Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Ана тіліміздің қадір-қасиеті арта берсін - АРҚА АЖАРЫ

Ана тіліміздің қадір-қасиеті арта берсін

5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдері күні

5 қыркүйек – қазақ халқының тағдыры мен тілі үшін күрескен Алаш арысы, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні.2017 жылы күзде Үкімет Қаулысымен Қазақстан халқының тілдері күнін мерекелеу осы күнге ауыстырылды. Міне, осыған орай, 2018 жылдан бастап елімізде жыл сайын Тілдер мерекесі қыркүйектің бесінші жұлдызында аталып өтіледі.

Ата заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» екені жазылған. Ал, орыс тілі мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында ресми түрде қолданылады.

«Мемлекет Қазақстан халқының тілдерін үйрену мен дамыту үшін жағдай туғызуға қамқорлық жасайды», – деп атап көрсетілген еліміздің Конституциясында.

Лингвистердің соңғы жылдардағы бір есебі бойынша жер шарында 6809 тіл қалыпты. Жер шарында ең көп тіл негізінен, Индонезия, Бразилия, Мексика, Камерун, Үндістан, Қытай, АҚШ сияқты 8 мемлекетте жинақталған. Осылардың ішінде ең тілі көп, яғни, 845 тілде сөйлейтін мемлекет – Үндістан. Одан кейінгі орынды 600 тілде ой толғайтын ел – Папуа-Жаңа Гвинея алады. Ғаламдағы тілдердің 90 пайызы 100 мыңға жетпейтін халықтардың үлесінде, ал, 357 тілде 50-ге дейін адам ғана, 46 тілде тек бір-бір адамнан ғана сөйлейді екен. Әрине, ол тілдерді толық жойылды деуге әбден болады. Өйткені, мемлекеттік, елдік, тіпті, тайпалық байланыс құралы болудан қалған тілдердің бәрі өлі тілге жатады.

Егер ассимиляцияға түскен елдер тағдырына қазақ ұлты деңгейінде шолу жасар болсақ, 330 жылға жуық уақыт бойына Ресей патшалығы мен Кеңестер Одағының тоталитарлық жүйесі жүргізген ұлтсыздандыру саясатыныңәсерінен және сол жойқын ағымныңкүшінен әлі күнге дейін босай алмауы себепті, қазіргі таңда қазақ халқының шамамен 60 пайызға жуығы бір-бірімен көшеде, қызмет орнында, тіпті өз отбасында бала-шағасымен ана тілінде сөйлесе алмайтын жағдайға жетті. Тіпті, осы көшедегі, мектептегі, кеңседегі, қоғамдық көліктегі, тағы басқаларындағы орыс тіліне мойынсұнушылықты көріп, бұл цифр жай бер жағы ғой деп ойлайсың. Бұған ішінара Парламент пен Үкіметті, әкімдіктерді де қосыңыз. Ал, осыны айтқанда, әр ұлттың ең ұлы анасы өзінің туған тілі екенін, өз анасын сыйламаудың, мойындамау мен менсінбеудің көлеңке тұстарымен қатар, қасіреті болатынын ғылым жоққа шығармайды.

«Адамзаттың  Айтматовы» атанған Шыңғыс Айтматов «Ғасырдан да ұзақ күн» атты романында өткен ғасырдағы мәңгүрттендіру мәселесінің біздің дәуірімізде бұрынғыдан әлденеше есе жойқын жаңа сипат алғанын меңзеді.

Мәңгүрттік туралы алғашқы деректердің бірі осыдан он ғасыр бұрын жырланып, қырғыз халқының ерлік пен елдік энциклопедиясына айналған «Манас» эпосында кездеседі. Онда бала Манастың тентектігі мен шыдас бермес күшінен қорыққан қалмақтар оны мәңгүрт етіп жіберейік деп уәж байласқаны былайша жырланады:

Баланы ұстап алайық,
Басына шіре салайық,
Үйге алып барып қиналық,
Алты ағайын қалмақтың,
Аяқ-басын жиналық.

Осы жердегі «шіре салайық» дегені осы мәңгүрттендіру әдісінің бірі, адамның шашын алып, басына өгіздің немесе түйенің мойнағын сулап тартып кигізіп, аяқ-қолын байлап ыстық күннің астына тастайды. Шаш өсіп, теріні тесе алмай артқа қайырылып, адамның басына қайта кіріп, кепкен тері одан сайын сыққанда адам шыдамаса, азаптан өліп қалады немесе ми жұмыс істеу қабілетінен айырылып, адам қожайынының ғана айтқанымен жүретін мәңгүртке айналады.

Ал осы заманда мәңгүрттік бар ма? Меніңше, мәңгүрттіктің нағыз көкесі біздің дәуірімізде. Тіпті, ол ұжымдық мәңгүрттікке айналған. Ш.Айтматов қазіргі аса қауіпті қасірет туралы былай ой түйіндейді:

«Тоталитарлық жүйе тұсында тұтас қоғамға, соның ішінде саған да, маған да, бәріміздің ақыл-ойымызға, түсінігімізге идеологиялық шіре салды. Мұның өзі бір режимге бағындырып, бұғаулап ұстау мақсатында жүзеге асып жатты…».

Мәңгүрт сөзі Ресей Ғылым Академиясының лингвистік зерттеу институты шығарған «Орыс тілінің үлкен түсіндірме сөздігінде» (Санкт-Петербург, Норинг, 1998 ж) былай ұғындырылады:

«Манкурт» –очеловеке забывшем прошлое, отказавшемся от национальных традиций, обычаев, потерявшем нравственные ориентиры, ценности.Манкуртизм – забвение исторических, преемственных связей, утрата нравственных ориентиров».

1988 жылдың 16 желтоқсан күні Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Геннадий Колбин Мұхтар Шахановты өзіне шақыртып, тіл туралы ұзақ әңгімелескен екен. Ақынның өзінің айтуынша, әңгіме соңында:

–Мен сізді адам ретінде де, ақын ретінде де осы жолы терең түсініп отырмын. Бір шындықты ашып айтайын, тек әңгіме екеуміздің арамызда қалуы керек. Осыған уәде бересіз бе? Ендеше, қолыңызды беріңіз, – дейді.

–Енді айтайын. Сіздер қанша тырыссаңыздар да, қазақ тілін мемлекет тілі жасай алмайсыздар. Бәлкім, қазіргі қайта құру идеясының  бір тетіктерін пайдаланып, ойларыңызды іске асырып қалуларыңыз да ғажап емес. Бірақ, ол уақытша ғана. 250 жылдан астам уақыт бойына өзге ұлттармен бірге, Ресейдің қол астында келесіздер ғой. Қашан ұлт ретінде жойылып, өздеріңіз түгел орысқа айналып кеткенше осылай қаласыздар. Құрсаудан шығуға ұлы орыстық шовинизм жібермесі айдан анық.  Өйткені, сіздер орыстарға өте тиімдісіздер. Мұхиттарда, теңіздерде үлкен балықтардың кіші балықтарды қорек ететіні сияқты… Желтоқсан оқиғасын тудырған басты фактордың  бірі – тіл екенін мен білмейді дейсіз бе? Тіпті, Қазақстанда Қонаев билік құрып тұрған кезеңде неге 700-ден астам қазақ мектебі жабылды? Ойланыңыз. Енді, ана тілін жеке басында немесе отбасында жойып алған, әр салада билік басында жүрген қазақтарыңыздың өзі-ақ сіздерге ана тілдеріңізді мемлекеттік тіл жасауға жол бермейді, – десе керек.

Осы орайда, есіме түсіп отырғаны, 1983 жылы қазақ мектебі, қазақ сыныптары мәселесімен Жамбыл қаласына келдік. Қайнаған қалың қазақтың ортасы, облыс орталығында 40-тан астам мектеп бар көрінеді. Соның төрт-бесеуінде ғана қазақ кластары бар болып шықты. Ол мектептердің өзі аралас тілді мектептер, ал, Алматы қаласында тіпті жалғыз қазақ мектебі қалған екен. Жамбылда 1986 жылы қыркүйек айында 7-іншішағын ауданда алғаш толыққанды қазақ тілді№45 мектеп ашылды, алғашқы директоры болып Айман Садыққызы Садықова тағайындалды. Осы атқарылған жұмыс ерлікке бара-бар қадам еді. Содан кейін барып, 1988 жылдан бастап №46, 47, 48, 49 мектептер ашылды. Соның өзінде жаңа ашылған мектептерге парта, орындықтар жетіспейтін, ата-аналар өздері соның барлығын тауып, кабинеттердің жөндеу жұмыстарын жасап жүріп, қазақ кластарын ашқызды.Осы ретте, солтүстік өңірлердегі ахуалды айтудың өзі артық болар.

Біздің Қосшы қаласында соңғы екі жылда 3 мектеп ашылды. Сол мектептерді ашу барысында өзіміздің қаракөз ата-аналар «неге орыс сыныптары аз, біздің балаларымыз орысша неге оқымайды, ущемляете наши права, я пойду жаловаться» деп «жер тепкілеп»  жүргендерін көзбен көріп, құлақпен естіп жүрдік. Осыны көргенде баяғы құйтұрқы, ұлтсыздандыру, мәңгүрттендіру саясатын жүргізген КСРО мен  Г.Колбиннің М.Шахановқа айтқан сөздері еске түседі.

Ана тілімізге шырылдап жанашыр болып, М.Шаханов, басқа ақын-жазушылар менөнер, қоғам қайраткерлері де атсалысты ғой. Соның арқасында қазақ тілі мемлекеттік тілге айналды, бұрынғыдан жақсы жаққа көшін көп түзеді. Мақаламның соңында әрбір қазақ айтып жүрсе артық болмайтын сол Мұхтар ағамыздың «Төрт ана» өлеңінің бір шумағын келтіре кетейін.

Туған жері – түп қазығы, айбыны,
Туған тілі – мәңгі өнеге, айдыны,
Жан байлығы,салт-дәстүрі – тірегі,
Қадамына шуақ шашар үнемі…

Ана тіліміздің түбегейлі қолданыста болуын әрбір отбасында ана сүтімен берілетін тәрбиеден бастаған жөн. Ол үшін ең алдымен, сәби тілін «мама» емес, «анашым» сөзімен шығартсақ, оң нәтиже болады деп ойлаймын.

Тіл мәселесін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев барлық сұхбаттарында, Жолдауларында, Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөздерінде ескерусіз қалдырған емес. Наурызда өткен құрылтайда сөйлеген сөзінде де «тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл біз үшін мызғымас ұстаным.Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады.Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Елімізде Оқу-ағарту министрлігі ашылды, бұл бастамасы. Әрі қарай әрбірұлтжанды азамат осы іске өз үлесін қосуы қажет, – деп атап көрсетті.

Осы оқу жылында Қосшы қаласында қазақ тілінде білім мен тәрбие беретін 1200 орындық тағы бір жайлы мектеп ашылды. Тіл тұрғысынан алғанда, бұл білім ордасының болашақ тағдыры жақсы болар деген ой келеді. Әлде де болса, ана тіліміздің қадір-қасиеті биіктей бергей!

Ерғали ДІЛДӘБЕК,
Қосшы қалалық мәслихатының депутаты. 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар