АЭС салудың маңызы және қажеттілігі түсіндірілді

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде студент жастармен және «Көкшетау Энерго» ЖШС-ындаеңбек ұжымыменелімізде атом электр станциясын салу жөнінде кездесулер өткізді. Министрдің бұл сапарында облыс әкімінің орынбасары Елдос Рамазанов бірге болды.

Жиынға осы оқу орны мен А.Мырзахметов атындағы Көкшетау университетінің, М.Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясы мен гуманитарлық-техникалық академияның студенттері қатысты. Кездесу барысында «Бейбіт атом» тақырыбы талқыланды. Өз сөзінде Алмасадам Сәтқалиев атом энергетикасының Қазақстан үшін маңыздылығына тоқталып, оның еліміздің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігі үшін қажет екенін атап өтті.

–Қазақстанның энергетикалық жүйесіне жүктеме ең әрі дегенде шамамен 16,5 гигаватты құрайды. Яғни, бүкіл энергетикалық жүйенің жартысы қазір дайын жобалар, дайын қаржыландыру бар. Оны біз электр қуатының тапшылығынан жүзеге асыра алмай отырмыз. Бүгінгі таңда электр энергиясының 65 пайызы көмірден өндіріледі. Бір жағынан, бұл жақсы, өйткені, біз арзан электр энергиясын ала аламыз. Көмір бізге өнімдеріміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бірақ, қазіргі заманда тек қаржылық емес, тіпті, өнеркәсіптік елдер де көмірді қаржыландырмайды. Қазба отындарын пайдалануды шектеу бойынша бастамаларды дайындауға тікелей тыйым салынған. Оның басты себебі, қоршаған ортаның тазалығы, – деді Алмасадам Сәтқалиев.

Сондай-ақ, министр бүгінде жаңартылатын энергия өндіру үлесі шамамен 6 пайызға жеткенін айтты.2035 жылға қарай электр энергиясын тұтыну сағатына 152,4 миллиард киловатты құрайды. Бұл ретте қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған энергия көздерін өндіру бірқатар объективті себептерге байланысты төмендейді және қажетті өлшемнен 20 миллиард киловатт аз болады. Осыған байланысты 2035 жылға қарай жалпы қуаты 26,5 гигаватт болатын жаңа генерациялаушы қуаттарды іске қосуды қамтамасыз ету қажет.

–Жасыратыны жоқ, қазір бүкіл әлем көміртегі бейтараптығына бет бұруда.Сондықтан, халықаралық қаржы институттары көмір электр станцияларының құрылысына инвестиция салудан бас тартып отыр. Сонымен қатар, Қазақстан еліміздегі газ ресурстарының шектеулі болуына байланысты газ генерациясын ауқымды енгізуді іске асыра алмайды.Өз кезегінде жаңартылатын энергия көздері олардың жұмысын болжау мүмкін емес табиғи-климаттық жағдайларға тәуелділікке байланысты электр энергиясын өндірудің сенімді базалық көзі бола алмайды.Сондықтан да, АЭС құрылысы тоқтап тұрған қуаттарды алмастырудың және Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін қамтамасыз етудің бірден-бір дұрыс шешімі болып табылады, – деді ол.

Сонымен бірге, кездесуде атом электр станцияларын қауіпсіз пайдалану мәселесіне көп назар аударылды. Халықтың көкейіндегі сұраққа жауап бере отырып, Энергетика министрі ядролық реакторларды пайдаланудың әлемдік тәжірибесі және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің заманауи шараларына тоқталды.

–Әрине, бұл сұраққа жеке тоқталғым келеді. Ол – Фукусима мен Чернобыль оқиғаларының зардаптары. Қазір барлық ғылыми зерттеулер негізінен, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, бұл оқиғалардан кейін талаптар қатайтылған. Олар төтенше жағдайлардың туындауын іс жүзінде жоққа шығарады. Қорғаныстың белсенді және пассивті жүйелерде қорғалатын барлық түрлері бар, –деп сенім білдірді ол.

Жиында қатысушылар ойдағы сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Диалог аясында жастар Қазақстандағы атом энергетикасының болашағы және оның тұрақты дамуға қосқан үлесі туралы түсінік алды. Студенттер энергетика саласының болашағына және оның елдегі экологиялық жағдайға әсеріне қызығушылықтарын білдірді.

Әрі қарай кездесу күн тәртібі бойынша «Көкшетау Энерго» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жалғасын тапты. Энергетика министрі кәсіпорынның жұмысымен танысып, еңбек ұжымдарымен кездесуде АЭС туралы түсініктеме берді. Бұл жерде де жұмысшылар нысанға, соның ішінде экологиялық тазалықтың сақталуына қатысты сұрақтарын қойды.

–Ел экономикасының тұрақты өсуі электр энергиясына сұраныстың артуымен қатар жүреді. Өнеркәсіп, металлургия, көлік, IT, фармацевтика, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу және басқа да салаларда жаңа жобаларды іске асыру үшін қазірдің өзінде электр энергиясының едәуір көлемі қажет. АЭС-тің басты артықшылығы – ол озық заманауи технологиялар бойынша салынады. Экологиялық қауіпсіздікке кепілдік беріледі, – деп түйіндедіөз сөзін Алмасадам Сәтқалиев.

Жиынды қорытындылаған Энергетика министрі атом электр станцияларының құрылысы жас мамандарға кең мүмкіндік ашатынын тілге тиек етіп, атом энергетикасы саласында жас мамандар даярлауға, олардың біліктілігін арттыруға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетініне сендірді. Айта кетейік, АЭС құрылысын салу үшін жобалауға 3-4 жыл, ал, нысанды аяқтауға 8-10 жыл уақыт қажет. 6 қазанға белгіленген референдумнан кейін құрылыстың нақты құны белгілі болмақ. Ол шамамен 8 миллиардтан 12 миллиард долларға дейін болуы мүмкін деп күтілуде.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар