Француздар «Соколов ірімшігіне» жоғары баға берді

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов Бурабай ауданының бірқатар кәсіпорындарында болып, өндірістің және ауылдық жерлердегі кәсіпкерліктің даму барысымен танысты.

 Сапар барысында Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовта бірге жүріп, өндіріс орындарының жағдайымен таныстырды. Бүгінгі таңда орақ науқаны белсенді жүргізіліп жатқандықтан, облыс әкімі алдымен, «Burabay Grain» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің ауыл шаруашылығы алқаптарын аралап, қызметкерлермен кездесті. Серіктестік директоры Дмитрий Рысьевтың айтуынша, 2024 жылдың көктемгі егістік жұмыстарында бидай 3301, сұлы 600, зығыр 563, сәбіз 20 гектар алқапқа егілген. 123 ауыл шаруашылығы техникасы жұмыс істеуде. Ал, жалпы аудандағы егіс алқабының көлемі 131,3 мың гектар. Ауданда осы салада 357 ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмыс істейді. «30 жылдық еңбек жолымда алғаш рет мұндай жоғары өнімділікті көріп отырмын. Гектарына 52 центнерден алдым. Маған заманауи техника ұнайды, бәрі автоматтандырылған. Жұмыс үшін барлық жағдай жасалған» дейді комбайншы Мырзахмет Аймұрзиев. Ол күніне шамамен 140 тонна астық бастырады.

– Ағымдағы жылы лизингпен 15 миллиард теңгеге 215 техника сатып алдық. Сіздер барлық мемлекеттік қолдауды тиімді пайдаланатын үлгілі шаруашылықсыздар. Субсидия, жеңілдетілген несие нәтижеге жұмыс істеуі керек. Жаңа технологияларды қолдану арқылы өнімділік артуы қажет. Жаңа ауыл шаруашылығы техникасы, жақсы селекция, тыңайтқыштар егіннің шамамен 50-60 пайызын береді, – деп Марат Ахметжанов өз кезегінде аграршылардың атқарған жұмысына ризашылығын білдіріп, әліде жақсы жұмыс істеуді тапсырды. Айта кетейік, қазіргі уақытта өңіріміздің диқандары 4,5 миллион гектар алқапты орып үлгерді. Бұл егістік алқабының 89,7 пайызы. Орақ нәтижесінде 5,6 миллион тонна астық бастырылды.

Әрі қарай облыс әкімі Ключевое ауылында орналасқанAQUA BURABAY» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің таза ауыз су өндірумен айналысатын зауытына барды. 2018 жылы құрылған кәсіпорын бөтелкедегі ауыз суды өндіреді. Серіктестік директоры Арман Лұқсанов «Өнім түрін ұлғайту арқылы қуаттылығы сағатына 10 мың ватт жаңа зауыт салу жоспарлануда» дейді. Өз кезегінде Марат Ахметжанов таза ауыз суын бренд ретінде қалыптастыру керектігін атап өтті. «AQUA BURABAY» маркасындағы 0,5 және 1 литрлік сулар еліміздің Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларымен қоса, өзгеде өңірлерге таралуда.

Сондай-ақ, Марат Ахметжанов сапар аясында Қатаркөл ауылындағы отбасылық кәсіпорын «Соколов» ірімшік зауытының жұмыс барысын көзімен көрді. Ірімшік цехы ірімшіктің 40-қа жуық түрін шығарады. Кәсіпорынның өндірістік қуаты тәулігіне 100 келіні құрайды. Отбасылық шағын кәсіпорын 2016 жылдан бастап жұмыс істейді. Өз әулетінің табыс көзін тапқан, зауыттың негізін қалаушы Руслан Соколов «Сапаны бағалау нәтижелері бойынша біздің ірімшіктер Франциядағы ең жақсылардың бірі болып танылды», –дейді. Қазіргі уақытта цехта жасалған ірімшік түрлері облыс орталығын қоса алғанда Алматы, Астана, Қарағанды, Петропавл, Щучинск секілді алты қалада орналасқан 18 дүкенде сатылымға шығады. Еліміздің өзге өңірлеріне тапсырыс арқылы жіберу мүмкіндігі қарастырылған. Шағын кәсіпкерліктің ерекшелігі, өз өнімдерін шетелге де танытып үлгерген. Жуырда Францияда 47 мемлекет қатысқан ірімшік жасаушылар арасындағы әлем чемпионатында 2000-ға жуық ірімшік түрінің ішінен «Соколов ірімшігі» қола жүлдеге ие болған. Бұл ретте, кәсіпорын Францияға ірімшіктің 3 түрін жіберіп, оның 2 түрі жоғары бағаны иеленді. Барлық ірімшіктердің Бурабайда жасалғаны мақтанарлық жағдай. Көрсетілген рецептің ішінде «Қатаркөл» ірімшігі де бар.

Сонымен бірге, сапар соңында өңір басшысы Қатаркөл ауылында 2023-2024 жылдары ауыл инфрақұрылымын дамыту бойынша іске асырылып жатқан жобалармен танысты. Олардың қатарында көпфункционалды алаңқұрылысы мен «Бурабай-Қатаркөл» автомобиль жолының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуда. Ұзындығы 20 шақырым жолды күрделі жөндеу жұмыстарына 3 миллиард теңге жұмсалған. Бас мердігер «Көкшетау жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жөндеу жұмыстарын 2019 жылы бастаған болатын. Оған қоса, ауылда құны 7,7 миллион теңге болатын көпфункционалды спорт алаңы пайдалануға берілсе, ұзындығы 1447 метр тротуарды орташа жөндеу жұмыстарына 37,2 миллион теңге қаражат жұмсалып, бүгінде аяқталуда. Бурабай ауданының әкімі Арай Садықовөз сөзінде айтып өткеніндей, кентішілік жолдар мен тротуарларға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 200-ге жуық көшеге жарықтандыру бағаналары мен жол белгілері орнатылды. Биыл ауылда су құбыры желілері мен су бұру арнасын салу жұмыстары қайта жанданбақшы.

Мұхамет ТІЛЕУБАЙ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

 Бурабай ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар