Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың қатысуымен өткен демалыс күндері Астана қаласында 100-ден астам ақмолалық ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің жоғары сапалы өнімдері ұсынылған жәрмеңке болып өтті. Елордамыздыңірі сауда алаңында арзан бағамен ұйымдастырылған жәрмеңкеде аймақ басшысы кәсіпкерлермен және қала тұрғындарымен әңгімелесті.
– Демалыс күндеріндегі жәрмеңкелер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын ұстап тұруға және халықты нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайызға төмен сапалы табиғи өнімдермен қамтамасыз етуге оң әсерін тигізуде. Бұл шаруалар үшін тиімді, өйткені, делдалдардың саны айтарлықтай азайды, – деді облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан.
– Біз 300 тоннадан астам экологиялық таза өнім әкелдік. Оның 60 тоннадан астамы ет және ет өнімдері,15 тонна сүт және сүт өнімдері, 156 тоннасы картоп пен көкөніс, 300 мың дана жоғары сапалы жұмыртқа, 42 тонна ұн, 20 тонна ұннан жасалған өнімдер, – деді облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Кенеш Әлімжанов.
«Гормолзавод», «Родина», «Макинск құс фабрикасы», «Capital Projects LTD», «Бижан», «Урожай», «Айбат», «Қазгер құс» және «Шортанбай-2019» компаниялары облыстың 40-тан астам брендтік өнімін ұсынды. Олардың барлығына сауда алаңдары тегін берілді.
Астрахан ауданындағы «Нұр-А» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі айран, қаймақ, сары май, сүзбе әкелді. Ал, нарықта 20 жылдан астам уақыттан бері жұмыс істеп келе жатқанЖақсы ауданындағы «Урожай» және «Айбат» серіктестіктерітұтынушыларға жарма, ұн, бұқтырылған ет, ет паштеті, ірімшіктер ұсынды.
Щучинск қаласының омарташысы Александр Проценко елорда тұрғындарына бал мен ара шаруашылығы өнімдерінің пайдасы туралы айтып берді.Ол астаналық жәрмеңкеге балдың жеті түрін, забрус, прополис, сәндік балауыз шырақтарын әкелді. Көкшетаулықтар «Внуковский» жеке кәсіпкерлігінің шаруашылығында өндірілген шошқа етін 1900 теңгеден, сиыр етін 2200 теңгеден саудаға шығарды. «Таңертеңнен бері сауда жақсы жүріп жатыр», – деп баға берді Алина Саликова.
Ақкөл қаласындағы «Терем.Ок» серіктестігінің өнімдері елордалықтарға жақсы таныс. Бұл жолғы жәрмеңкеде сүт өнімдерінен түрік айраны, сары май, қолдан жасалған қаймақ пен сүзбе, адыгей ірімшігі және брынза сұранысқа ие болды.
Целиноград ауданындағы «Моя ферма» сүт өңдеу кәсіпорнының қызметкерлері тұтынушыларды қазақтың дәстүрлі ас мәзірі бойынша дайындалған йогурт, табиғи айран, қаймақ, сүзбеден дәм татуға шақырды.
–Маған «Астана өнім» компаниясының майы ұнайды, ол өте дәмді. Ақмола облысынан шығарылатын өнімдердің кең ассортиментін және қолжетімді бағаны атап өткім келеді, – деді өз сөзінде елордалық Әйгерім Біләлова.
– Екінші жыл қатарынан Көкшетау, Қосшы қалалары мен Целиноград және Шортанды аудандарынан келген 50-ден астам еріктілер жәрмеңкеде таңғы жетіден бастап мүмкіндігі шектеулі жандар мен елорданың қарт тұрғындарына тегін көмек көрсетуде. Тауарларды арбаға тиеп, көлікке немесе аялдамаға жеткіземіз. Еріктілердің барлығы икемді, бұл іске түсіністікпен қарап, өңірдің дамуына өз үлестерін қосып жүрген тауар өндірушілеріміздіқызу қолдаймыз,– деді облыстық жастар ресурстық орталығының басшысы Дастан Ермеков.
Жаңбырлы күндегі елордалықтардың көңіл-күйін Ақмола облысының шығармашылық ұжымдары көтерді. Осылайша, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің Астана қаласында өткен жәрмеңкесі елордалықтар көңілінен шығып, аймақ мерейін асқақтата түсті.
Вероника БУРДА,
Асылай ҚАДЫРҚЫЗЫ.