Жасыл желек көбейіп, орманымыз молайсын

«Қазақстан Орманы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауданда ТМД елдерінде теңдесі жоқ жобаны қолға алуда.

Көлемді жоба аясында Астана қаласының жанындағы жасыл белдеуде жалпы алаңы 485 гектарды құрайтын жылыжай кешені бар орман питомнигі құрылмақ. Сондай-ақ, серіктестік Қазақстанның қалаларын көгалдандыру үшін 100 миллион түп көшетке деген қажеттілікті қанағаттандыруға ынталы. Көшет отырғызу жұмысы Бозайғыр ауылының әкімшілік шекарасында жүргізілмекші. Серіктестік штабы Төңкеріс ауылында орналасқан.

Бүгінгі таңда орман питомнигі жобасын іске асыру серіктестіктің өз күшімен ойластырылуда. Қысқа мерзімде атқарылған жемісті жұмыстың нәтижесінде питомникте 80 гектардан астам жерге тамшылатып суару жүйесі орнатылып, 12 мың текше метрден астам суды сақтайтын бассейн салынған. Маусым айынан бастап 800 мың түптен астам көшет отырғызылды.

Жоба бойынша инвестиция көлемі 6,5 миллиард теңгені құрайды. Аудан әкімдігінің мәліметінше, серіктестік мемлекеттің қолдауына және екінші деңгейлі банктер мен «Бәйтерек» ұлттық холдингі» арқылы жеңілдетілген қаржыландыруға, оған қоса, «Даму» Федералды инвестициялық қоры» акционерлік қоғамының гранттары мен қолдауына үміт артып отыр. Сонымен бірге, серіктестіктің іргелес аумағынан сүт өңдеу зауытын салу үшін қосымша жер бөлу шаралары қабылданған. Қазір кәсіпорынды Ақмола облысындағы инвестициялық жобалар пулына қосу жұмыстары да қарастырылуда.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Шортанды ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар