Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Дархан жүректі, асыл болмысты тұлға - АРҚА АЖАРЫ

Дархан жүректі, асыл болмысты тұлға

Адамзат өмірінде қандай мереке болсын, отырыс-жиындарда бір-бірімізге деген жылы лебізімізді білдіре отырып, «Сізге ең бастысы, денсаулық тілеймін!» дейтініміз бар. Әрине, бірінші байлық – денсаулық болса, өмір мен өлімарасындағы қаншама жанның ажалына арашатүсетін, адам денсаулығы үшін күресетін жандар, ол ақ халатты абзал дәрігерлер.

Дәрігер – аса жауапкершілікті, шыдамдылықты, өз ісіне деген сүйіспеншілікті қажет ететін ұлы мамандық. Бұл мамандық адам тәні мен жанын зерттей отырып,сырқатқа шипа бере алатын аялы алақандар мен мейірімді жүректердің жиынтығы.

Сол асыл мамандық иесінің бірі, есімі республика денсаулық сақтау саласында кеңінен танымал, Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, жоғары дәрежелі хирург-онколог, Көкшетау облыстық онкологиялық диспансердің бас дәрігері болғанқоғам қайраткері, еңбек ардагері, Көкшетау қаласының құрметті азаматы Өмірбек Кәкімұлы Бәйкеновтың туғанына 90 жыл толып отыр.

Өмірбек Кәкімұлы 1934 жылдың 24 қыркүйегінде Солтүстік Қазақстан облысы, Зеренді ауданы, Крупское ауылында қарапайым жұмысшы отбасында дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен жастайынан ата-анасынан қол үзген бала, болашақта дәрігер болсам деп армандайтын. Көп ұзамай орта мектепті бітірген соң, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының емдеу факультетіне оқуға түседі. Институтта жақсы оқып, оқу орнын ойдағыдай бітіргеннен кейін қызмет жолын Көкшетау облысы, Еңбекшілдер ауданындағы Казгородок учаскелік ауруханасында хирург болып бастайды. Аурухана жанынан өз күшімен хирургия бөлімшесінашып, сол жерде алғашқы оталарын жасайды.Жіті көзді, білгір қолды Өмірбек Кәкімұлы өз орнында қажымай-талмай еңбек етіп,1959 жылыКөкшетау облыстық онкология диспансерінде хирург-онколог болып жұмысын жалғастырады. Облыс бойынша өте ауыр және жауапкершілігімол осы істе өзін жақсы жағынан көрсетіп, науқас адамдар мен басшылардың ілтипатына бөленеді.

Алпысыншы жылдары Мәскеу қаласындағы онкология институтында білімін одан әрі жетілдіре отырып, тәжірибесі толыса бастаған білікті маман диспансердің бас дәрігері болып тағайындалады. Сол бетпен 2002 жылы еңбек демалысына шыққанға дейінбір орында тапжылмастан осы салаға жетекшілік етеді.

Өмірбек Кәкімұлының күш-жігері және табандылығымен 1963 жылы Көкшетау облыстық онкодиспансерінде науқастарды қабылдайтын емхана ашылып, осы оң өзгеріс те бұл салада халықтың денсаулығына бақылаудың жақсаруына, обыр ауруын ерте анықтауда белгілі бір ілгерілеушілікке қол жеткізілуіне ықпал етті. Диспансерде әдістемелік, рентген-диагностикалық, жақын фокустық  және терең рентгенотерапия кабинеттері  пайда бола бастады. Нәтижесінде алғаш  рет барлық ағзаға онкологиялық ота  жасау жүзеге асырылды. Облыста жүйелі онкологиялық қызмет көрсету  жұмысы бастау алып, алғаш рет өкпе, асқазан, бауырға ота жасалып, науқастарға аралас және кешенді емдеу әдістері қолданылды. Ағзаның жасырын ағза ауруларын анықтауға аудан, қалаларда түрлі бағыттағы  емдеу, бақылау шаралары қолға алынып,  лаборатория, онкологиялық кабинеттер ашыла бастады. Дәрігерлік қызмет пен әкімшілік-шаруашылық жұмысты іскерлікпен ұштастыра отырып, Өмірбек Кәкімұлы өзін қабілетті басшы ретінде көрсете білді, осы істердің қай-қайсында да алдымен басқаларға қойылар талапты, әр науқасқа мейірім-шапағатты, жанашырлықты өзінен бастады.

1967  жылы диспансер жаңа ғимаратқа көшіп, 3 бөлімше ашылып, кереует саны 100-ге жеткізілді. Онкология ауруханасының материалдық-техникалық  базасын жақсарту  мәселесін көтере отырып, 1990 жылы онкодиспансердің 180 кереуеттік жаңа үлгідегі ғимараты пайдалануға берілді. Сөйтіп, онда консультативтік-диагностикалық хирургиялық, радиологиялық, химиотерапевтік, кеуде хирургиясы  бөлімшелер ұйымдастырылып, хирург, гинеколог дәрігерлерінің отыратынорындары, сондай-ақ, эндоскопия кабинеттері кеңейтілді.

Тәжірибелі де тиянақты басшы Өмірбек Кәкімұлы халықтың денсаулығын қорғауда өздерінен талап етілетін жұмысты іскерлікпен орындайтын, білікті ұжым қалыптастыра отырып, маман тапшы соққан кездерде өзі тәрбиелеген шәкірттерін қызметке шақырды, соларға сенім артты, оларды жыл сайын біліктіліктерін жетілдіру мақсатында Мәскеу, Ленинград, Алматы қалаларының арнаулы онкология  институттарына оқуға жіберіп отырды. Өзі болса Мәскеу қаласындағы бүкіл Одаққа танымал академик А.И.Савицкийден оқып, сол кісіден алған білімін өмір, еңбек тәжірибесінде кеңінен қолданғаны, сол емдеу әдістерінің көптеген сырқаттарға ем болғаны және де соныізін басқан көп дәрігерлерге оқытып, үйретуге септігін тигізгені жайлы тебірене айтатын.Осындай толайым ізденістері мен өз кәсібіне шын берілудің нәтижесінде Өмірбек аға басқарған диспансер ұжымы  жыл сайын республикалық және облыстық байқауларда емдеу мекемелері арасында үнемі алдыңғы лектен көрінетін. Осы ретте, қоғамымыздың үлкен бір «бас ауруы» болып табылатын обыр ауруын емдеуденәтижелі жұмысы үшін диспансер 1974 жылы КСРО Денсаулық сақтау  министрлігі мен медицина кызметкерлері кәсіподағы Орталық комитеті президиумының дипломына ие болғанын айтсақ та жеткілікті.

Жоғары санатты онколог-хирург Өмірбек Бәйкенов бір шеті Америкада, Мәскеу, Таллин, Ташкент, Ленинград қалаларында өткен обырға қарсы халықаралық конгрестерге де үзбей қатысып, «Невада-Семей» ядролық қозғалысының белсенді мүшесі бола білген көрнекті тұлға. Отырған, жүріп-тұрған жерінде үнемі адам денсаулығының жаршысына айналған абзал жан, бір ғана осы өмір қағидасымен тыныстап, талай рет онкологтар мен радиологтардың үлкенді-кішілі жиындарына, екі бірдей  республикалық съезіне, төрт бірдей  Бүкілодақтық конференцияға  делегат ретінде қатысқан жан.

Осылайша бәрінен ұлттың саулығын жоғары қойған Өмірбек ағамыздың басқа атақ, дәрежелері де санамалай берсек, өте көп-ақ. Айталық, Көкшетауоблыстық хирургтар қоғамының белсендімүшесі болып қана қоймай, оның жұмысының лайықты өріс алуына үнемі өз үлесін қосып отырды. Ал, өзінің дәрігерлік жұмыс тәжірибесімен ұштасқан білікті ғылыми мақалалары жүйелі түрде халықаралық, республикалық медицина журналдарында жарияланып жататын. Ол сондай-ақ, «Дәрігер дәптерінен» атты естелік кітабын жазып, онда жиырмасыншы ғасырдың 60 жылдарынан бастап халыққа медицина саласында онкологиялық көмек көрсетудің, осы салада күрделі де ауыр оталарды игерудің толымды тарихына тоқталған. Бұл кезде өзі ашқан жаңалықтардың жиырмасы онкологиялық  қызмет тәжірибесіне енгізілген болатын.

Күні бүгінге дейін елді мазалап, жүрегін ауыртумен келе жатқан мұндай қауіпті дертпен күресу әрдайым белгілі бір медицина ұжымынан, әсіресе, оны басқарып отырған бас дәрігерден жинақылықты, іскерлікті талап етті. Әлі де солай.

Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы Н.Кәмәлиденов аға әріптесі жайлы ерекше тебіреніспен былай дейді: «Онколог дәрігерлер қызметінің ерекшелігі жайлы айтар болсам, олар басқаларға қарағанда, осы қауіпті дертпен көбірек бетпе-бет ұшырасады. Олар жан күйзелісіне душар болған адамның басындағы қайғысымен бөлісудің ауыр сезімдеріне де бойлап, қайткенде де сол жанды уайым шеңгелінен алып шығуға тырысады. Бұл жағынан олар үлкен психолог та болулары керек. Міне, Өмірбек Кәкімұлы осындай игі қасиетті толығымен меңгерген өз ісінің нағыз білгірі еді».

Иә, жұмыс ауқымының көптігіне қарамастан, Өмірбек ағамыз дәрігерлік парызын да адал орындап, диспансердегі емделіп жатқан науқастармен жылы сөйлесуге де уақыт тауып, қарамағындағыларға да бұл ретте жоғары талап қоя біліп, өз күш-жігері мен азаматтық парызын ештеңеден аянып қалмады. Қоғамдық жұмыстарды да белсенділікпен атқарып, кәсіби шеберлігінің, адамдармен қоян-қолтық бірге болуының арқасында көп сенімінен шыға білді.

Әрине, дархан жүректі, асыл болмысты азаматтың ел алдындағы бұл өлшеусіз еңбегі ескерусіз қалмағаны айдан анық. Өмірбек Кәкімұлы 1965 жылдың өзінде Тың өлкелік Кеңесіне, 1977 жылы халық депутаттары Көкшетау қалалық Кеңесінедепутат болып сайланды. 1981 жылы Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының және Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қаулысы бойынша оныншы бесжылдықтың тапсырмасын орындаудағы аса көрнекті жетістіктері үшінесімі Қазақ КСР-інің Алтын кітабына жазылды. Сондай-ақ, халықтың денсаулығын қорғауда жоғары көрсеткіштерге  жеткені және осы саладағы қажырлы еңбегі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен марапатталды. Сол сияқты, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің,  Көкшетау  облыстық  денсаулық сақтау бөлімінің және медицина кызметкерлері кәсіподағы облыстық комитетінің Құрмет грамоталарына ие болды.

1972 жылы жоғары санатты дәрігер атанса, 1973 жылы денсаулық сақтау саласына, әсіресе, обыр ауруларын емдеп жазуға қосқан ерекше үлесі үшін  «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген дәрігері» жоғары атағын алды. Ілуде бір берілетін бұл атақтың өзі Өмірбек ағамыздың нағыз адам жанының арашашысы екендігінің, осы жауапты салада атан түйенің жүгіндей ерен жұмыстар атқарғандығының бірден-бір дәлелі еді. Бертін бұл жоғары атағына лайықты түрде «Көкшетау қаласының құрметті азаматы»атағы да қосылды.

Бар саналы ғұмырын халықтың денсаулығына арнаған аяулы ағамыз осылайша еліміздің жұрт сыйлар, мақтан тұтар үлкен бір қадірлі тұлғасына айналып, көзі тірісінде-ақ жарқын ізімен өзіне үлкен ескерткіш қойып кетті. Ол ескерткіш – күні бүгінге дейін бұл кісіге деген көпшілік құрметі, өзі жазып, небір күрделі оталар жасап, өмірін ұзартқан, құлан-таза сауықтырған науқастардың көнермес алғысы.

Кейін жасының ұлғаюына байланысты құрметтіеңбек демалысына шықса да, жастарға мамандық таңдауда өзінің ақыл-кеңестерін беріп, туған үйіндей болып кеткен өз диспансерінің тыныс-тіршілігінен де қол үзбей, ірілігімен танылды. Әсіресе, ол кісінің жанының жомарттығы, жүрегінің кеңдігі, науқастарды еммен ғана емес, жылы сөзімен де емдеген дархан көңілі туралы жылы лебіздер әлі де көп. Жарты ғасырлық қызмет жолында алдына келген, диспансерде емделгеннауқастарға жоғарғы деңгейлі медициналық көмек көрсете отырып, әр адамға ерекше мейіріммен қарап, өмірге деген құлшынысын арттырып, көркем мінез, адамгершілікке толы ұстанымның үлгісі болып қалған мұндай жанның өнегесі талай жүректерді жылыта берері сөзсіз. Әлбетте, Өмірбек Кәкімұлының еліне елеулі, халқына қалаулы үлкен тұлғаға айналып, соңында өшпес із қалдыруына ол кісінің сүйген жары Рауза апайдың да еңбегі өлшеусіз деуіміз керек. Бұл кісілерден тараған өнегелі, ақыл-парасатты ұл-қыздары да бүгінде ата-аналарындай ел игілігі үшін адал тер төгіп, түрлі мамандықтарда әке-шешенің үлгілі  жолын лайықты жалғастырып келеді. «Жақсының аты өлмейді» демекші, дәрігерлік қызметіне аса адал болған, денсаулық саласының жоғары деңгейдегі білікті ұйымдастырушысы Өмірбек Кәкімұлы Бәйкеновтың есімі ақмолалықтар мен көкшетаулықтар жадында мәңгі қалатынына сенім мол.

Бүгінде Ақмола облыстық мемлекеттік архивінде ағамыздың өмірі мен еңбек жолына қатысты жеке қор бар. Ол қор осы бір жүрегі «елім» деп соққан тамаша адамның өмірінен тағылымды сыр шертеріне сөз жоқ.

Самал ҚҰТТЫҒОЖИНА,
Ақмола облыстық мемлекеттік архивінің
ақпараттық-ұйымдастыру бөлімінің архивисі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар