Зерттеу 1146 үй шаруашылығын қамтиды

Қазақстанда мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (МИКС) өткізілуде. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ұлттық статистика бюросының Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы Расул Ерғалиев кеңінен баяндап берді.

Бұл халықаралық зерттеу ЮНИСЕФ, БҰҰ Халықты қоныстандыру қоры (ЮНФПА) және Азия даму банкісінің қолдауымен жүргізіледі. Осы іс қолға алынған 1996 жылдан бері 118 елде 355 МИКС зерттеуі өткен. Ағымдағы 7-інші раунды Қазақстанды қоса алғанда, 27 мемлекетте болады.

– Мультииндикаторлық кластерлік зерттеу (МИКС) елімізде осы жылғы 2 қыркүйекте басталды. ЮНИСЕФ әзірлеген бұл зерттеу бүкіл облыс бойынша 1146 үй шаруашылығын қамтиды. МИКСзерттеуі Қазақстанда төртінші рет өткізіліп отыр. Бұған дейінол 2006 жылы, 2010 және 2015 жылдары жүргізілген.

– «МИКС 2024»-тің негізгі мақсаты әйелдер мен балалардың денсаулығы мен әл-ауқатын бағалау және бақылау, сондай-ақ, олардың дамуының негізгі көрсеткіштері туралы сенімді ақпарат алу. Бұл олардың әл-ауқатын тиімді бақылауға және ұлттық саясатты жетілдіруге мүмкіндік береді. Зерттеу аясында денсаулық сақтау, тамақтану, білім беру, санитария, балаларды ерте жастан дамыту және басқа аспектілерді қоса алғандағы сұрақтар қойылады, – деді брифинг барысында Расул Жабалұлы.

Сондай-ақ, сауалнама Қазақстанның жиырма аймағын қамтымақшы. Еліміз бойынша тұтастай алғанда ол 2 қыркүйек пен 29 қарашаға дейін қалалар мен ауылдардағы 24 мың үй шаруашылығында жүргізіледі. Департамент басшысының  айтуынша, барлық сауалнама тиісті мемлекеттік органдармен бекітілген. Интервьюер барған үй иелері осы сауалнамаларға түсіністік білдіреді деген үміт бар. Зерттеуге қатысу Қазақстан халқының тұрмыс жағдайы мен денсаулығын жақсартуға көмектесетін маңызды мәліметтерді жинауға көмектеседі.

Сонымен бірге, әйелдер мен ерлерге арналған сауалнамалар жиынтығына жұмысқа орналасу және білім алу, неке және психикалық жағдайының саулығы туралы сұрақтар да кірген. Ал, тек әйелдерге арналған бөлігінде босануға және босанғаннан кейінгі күтімге қатысты сауалдар қойылады. Әрине, бұл зерттеуден ұлт болашағы – балаларда шет қалмаған. Тарқатып айтсақ, бес жасқа дейінгі балаларға қойылатын сауалдар өз кезегінде ерте даму және баланың тәртібі туралы сұрақтарды қамтыса, 5-17 жас аралығындағы балалар сауалнамасы бала еңбегі мен дағдыларды ерте дамыту және басқа да маңызды аспектілерге қатысты болмақ.

– Соңғы МИКС біздің елімізде, соның ішінде облысымызда 2015 жылы өтті. Содан бері Қазақстанда өмірдің барлық салалары бойынша елеулі өзгерістер болды. Олар елдегі балалар мен әйелдердің жағдайына да тікелей әсер етті. МИКС осы өзгерістерді қадағалауға, болып жатқан оң жаңалықтарды бағалауға және қосымша өзгерістер қажет болатын аймақтарды анықтауға мүмкіндік береді. Бұл бағытта уақытылы және тиімді шаралар қабылдау үшін сенімді статистикалық ақпарат қажет. Міне, МИКС барысында алынатын осы нәтижелер Үкімет пен азаматтық қоғамға балалар мен әйелдердің қажеттіліктері мен мүдделеріне сәйкес әлеуметтік бағдарламаларды жоспарлауға және бақылауға көмектесетініне сенім мол, – деп түйіндеді брифингте өз сөзін Расул Ерғалиев.

Тағы бір айта кететіні, сауалнамаға қатысу ерікті түрде жүргізіліп, алынған ақпарат тек статистикалық мақсаттар үшін пайдаланылады. Бұған қоса, сұхбат алушылар Бюро, ЮНИСЕФ, АДБ және ЮНФПА-ның логотиптері бар ерекше форма киіп, бейдж тағады.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар