Президент Жолдауы жарияланған күні біз, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының төрағалары Марат Қойшыбаев, Саят Сыздықов және аппарат қызметкерлері, тұтастай ұжым болып Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан: заң және тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын үлкен ынта-ықыласпен тыңдадық.
Президент мемлекетіміздің дамуының тоғыз бағыты мен міндетін белгілеп, бүгінгі таңда ең өзекті мәселелерді шешу жөніндегі өз көзқарасын егжей-тегжейлі баяндады.
Ақша-кредит және фискалдық саясат, бизнесті ілгерілету үшін инвестициялық ахуал мен тиісті жағдайларды жақсарту, елдің толыққанды өнеркәсіптік әлеуетін ашу, бірінші кезектегі инфрақұрылымдық проблемаларды шешу, кадрлық әлеуетті арттыру, ұлт денсаулығын нығайту және азаматтарды әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру жөнінде кешенді шаралар қабылдау, экологиялық ахуалды нығайту және қоршаған ортаға ұқыпты қарауды жолға қою, мемлекеттік басқару, қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын бекіту, міне, осы бағыттардың барлығында Мемлекет басшысы биліктің барлық тармақтары үшін нақты міндеттерді айқындай түсті.
Ақмола облыстық мәслихатының іс-тәжірибесіне сүйене отырып, бюджет қаражатын ұтымды пайдалану және оларды басымдықтар бойынша бөлу мәселесі біздің депутаттық корпустың тұрақты бақылауында деп нық айта аламын. Өткен жылдың соңында тұрақты комиссиялардың отырыстарында біз ағымдағы жылға арналған қалалар мен аудандар бюджеттерінің жобаларын тыңдадық. Қалалар мен аудан әкімдіктері ұсынған жобаларды мұқият талдай отырып, біз бірқатар жүйелі проблемаларды анықтадық. Көбінесе жобалар бюджеттің нақты мүмкіндіктері, жергілікті халықтың қажеттіліктері, экономикалық жағынан орындылығы ескерілусіз әзірленеді. Мәслихат депутаттары тарапынан бюджеттік бағдарламалар әкімшілеріне осы тұрғыда көптеген ескертулер айтылды. Біз бұл жұмысты күнделікті жүргізудеміз.
Әрине, бюджетті қарастыра отырып, депутаттық корпус өңірдің, соның ішінде, әсіресе, ауылдық жерлердің инфрақұрылымдық проблемаларын шешуге көп көңіл бөледі. Урбанизация процесі тоқтамайтындығы әрі сөзсіз екендігі түсінікті, бірақ, менің ойымша, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу ғана жергілікті халықтың қалаға бет алуын тоқтатып, ауылдағы өмір сапасын жақсарта алады. Бұл туралы жерлестерінің тағдырына шын жүректен алаңдаған депутаттарымыз үнемі айтып отырады.
Облыстың депутаттық корпусы ақмолалықтардың ең өзекті мәселелерін шешуге, сондай-ақ, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында белгіленген міндеттерді тиімді іске асыруға өз үлесін қосуды жалғастыратынына сенімдімін.
Бейбіт ЖҮСІПОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы.
![]()

