«Оқжетпес» – чемпион!

Облыс орталығы Көкшетау қаласындағы «Оқжетпес» стадионында футболдан Қазақстан бірінші лигасының чемпионы атанған «Оқжетпес» клубының футболшыларын марапаттау рәсімі болып өтті.

Бірінші лиганың отызыншы турында Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Қызылорданың «Қайсар Жас» командалары арасындағы 5:0 есебімен алаң иелерінің пайдасына шешілген ойынның соңы осындай қуанышқа ұласты. Алаң иелерінен әуелі Дәурен Жұмат гол соғып, кейін Алияр Мұхамед пен Батырхан Тәжібай қос-қостан дубль жасаған бұл ойын қонақтарға еш мүмкіндік қалдырмады.

Мұның алдында чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда мерзімінен бұрын Премьер-Лиганың жолдамасын жеңіп алған «Оқжетпес» осының нәтижесінде 63 ұпай жинап, біріншілікке қатысқан 15 команданың ішінен чемпион атанды. Екінші орында 60 ұпаймен жоғары топқа екінші жолдаманы қанжығаға байлаған Жезқазғанның «Ұлытау» командасы, ал, үшінші орында 58 ұпай еншілеген Ақтаудың «Каспий» клубы.

Чемпионаттың әу басында негізінен, жергілікті жас ойыншылардан құралған оқжетпестіктердің бұлай чемпионат тұғырын бағындыратындығына ешкім де сенбеген еді. Алайда, Андрей Ферапонтовтың шәкірттері ойыннан ойынға шеберліктерін шыңдай отырып, осындай жоғары нәтижеге қол жеткізді. Жерлестеріміз чемпионат барысында 20 кездесуде жеңіске жетіп, қарсыластарымен үш ойын тең ойнады және бес кездесуде жеңіліс тапты.

Чемпионат бойы қақпашы Қажымұқан Төлепберген, қорғаушылар Дмитрий Мирошниченко, Виктор Зябко, жартылай қорғаушылар Елисей Горшунов, Зикрилло Султаниязов, Батырхан Тәжібай, Дәурен Жұмат, шабуылшылар Алияр Мұхамед, Рауль Аллахвердиев сияқты ойыншылар шеберлік әрі мергендік танытқан «Оқжетпесті» бұл жеңіске А.Ферапонтов бастаған жаттықтырушылар штабы білгірлікпен бастай білді. Бір құптарлығы, осы жолы клуб сапында он алты-он жеті жастағы жас футболшылар Захар Порох, Қобыланды Камариден де тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті.

Айқын басымдылықпен «Оқжетпестің» пайдасына шешілген «Қайсар Жас» клубымен өткен ойыннан кейін команда ойыншыларын чемпионаттың алтын медальдарымен марапаттау рәсімі өтті. Онда Ақмола облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендин және Qazaqstan Football League президенті Ғани Қайназаров құттықтау сөз сөйлеп, чемпиондық табақшаны тапсырды. Оны «Оқжетпестің» капитаны Нияз Ыдырысов қабылдап алды.

Сөйтіп, көкшетаулық жанкүйерлер қуанышында шек болмаған бұл бірінші лига чемпионаты жерлестеріміз үшін өте сәтті аяқталды. Енді жоғары дивизионға жолдама алған «Оқжетпес» келесі маусымда Премьер-Лигада да табысты өнер көрсетеді деп сенеміз.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар