Notice: Function _load_textdomain_just_in_time was called incorrectly. Translation loading for the wp-latest-posts domain was triggered too early. This is usually an indicator for some code in the plugin or theme running too early. Translations should be loaded at the init action or later. Please see Debugging in WordPress for more information. (This message was added in version 6.7.0.) in /var/www/vhosts/arka-azhary.kz/httpdocs/wp-includes/functions.php on line 6114
Бурабайы бар аймақ туризм саласында алда болуы керек - АРҚА АЖАРЫ

Бурабайы бар аймақ туризм саласында алда болуы керек

Өткен жұма күні Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов пен Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Бурабай курортындағы алғашқы әуе экскурсиялық маршрутын іске қосуға қатысты.

Өңір басшысы өз сөзінде бұл оқиғаны өңір аэротуризмін дамытудағы маңызды қадам деп атады. Облысымызға келген UP-SA001 маркалы тікұшақтыңсыйымдылығы 3 жолаушыға арналған.Максималды ұшу қашықтығы 250 шақырымды құрайды. Жеткізуші мердігер «AUTC» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қарағанды ​​қаласында орналасқан. Өзінің жеке аэродромын басқарады және аэродромның ұшу-ақпараттық қызметтері және авариялық хабарлау саласындағы аэронавигациялық қызметтердің сертификатталған жеткізушісі болып табылады.Бұл жолы да облыстың туристік бағытын дамыту мақсатында жергілікті атқарушы органдардың қолдауымен және «AUTC» серіктестігінің күш-жігерімен экскурсиялық, яғни, туристік турлар жоспарланған. Алайда, әуе экскурсиялық тур келесі туристік маусымның басында іске қосылады.

Сондай-ақ, әрі қарай министр мен облыс әкіміДүниежүзілік туризм күніне арналған «Aqmola Tourism Event» салтанатты іс-шарасына қатысты. Бұл ретте жиында «Ақмола облысының туристік әлеуеті» көрмесі таныстырылды. Онда экотуризмді, мәдени және спорттық бағыттарды дамытудағы жетістіктер көрсетілді. Көрме барысында аймақ басшысы атбасарлық қолөнершілердің қазақы оюмен нақыштап, сәндеп жасаған тұрмыстық бұйымдары мен ұлттық құндылықты, қазақ халқының өнерін тартымдылықпен көрсете білген көкшетаулық оқушы қыздың портреттеріне ерекше назар аударып, еңбектерін жоғары бағалады.

– Дана қазақ халқымыз «Жері байдың елі бай» дейді. Біздің Ақмола облысы, Көкше өңірі тек қана табиғатымен емес, адами байлығымен мақтана алады. Өйткені бұл, ақындармен батырлардың мекені. Бүгінгі таңда туризм – халықаралық байланыстар орнатудың, бейбітшілікті нығайтудың және мәдениет алмасудың қуатты бір құралына айналды. Әлемде жалпы өнімде туризм саласының үлесі 9 пайыздан асты. Әлемдік экспортта 30, инвестиция көлемі бойынша 7 пайызды құрайды, әрбір төртінші жаңа жұмыс орны осы салада ашылады. Мемлекет басшысы, туризмге ерекше назар аударып, жыл сайын Қазақстан халқына арнаған Жолдауында туристіксаланың экономикалық маңызын баса  атап көрсетіп  отырады. Біздің өңір туристік бағытты дамыту және ілгерлету үшін бай әлеуетке ие. Туризмді дамыту жөніндегі кеңесте Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы салада атқарылатын жұмыстар жөнінде нақты тапсырмалар берді. Осы жиында, Мемлекет басшысы еліміз бойынша үш орынды белгіледі. Қуаныштысы, туризмді дамыту орталықтарына Ақмола облысы да кірді. Сондықтан, осы жерге келген адамдар қазақ елін көріп, біздің терең тарихымызды, мәдениетімізді, халқымыздың тұрмысы мен қонақжайлылығын көріп, сүйсінуі керек. Біздің табиғатымызда дамуымызға өз үлесін қосуы қажет, – дей келе, облыс әкімі өзінің құттықтау сөзінде бірқатар мәселелерді ашып айтып өтті. Оның сөзінше, туризмді дамыту тек серуендеу, дем алу, қыдыру алаңдарын көркейтумен шектелмей, осы өңірдің тарихын, аймаққа қатысты ұлы тұлғаларды насихаттаумен жалғасуы керек. Яғни, келген туристер Көкшетаудан қандай мықты тұлғалардың шыққанын білуі керек.

Сонымен бірге, өз кезегінде сөз сөйлегенҚазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Қуантайұлы сала қызметкерлерін мерекемен құттықтап, облыс әкімі Марат Мұратұлына алғысын білдірді.

–Министр ретінде бірінші сапарым Ақмола облысынан басталғанына қуаныштымын. Туризм – ел экономикасын дамытатын, мәдени мұраларымызды танытатын үлкен сала. Келешекте осы саланың дамуына зор мүмкіндіктер ашылып тұр. Бурабай аймағы еліміздің мақтанышы. Шын мәнінде, Қазақстанның інжу маржаны болып табылады. Оның бірегей табиғаты, ерекше тарихымен, бай мәдениетімен еліміздің туризм саласының дамуына қосатын үлесі зор. Сіздердің қажырлы еңбектеріңіз бен кәсіби шеберліктеріңіз осы саланың алға жылжуына септігін тигізуде, – деді Ербол Мырзабосынов.

Шара соңында, адал еңбегі мен туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін бірқатар ақмолалықтар «Туризм саласының үздігі» төсбелгісімен, Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрінің Құрмет грамоталарымен, облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды.

–Біздің алдымызда осы саланы дамыту бойынша үлкен міндеттер тұр. Және біздің бірлескен жұмысымыз сындарлы форматта құрылатынына сенімдімін. Тек күш біріктіру арқылы ғана біз өңірімізді қызықты, тартымды және туристік нарықтың заманауи талаптарына сай ете аламыз, – деп түйіндеді өз сөзін Марат Ахметжанов.

Айта кетейік, бұл сапар туристік инфрақұрылымды дамыту бағытына арналды. Өңір басшысы атап өткен Бурабай курорттық аймағында жайлы және қауіпсіз туризм құруға бағытталған жаңа жобалар белсенді іске асырылуы  керек. Тек нәтижелі жұмыстардың арқасында ғана өңіріміз туристер үшін тартымды бола түседі.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар