Әсем ән әуелеген әуезді кеш

Аудан орталығында Сарыарқаны сазды әуенімен сан өнеріне бөлеп, өз заманының айтулы сал-серісі атанған жойқын күш иесі, далалық цирк өнерінің іргетасын қалаушы, қазақтың ән мектебіне айтулы үлес қосқан сазгер, жауырыны жерге тимеген балуан, ат ойындарының түрлі тәсілдерін меңгерген өнерпаз қайраткер Балуан Шолақтың 160 жылдығына арналған концерт болып өтті.

Орталық алаңда ашық аспан астында өткен мерекелік концерткеән өнерінің жұлдыздары,продюсер, сазгер Ұлықпан Жолдасов, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Досымжан Таңатаров, эстрада жұлдызы Зарина Омарова және басқа да әншілер өнер көрсетіп, халықтың көңілін бір көтеріп тастады. Әсіресе, өзінің әуезді үнімен халықтың сүйіктісіне айналған Ұлықпанның, өзінің қазақы қоңыр үнімен халық әндерін көпшіліктің жүрегіне жеткізе орындаған Досымжанның, ойнақы әндерді билей жүріп, шырқаған Заринаның және тағы басқа әншілердің әндеріне тәнті болған көрермен дуылдаған шапалақпен оларға қошемет көрсетіп отырды. Ауа райының жауынды-шашынды болғанына қарамастан, орталық алаңда халықтың қарасы мол болды. Мұны өздерінің жерлесі, исі қазаққа танымал дара да даңқты тұлға Балуан Шолақ бабамызға көрсетілген зор құрмет десек, екіншіден, эстрада жұлдыздарына деген қошемет деп білгеніміз де абзал болар.

Өмір бойы ат үстінен түспей, отарлаушы қара шекпенділермен күресіп өткен қайраткердің өмірі кейінгі ұрпаққа өнеге болуы тиіс. 51 пұт немесе 830 келі кірдің тасын көтеруі, ешкімнен жеңіліп көрмеген орыс палуаны Иван Кореннің қабырғасын сындырып, жеңіске жетуі оның жойқын күштің иесі болғанын айғақтайды. Қос өнерді қатар дамытқан Балуан Шолақ өнерлі жастарды жинап, сауық құрып, Біржан сал, Ақан серінің әндерін орындауымен қатар, өзі де ән шығарып, қазақ өнеріне айтулы үлес қосты. Оның әндерін белгілі музыка зерттеушісі А.В.Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні» жинағына енгізді.

Айтулы өнерпаз, дарынды тұлға Балуан Шолақтың 160 жылдық мерейтойына арналған іс-шараларөңірімізде алдағы уақытта да күрес, көкпар, атжарыс сияқты қазақтың ұлттық ойындарымен жалғасын таппақшы.

Амантай БЕЙСЕКЕЕВ.

Біржан сал ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар