Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл да жылдағы дәстүр бойынша қыркүйек айының алғашқы күндері ел халқына өзінің әдеттегі Жолдауын жолдады. Бұл біздің келесі осындай маңызды құжатқа дейінгі елдік іргелі істеріміздің айқын бағдары, нысаналы межесі десек, өте орынды болмақшы.
Биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» тақырыбындағы Жолдауында Президент тағы да көптен бері елдің көкейінде жүрген өзекті мәселелерді қозғап, бүкіл қазақстандықтар мен Үкімет алдына үлкен міндеттер қойды.
Мемлекет басшысының былтырғы Жолдауы бойынша елімізде көптеген жобалар қолға алынып, жүзден астам заң қабылданды. Әлеуметтік салаға ден қойылып, Ұлттық қордан балалардың есепшотына алғашқы қаржы аударылды, жайлы мектептер салына бастады. Соңғы бес жылда бірқатар ауқымды реформалар жасалғанын барша ел болып байқап отырмыз. Халықтың да құқықтық мәдениеті арта түскені қуантады.
Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы азаматтардың табысын арттыру – басты мақсат болуы керектігін қадап айтты. Бұл үшін Үкімет пен әкімдерге:
– Еліміздің тұрақты дамуына мүмкіндік беретін жаңа тетіктерді қарастырған жөн. Басты мақсат – азаматтардың табысын арттыру. Жұмысты дұрыс үйлестіре білсек, бұл – қолдан келетін шаруа. Экономика өскен сайын әлеуметтік теңсіздік азайып, орта тап күшейе түсуі керек. Сонда ғана біз еліміздің әлеуетін күшейте аламыз. Ол үшін кез-келген істің басты өлшемі тиімділік болуға тиіс. Яғни, әрбір шешім, әрбір жоба ең алдымен елге пайдалы болуы қажет, – деп нақты бағыттарды белгілеп берді.
Екінші бағыт бойынша Президент жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі екендігін атап өтіп, жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы екі мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтағанын, заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс екенін атап көрсетіп, осыған тосқауыл қою керектігіне тоқталды. «Ал, жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ, оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн» деді. Шынымен де, Ақмола облысының аумағында да ауыл тұрғындарының жер телімдерін иеленіп алып, оны тиісінше пайдаланбай әріхалыққа берген уәделерін орындамай жүргендер қаншама. Аудандарға барған сапарларымызда мұндай жағдайлар жиі алдымыздан шығып, «жерімізді алды, жолымызды жөндейміз деп, берген уәделерін орындамады, ауылымызға тартамыз деген су да, жол да жоқ» деп шағымданатындар жетерлік. Мемлекет басшысының тапсырмасы тиісінше орындалса, заң да одан әрі қатая түссе, мұндай өрескелдіктерге жол берілмейтіндігі айқын.
– Көптеген меншік иелері өздері пайдасын көріп отырған жерден мыңдаған шақырым алыста тұрады, сөйтіп, ауыл тұрғындарына қамқорлық жасау ойына кіріп те шықпайды. Бізге мұндай жер иелерінің қажеті жоқ. Үкімет пен Бас прокуратура оларға қатысты мәселені мықтап қолға алуға тиіс, – деп Президент Жолдауында нақты тапсырма берді.
Сонымен бірге, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда кадрлық әлеуетті арттыру мәселесін де назардан тыс қалдырмады.
– Болашақта сұранысқа ие болатын кәсіптер үшін білікті мамандар даярлау керек. Бұл бағытта нақты жұмыстар басталды.Қазірдің өзінде елімізшетелдің белгілі 23 жоғары оқу орнымен жұмыс жүргізе бастады. Жоғары оқу орындары ғана емес, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелері де білікті кадрлар даярлауы қажет. Үкімет колледжде жақсы оқыған түлектерді мамандығы бойынша мемлекеттік қызметке алу мүмкіндігін қарастыруға тиіс, – дей келе, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады. Бұлдегеніміз, қоғамда жұмысшы мамандықтарының беделін көтеру арқылы біз еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер берік орнығуы және жоғары бағалануы тиіс.
Мемлекет басшысы айтқанындай, жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әрбір жан жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруы қажет. Бұл орайда, әркім өзінен бастауы керек. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге, мәдениет қайраткерлеріне беріліп келген жоғары марапаттар енді түрлі саладағы мамандар мен қатардағы жұмысшыларға да берілетін болды. Бәсекеге қабілетті озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалағанымыз, оны өз биігіне көтергеніміз абзал. Сондықтан инженерлерге, геологтарға, кен орнын игеруші мамандарға, ауыл шаруашылығы, көлік және су салаларының қызметкерлеріне, ғалымдар мен өнертапқыштарға берілетін құрметті атақтардың да мемлекеттік марапаттар санатына қосылатынын өте дұрыс дейміз.
– Менің тапсырмаммен «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы жүзеге асырылып жатыр. 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгідегі 217 мектеп пайдалануға беріледі, – деді Президент өз Жолдауында. Балалардың жақсы білім алуына қолайлы жағдайлар жасау мақсатында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Ақмола облысында жыл соңына дейін 9 мектепті пайдалануға беру көзделген.
Жалпы, Жолдауда қамтылған қай мәселе болсын, әрқайсысы өз орнымен көтеріліп, алдағы міндет-бағдарымыз айқын көрініс тапты. Жол салу және жөндеу жұмыстары да, көктемгі тасқын сулардың зардабын қалпына келтіру, оны ендігі арада болдырмау мақсатындағы шаралар Үкімет пен облыс, аудан әкімдерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ғана қолдан келмек. Сондықтан, барлығы, Мемлекет басшысы айтқанындай, адал, әділетті атқарылғаны жөн.
– Ешкім де бәрін табан астында өзгерте алмайды. Жылдар бойы шешімін таппай келген мәселелер бар. Біз ештеңені жасырмай, бәрін бүкпесіз ашық айтамыз. Қаншалықты күрделі болса да, барлық мәселені жүйелі әрі батыл түрде шешіп келеміз. Алдымызда ауқымды жұмыс тұр. Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті, – деп түйіндеді өз сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев.
Солай демекші, еліміздің байлығын үнемдеп пайдалансақ, табанды еңбек етсек, салықты дұрыс төлесек, өз шығарған өнімдерімізді сатып алатын болсақ, түрлі жобаларға инвестиция салсақ, мемлекетіміздің қуаты да арта түседі, халықтың әл-ауқаты да жақсаратын болады.
Талғат ЖҮНІСОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты.