Тұрақты комиссиялар – мәселелердің шешілуіне ықпалдылықтың төте жолы

Сегізінші шақырылған Ақмола облыстық мәслихатының депутаттық корпусының қызметі басталғаннан бері бір жарым жыл уақыт өтті. Осы кезеңде халық қалаулылары көптеген іс-шараларды өткізіп, ақмолалықтардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған ондаған шешімдер қабылдады.  

Қазіргі уақытта облыстық мәслихаттың экономика және бюджет сұрақтары  жөніндегі тұрақты комиссиясының құрамына облысымыздың әртүрлі өңірлерінен, қызметтің әртүрлі салалары – ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, туризм, құрылыс салаларынан жеті депутат кіреді. Бұл үлкен тәжірибесі, белсенді өмірлік ұстанымы бар және өз сайлаушылары арасында беделге ие адамдар.

Ғалымхан Банияшімұлы Саханов – Атбасар ауданынан, Руслан Жақсылықұлы Шамкенов – Аршалы ауданынан, Клара Тұңғышқызы Меңдібаева – Бұланды және Біржан сал аудандарынан, Қалел Рапихұлы Рахматулин – Бурабай ауданынан, Алмаз Есенгелдіұлы Мұхамедьяев – Шортанды және Ақкөл аудандарынан, Ғалымжан Сүйіндікұлы Көпішев Көкшетау қаласынан сайланған.

Осы бір жарым жыл ішінде Ақмола облысы үш бірдей сын-қатерге  ұшырады. Олар 2023 жылғы аса қиын жағдайда өткен күзгі дала жұмыстары кезеңі, сыни шегіне жеткен 2024 жылғы желтоқсан-қаңтардағы жылыту маусымы. Сондай-ақ, биылғы көктемдегі ең ауыр су тасқыны кезеңі.

Жергілікті атқарушы және өкілді билік органдарының осы мәселелерге уақытылы ден қоюы, құзыреттілік деңгейі мен шешімталдығы бойынша халық біздің іс-әрекеттерімізге өз бағасын берді.  Бүгін біз Ақмола облысы өзінің саяси жетілу және әлеуметтік жауапкершілік бойынша сынағын осы үш жағдайда да абыроймен тапсырды деп сенімді түрде айта аламыз.

Комиссия жұмысы басталғаннан бері экономика және бюджет сұрақтары жөніндегі тұрақты комиссияның 44, оның ішінде екі көшпелі отырысы өткізілді. Оларда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына, сайлаушылардың мүдделерін қорғауға байланысты түрлі мәселелер қаралды, 54 лауазымды тұлғаның есептері тыңдалды. 2023 жылға, сондай-ақ, 2023-2024 жылдардың алғашқы 6 айына арналған облыстық, аудандық, қалалық бюджеттерді атқару, үш жылдық кезеңге арналған облыстық бюджетті қалыптастыру мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Өткен жылдың мамыр айында біздің комиссия мүшелерінің назары Степногорск қаласындағы көпсалалы қалалық аурухананың проблемаларына, ағымдағы жағдайына және даму перспективаларына аударылды. Мекеменің кредиторлық берешегі 500 миллион теңгеден астам соманы құрады, оның ішінде коммуналдық қызметтер, дәрі-дәрмектер, отын, салықтар үшін көп қарыз жиналып қалған. Депутаттар сол жерге барып, жөндеуді қажет ететін аурухана корпустарын қарап, қызметкерлермен әңгімелесті.  Көшпелі отырыстың қорытындысы бойынша қалаға аурухананы дағдарыс жағдайынан шығару бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар берілді, оның ішінде бюджетті дұрыс жоспарлау мәселелеріне назар аударылды. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлан Ахильбеков пен Степногорск көпсалалы қалалық ауруханасының жаңа бас дәрігері Тоқтар Қоңырбаевтың қатысуымен осы медициналық мекеменің проблемалар кешенін одан әрі шешу бойынша кездесу өткізілді.

Атбасар қаласына жұмыс сапары барысында комиссия мүшелері аудандық ауруханаға күрделі жөндеу жүргізу, жаңа емхана салу қажеттігі және басқа да кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Өкінішке орай, қазір денсаулық сақтау жүйесінде көптеген проблемалар бар және олар тек медицина саласындағы қауымға ғана тәуелді бола бермейді, өйткені, олар барлық мүдделі тараптардың: әкімдіктердің, шаруашылық жүргізуші субъектілердің, әрине, облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттардың депутаттарының қатысуымен кешенді шешімді талап етеді. Сондықтан, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен Ақмола облысы мәслихаттарының қызметін үйлестіру жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында ауылдың денсаулық сақтау мәселелері, оның ішінде мен жоғарыда атап көрсеткен ауруханаларды жаңғырту туралы мәселе де қаралды.

Өткен жылы облыстық, аудандық және қалалық мәслихаттар депутаттарының мемлекеттік органдардың құзыретіне кіретін міндеттер мен функциялар бойынша басқармалар, департаменттер басшыларын тыңдау тәжірибесі енгізілді. Бұл үлкен жұмыс экономиканың әртүрлі салаларындағы көптеген проблемалық мәселелерді және оларды шешу жолдарын анықтауға мүмкіндік берді. Тыңдау қорытындысы бойынша бейінді ведомстволардың басшыларына ұсыныстар мен ұсынымдар енгізілді.

Мәселен, Ақмола облысы бойынша полиция департаментіне жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында тұрақты комиссия мүшелері облыстың бірқатар өңірлерінің учаскелерінде бағдаршамдар, қозғалыс бағыттарының көрсеткіштері, жылдамдық бәсеңдеткіштер, жаяу жүргіншілер өткелдері, «Сергек» бейнебақылау жүйелерін орнату мүмкіндігі туралы ұсыныстар енгізді. Нәтижесінде қажетті тексерулер жүргізіліп, тиісті әкімдіктерге нұсқамалар берілді. Облыстың төтенше жағдайлар департаментіне материалдық-техникалық жарақтандыруды жақсарту, оның ішінде барлық қажетті авариялық-құтқару іс-шараларын жүргізу үшін арнайы құралдар, жабдықтар сатып алу қажеттілігі туралы ұсынымдар берілді.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы, мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармаларының бірінші басшыларының есептерінің қорытындысы бойынша тұрақты комиссия мүшелері қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу арқылы орталық деңгейде шешуді талап ететін проблемалық мәселелер бойынша Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіне хат жолдады. Отырыста депутаттар негізгі проблеманы атап өтті – кадрлары да, материалдық-техникалық базасы да жоқ жосықсыз мердігер компаниялар бірден бірнеше лотты демпингпен ұтып алып жүр, ал, бұл жұмыстың мерзімі мен сапасына теріс әсер етпей қоймайды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасын, көліктік бақылаудың облыстық инспекциясын тыңдау нәтижесінде Қазақстан Республикасының Көлік министрлігіне облыстық көліктік бақылау инспекциясының штат санын және көліктік бақылау бекеттерінің санын ұлғайту, олардың материалдық және техникалық жарақтандырылуын жақсарту, ауыр жүк көлігінің өтуі үшін алымдар сомасын арттыру, олардың қозғалысына заңнамалық тыйым салу не оларды тек карьерлерде пайдалану мүмкіндігі жөнінде сұрау салынуда. Тұрақты комиссия мүшелері Ақмола облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының қазіргі штаты жұмысты тиімді құруға мүмкіндік бермейтінін атап өтті. Айта кету керек, ауыр жүк көлігі мәселесі белсенді талқылануда және республикалық деңгейде жан-жақты шаралар қабылданады деген үміт бар.

Сонымен қатар, ағымдағы жылдың тамыз айында біздің ұсыныстарымыз шешілуі ведомствоаралық өзара іс-қимылды талап ететін жүйелі мәселелер бойынша алдағы сессияға Сенаттың жұмыс жоспарына енгізу үшін Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатына жіберілді.

2023 жылғы қарашада облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасын тыңдау барысында комиссия мүшелері бөлшек салық мөлшерлемесін 4 пайыздан 2 пайызға дейін төмендету мәселесін талқылауды ұсынды. Бұл тақырып бірнеше рет көтерілді және ұзақ уақыт бойы біздің облыстың көптеген аудандары мен қалаларында өз шешімін таппады. Осыған байланысты біздің комиссия мүшелерінің бастамасымен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының алаңында кәсіпкерлік басқармасы қалалық және аудандық мәслихаттардың төрағалары мен депутаттарының, сондай-ақ, барлық мүдделі мемлекеттік органдардың, кәсіпкерлердің қатысуымен кеңес өткізді. Нәтижесінде ставканы төмендету мәселесі облыстың барлық өңірлерінде оң шешім тапты.

Депутаттардың назары «Медицина және фармацевтика қызметкерлерін әлеуметтік қолдау» бағдарламасына да аударылды. Жергілікті жерлерде жас мамандарды бекіту үшін 2,5 және 5,0 миллион теңге соманың мөлшері дәрігерлік кадрлар тапшылығының аса маңызды проблемасын шешуге көмектесетіні туралы жалпы түсінік болды. Жалпы, әлеуметтік қолдауды қамтамасыз ету және дәрігерлік кадрларды тарту қорытындысы бойынша Ақмола облысында дәрігерлік кадрлардың тапшылығы 22 пайызға төмендеді.

Әрине, жергілікті биліктің тұрғын үй бөлу, дәрігерлер мен жас мамандарға жеңілдіктер беру мәселесіне көзқарасы да маңызды. Осыған байланысты бейінді мемлекеттік органдарға тиісті ұсынымдар берілді. Бұл ретте, Жақсы ауданы медицина кадрларын тарту және тұрғын үй жағдайларын жасау жөніндегі жұмыстың жарқын оң мысалы болып табылады.

Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасын тыңдаудың нәтижесінде Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің ауыл шаруашылығы және биоресурстар факультетімен ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету, практикадан өту және басқарманың ведомстволық бағынысты мекемелері үшін жас кадрларды даярлау бойынша меморандумға қол қойылды.

Өздеріңіз білетіндей, бюджет – бұл облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайының, оның одан әрі даму перспективаларының «айнасы» іспетті. Сондықтан, экономика және бюджет мәселелері жөніндегі комиссия мүшелері атқарушы билік органдарымен бірлесіп, 2024-2026 жылдарға, ал, ағымдағы жылы 2025-2027 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізді. 2023 жылдың қазан айында 2024 жылға арналған басым жобалар бойынша аудандар мен қалалар тыңдалды. Өңірлердің әкімдіктері 514 миллиард теңгеге 1000-нан астам жобаны қаржыландыруды ұсынды, олардың ең көп саны Степногорск қаласынан – 128, Целиноград ауданынан – 102, Жақсы ауданынан – 105 жоба.

Бүгінгі күнге дейін комиссия облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаттары облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына жіберген сайлаушылардан келіп түскен барлық сауалдарды жинап, талдады. Алдағы 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасы бойынша 425 миллиард теңгеге 715 жоба келіп түсті. Салыстыратын болсақ, өткен жылы 289 миллиард теңгеге 518 ұсыныс түскен.

Ақмола өңірінің инвестициялық тартымдылығы маңызды перспективалық фактор болып табылады. Бүгінгі таңда бірнеше ірі жобалар меморандумдармен нығайтылды. 6 миллиард теңгеге Степногорск қаласындағы жаңа стадион, 18 миллиард теңгеге Қосшы қаласында барлық инфрақұрылымы бар кешенді медициналық орталық, 4 миллиард теңгеге Көкшетау қаласының жағалау аймағын абаттандыру жобасы мақұлданды.

Комиссия мүшелері тұрақты негізде өз сайлау округтерінде жұмыс жүргізеді, азаматтарды қабылдайды, жерлестерінің өтініштерін қарайды. Есепті кезеңде 200-ге жуық азамат қабылданды, сайлаушылармен 100-ден астам кездесу өткізілді.

2-ші және 8-ші шақырылымда сайланған депутаттардың сапалық құрамын салыстыра отырып, айтарым, егер 1999-2000 жылдары тәжірибесі мен беделі облыстағы барлық билік құрылымдарының игілігіне жұмыс істеген Ибрагим Дәуітұлы Жанғоразов, Иван Адамович Сауэр, Анатолий Иванович Томилов, Серік Ақпенұлы Аяғанов сияқты ірі басшылар депутат болса, бүгінгі таңда депутаттар құрамы түбегейлі жасарған, олардың бойындағы жастық пен тәжірибенің үйлесімі жергілікті жерлерде өз сайлаушыларына көмектесемін деген шынайы ниетпен ұштасып отыр.

Комиссия мүшелері туралы айта отырып, мәселенің мәнін түсінудің артында олардың нақты көмегі тұрғанын атап өтуге болады. Бірнеше рет Ғалымхан Банияшімұлы Саханов сайлаушылардың өтініші бойынша аудандар үшін өзекті сұрақтарды көтерді. Осындай мәселелердің бірі ауылдық жерлердегі «Қазпошта» АҚ-ының ағымдағы жағдайы болды. Бүгінгі күні толыққанды пошта байланысы бөлімшелерін ұстау тиімсіз болғандықтан, ауылдарда зейнетақы төлемдерінен басқа пошта байланысының өзге қызметтері талап етілмейді, депутаттар «Қазпоштаға» клиенттік базаны тарту, ауылдық округтердің мониторингі және нақты елді мекендердегі бөлімшелерді оңтайландырудың орындылығы жөніндегі жұмысты күшейтуді ұсынды.

Біздің комиссия мүшелерінің қайырымдылық қызметі де жұмыстың ажырамас бөлігі болып табылады. Мұны олардың нақты істері растайды. Мәселен, ағымдағы жылдың сәуір айында Ғалымхан Саханов су тасқынына қарсы іс-шараларға 5 миллион теңге аударды. Тұрақты комиссияның мүшесі, «BEIBARYS» жайлылық аумағының бас директоры Руслан Шамкенов осы компанияның құрылтайшысымен бірге Аршалы балалар және жасөспірімдер спорт мектебі үшін құны 17 миллион теңге тұратын «Газель» шағын автобусын сатып әперді. Жаңа 13 орындық көлік балаларды жарысқа тасымалдауға арналған. Айта берсе, мұндай мысалдар көп.

Әйел қауымы күнделікті өмірде бәріне қол жеткізе алады, олар – әлеуметтік жұмыс, саясат немесе бизнес болсын, кез-келген салада жұмыс істей алады және табысты бола алады. Осы ретте, біздің комиссия мүшесі Клара Тұңғышқызы Меңдібаеваны атап өткім келеді. Аналар кеңесінің, Бұланды ауданының іскер әйелдер қауымдастығының, №2 жалпы білім беретін мектептің қамқоршылық кеңесінің мүшесі бола жүріп, ол өз сайлаушыларының үмітін ақтай біледі және ауданның барлық мәселелеріне ден қояды. Біздің тұрақты комиссиямыздың жұмысына «Бурабай» облыстық балаларды оңалту орталығының құзыретті және беделді бас дәрігері, «Құрмет» орденінің иегері Қалел Рапихұлы Рахматуллиннің белсенді қатысқанын да атап өткен жөн.

Қорытындылай келе, мен комиссияның барлық мүшелеріне, сондай-ақ, басқа да әріптестеріме белсенді жұмыстары үшін, комиссияға енгізілетін мәселелерді талқылауға үлкен қызығушылық пен ынта танытып, үнемі алдыңғы қатардан көрінетіндері үшін алғыс айтқым келеді. Қазір егін жинау науқанының соңына таяған шағы. Облысымыздың мыңдаған тұрғындарының әл-ауқаты ағымдағы жыл бюджетінің жай-күйі мен көрсеткіштеріне көп байланысты. 2025 жылға арналған міндеттердің қалай шешілетіні де бізді толғандырмай қоймайды. Осы ретте, диқан қауымына табыс тілейміз. Ал, өз тарапымыздан өкілді орган жұмысының қайтарымын молайту үшін қолдан келгеннің бәрі жасала береді. Қамбаларымыз астыққа толып, диқан еңбегінің жанғаны да, яғни, 6 миллион тоннадан астам ақық дән жиналғаны да біздерді алдағы оң істерге жігерлендіріп отыр.

Марат ҚОЙШЫБАЕВ,
Ақмола облыстық мәслихатының экономика және бюджет
сұрақтары жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы.          

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар