхат Оразхан ауыл шаруашылығы саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдаудың қорытындыларын баяндады. Мәселен, платформада субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесін пайдалану кезінде «Gosagro.kz» өтінімдері бойынша қайта субсидиялау, кезектен тыс субсидияларды төлеу, «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде кредит беру кезінде және тағы басқа бөлігінде ақшалай қаражатты әділетсіз бөлу тәуекелі анықталған. Және де департамент басшысы «Ақшаны бояу» қағидаты бойынша бюджет қаражатын бақылауға мүмкіндік беретін «Цифрлық теңге» жобасын таныстырды. Бұл жоба Ақмола облысында ауыл шаруашылығы саласында пилоттық режимде іске асырылатын болады және «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялар бөлетін бюджет қаражатын, ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға арналған инвестициялық субсидияларды қадағалауға мүмкіндік береді. Бұл ретте, аймақбасшысы қай ауданда қандай сыбайлас жемқорлық фактілері бар, оның неге бақылаусыз екенін анықтауды тапсырды.
Сонымен бірге, жиында облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Дулат Сердәлі баяндама жасап, ауыл шаруашылығы саласында қаражат жетіспеушілігінің туындағанын айтып өтті.
– Ақмола облысы елдің азық-түлік қауіпсіздігіне елеулі үлес қосуда. Оның дамуы көбінесе субсидиялар көлеміне байланысты. 2024 жылы мемлекеттік қолдау 46,5 миллиард теңгені құрады. Оның ішінде, егіншілік шаруашылығына 15,4 миллиард, мал шаруашылығына 7,4 миллиард, өзге шаруашылықтарға 24,7 миллиард, терең өңдеу саласына 400 миллион теңге қарастырылған. Ауыл шаруашылығының негізгі мәселесі жыл сайынғы жеткіліксіз қаржыландыру болып табылады. Өткен жылғы берешек 29,3 миллиард теңгені құрап, осы жылғы бюджет есебінен толықтай төленді. Сондықтан, ағымдағы жылға небары 17,2 миллиард теңге қалды. Бүгінде 14,7 миллиард теңге толықтай игерілді. Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өндірушілеріне толық мемлекеттік қолдауды қамтамасыз ету және жалпы өнімді ұлғайту үшін қосымша 75,2 миллиард теңге бөлінуі қажет. Бұл бюджеттік өтінім Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды, – деді ведомство өкілі.
Отырысты қорытындылаған Марат Ахметжанов жауапты басқармаларға, аудандар мен қалалардың әкімдіктеріне сыртқы талдау нәтижелері бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауға ықпал ететін себептер мен жағдайларды жою жөніндегі ұсынымдардың сапалы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.