Сұранысы жоғары отандық өнім

Покровка ауылындағы жаңа фабрика әркімге бала кезінен  таныс «геркулес» ботқасын дайындайтын жоғары сапалы сұлы жармасын өндіреді.

Атбасар ауданында ашылған заманауи өндіріс орындарының бірі – «Баха Sohne» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне қарайтын фабриканың іске қосылғанына көп уақыт болмаған. Әзірге енді-енді қарқын алу үстінде. Ірі кешенде небары бес адам ғана жұмыс істейді. Серіктестіктің бас директоры Аманжол Әріповтің пікірінше, мұнда барлық жұмыс автоматтандырылған, сондықтан, көп адамның қолын қажет етпейді, әрі тамақ өнімі өндірілетін жерде адамдардың көп болғаны санитарлық тұрғыдан да дұрыс емес.

Кешен 2023 жылдың мамырында іске қосылған. Содан бері мұнда бүгінге дейін 2500 тоннадан астам жарма өндірілген. Өнімдер 25 келілік қаптармен сатылады. Алайда, тұтынушы кәсіпорындардың көбі жарманы қаптап сатып алғаннан кейін, оны әдемілеп, арнайы пакеттерге буып, экспортқа жіберетін көрінеді. Сөйтіп, енді мұны да өз кешендерінде атқаратын болыпты.

– Ендігі арада жарманы буып-түйіп, орайтын арнайы құрылғыны да сатып алуды жоспарлап отырмыз. Біз қазір сауда маркасын әзірлеп қойдық, оны тіркеген кезде қаптамамен айналысамыз және өнімді бірден дүкен сөрелеріне жіберетін боламыз, – дейді Аманжол Әріпов.

Оның айтуынша, фабрикада жарма арнайы технология бойынша жасалады, бір емес, екі рет бумен пісіріледі. Бұл өнімнің ұсақталып, шашылып қалмауы және барлық пайдалы дәрумендері сақталуы үшін қажет екен. Нәтижесінде өнімге деген сұраныс жоғары.

– Аманжол менің балам. Ол Англиядағы Оскфорд университетін бітірген соң, ауылға оралып, осы өндірісті қолға алды. Бұл біздің отбасылық шешіміміз, – дейді «Заречный» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Уәлихан Әріпов.

Жалпы, жарма жасалатын сұлы дәнді дақылы «Заречный» серіктестігінің өз алқаптарында өсірілетіндігін де атап өткеніміз жөн.

Ы.ШАМШИЕВА.

Атбасар ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар