Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Жаңа мектептер жұмысын жақсы бастауы тиіс - АРҚА АЖАРЫ

Жаңа мектептер жұмысын жақсы бастауы тиіс

Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіповтің қатысуымен мәслихаттың әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясының отырысында облысымыздағы білім беру нысандарының жаңа оқу жылына дайындығы қаралды.

Облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айнагүл Балташева өз сөзінде статистикалық деректерді ғана емес, сонымен қатар, жаңа мектептерді, сондай-ақ, күрделі жөндеуден кейін жекелеген білім беру объектілерін пайдалануға беруге байланысты проблемалық мәселелер мен тәуекелдерді де алға тартты.

–Қазір 1706 орындық 6 балабақшаның құрылысы жалғасуда. Жақын арада 2 балабақшаны ашу жоспарлануда. Бұлар Көкшетау қаласының құрамына кіретін Краснояр ауылының Нұрлы көш шағын ауданындағы 280 орындық және Көкшетау қаласының Сарыарқа шағын ауданындағы жүріп-тұруы шектеулі топтар үшін 166 орындық балабақша. Бүгінгі таңда облыста 2 апатты мектеп бар, оның бірі Біржан сал ауданындағы Бұланды ауылында, екіншісі Жарқайың ауданы Бірсуат ауылында орналасқан. Бұл мәселені шешу үшін облыстық бюджет есебінен Бұланды ауылында 80 орындық мектеп салынуда. Нысан ағымдағы жылдың қараша айында пайдалануға беріледі деп жоспарлануда, – деді ол.

Бірсуат ауылындағы мектептің апатты жағдайын жою үшін жеке инвестициялар есебінен 80 орындық мектеп құрылысы басталды, оны да ағымдағы жылдың соңына дейін пайдалануға беру көзделуде.

1580 орындық 3 мектептің құрылысы жалғасуда. Бұл 80 орындық білім ордасы Сандықтау ауданының Петровка ауылында, 300 және 1200 орындық мектептер Бестөбе ауылы мен Қосшы қаласында салынып жатыр. Бұл нысандарды пайдалануға беру ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне жоспарланған болатын. Дегенмен, құрылыс басқармасының мәліметінше, оқу жылының басына дейін Қосшыдағы 1200 орындық мектептің ғана құрылысы аяқталған жайы бар.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында ағымдағы жылы 12200 орындық 9 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда. 9200 орындық жеті мектеп Целиноград ауданында, ал, 3000 орындық екі білім ордасы Көкшетау қаласында салыну үстінде.

Сондай-ақ, Айнагүл Балташева оқушыларды тамақтандыруды ұйымдастыру, педагогикалық ұжыммен қамтамасыз ету, мектеп қазандықтарын жылу маусымына дайындау, цифрландыруды енгізу, балаларға қауіпсіз орта құру туралы депутаттарды егжей-тегжейлі хабардар етіп, бірқатар сұрақтарға жауап берді.

Білім беру саласындағы сапаны бақылау басқармасының басшысы Орал Қаппасов жиынға қатысушылардың назарын жаңа оқу орындарын лицензиялау, мектептерді ашу үшін сапалы педагог кадрларды жасақтау, сондай-ақ, оқу орындарына лицензия беру, жеткізушілермен қиындықтар туындауына орай, облыстың жекелеген аудандарын оқулықтармен қамтамасыз ету мәселелеріне аударды.

Депутаттардың айтуынша, оқу жылының басталуы әдеттегідей өтуі үшін бар күш-жігерді жұмсау қажет. Отырыс барысында айтылған барлық ұсыныстар әлеуметтік мәселелер жөніндегі комиссияның қорытынды хаттамасында және қарарында көрініс тауып, уәкілетті мемлекеттік органдарға жолданатын болды.

Салтанат БӘКІРОВА,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар