Италияның Турин қаласында 120 елден үш мың делегатты біріктірген «Terra Madre Salone del gusto 2024» халықаралық форумы өтті. Бұл шара 2004 жылы қолға алына бастаған. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген «Slow Food» қозғалысы ізбасарларының конвенциясы болып табылатын форумға Қазақстан атынан да делегация барды. Делегация құрамына еліміздің түрлі өңірлерінен, соның ішінде Ақмола облысынан кәсіпкерлер мен фермерлер кірді.
Форумның басты мақсаты – әділеттілік, экологиялық жауапкершілік қағидаттары және агроөнеркәсіп кешенін жүргізудің дәстүрлі әдістерін қолдауға негізделген ауыл шаруашылығы, жергілікті азық-түлік жүйелері мен экологияны орнықты дамыту идеяларын ілгерілету. Бес күн ішінде фермерлер, мал өсірушілер, органикалық өнім өндірушілер тәжірибе алмасып, азық-түлік жүйесін жақсарту үшін инновациялар тарту мен түрлі шешімдер қабылдау жолдарын талқылады. «Slow Food» қозғалысының қатысушылары өнімді саналы түрде тұтыну және жергілікті дәстүрлерді сақтау арқылы әділетті және үйлесімді қоғам құруға ықпал етуге болады деп санайды.
Қазақстандық делегацияны «Жер-Ана Астана» қоғамдық бірлестігінің басшысы, фермер, Ақмола облысының кәсіпкерлер палатасы агроөнеркәсіп кешені салалық кеңесінің және Степногорск қаласының іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Гүлмайра Баймақова бастап барды. Форум барысында жерлестеріміз азық-түлік тәуелсіздігі мен азық-түлікке қолжетімділікті қамтамасыз етудегі фермерлік базарлардың рөлі туралы конференция өткізді. Гүлмайра Баймақова «Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы жер нарығы» презентациясын таныстырды. Жас ғалым, қазақ тағамдарын зерттеуші Әйгерім Мұсағажинова агроэкологиялық тәжірибелер, жабайы өсімдіктерді жинау және егін оруда қолданылатын «Slow Food» фермаларындағы жабайы табиғат туралы айтып берді. Айта кетейік, оның «Қазақ тағамдары. Дәмі. Дәстүрлер» атты еңбегі Полленцодағы гастрономиялық ғылымдар университетінің кітапхана қорына кірді.
Сондай-ақ, Степногорск қаласындағы «Олжас» шаруа қожалығы өкілдерінің нан көрмесі ұйымдастырылды. Форумға келушілерге жаңа піскен бауырсақтар мен шелпектер, сондай-ақ, қазақ жентінің дәмін тату ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеде Целиноград ауданындағы «Молочная фея» шаруа қожалығының ірімшіктері мен басқа да сүт өнімдері, сондай-ақ «Жоламан» шаруа қожалығының ет деликатестері мен түрлі ысталған ет өнімдері ұсынылды. Сонымен қатар, Астана қаласынан қазақстандық ұлттық географиялық қоғам да өз өнімдерін ұсынды.
–Біз форум қатысушыларын қазақтың ұлттық тағамдарымен таныстырып қана қоймай, осының бәрін бірлескен күш-жігермен дайындаған бірлігімізді де көрсеткіміз келді. Келушілер қазақ халқының ұлттық тағамдарынан дәм татуға қуанышты болғаны анық. Жалпы, халықаралық форумға қатысу біз үшін экологиялық таза әдістерді пайдалана отырып өндірілген бірегей өнімдерді көрсету мүмкіндігімен ерекшеленді. Бұл жайт өз кезегінде қазақстандық өнімнің имиджін нығайтуға және осыған шетелдік әріптестердің назарын аударуға ықпал етері анық, – деп атап өтті Гүлмайра Баймақова.
Айта кетейік, шет елге барған делегация мүшелеріне Ақмола облысы кәсіпкерлер палатасының Степногорск филиалы үлкен қолдау көрсетіп, олардың жүріп-тұруын үйлестіріп, көптеген ұйымдастырушылық мәселені шешті.
–Қазақстан айтарлықтай аграрлық әлеуетке ие екендігі белгілі. Сондықтан, біздің ауыл шаруашылығы өндірушілерінің «Terra Madre» форумына қатысуы ауыл шаруашылығы саласындағы шетелдік жетекші сарапшылармен тәжірибе алмасумен және халықаралық байланыстар орнатумен қоса, басқа да біраз жайларға қанықтырды. Азық-түлік тәуелсіздігі, шаруашылық жүргізудің экологиялық таза әдістері, климаттық өзгерістердің аграрлық өндіріс ырғағына әсері сияқты мәселелерді талқылаудың жаһандық сын-қатерлер жағдайында еліміз үшін үлкен маңызы бар. Сол себепті, біз Турин сапарын бүгін де, ертеңгі күні де пайдасы тиерлік тиімді бір шара ретінде бағалап отырмыз, – дейді өз сөзінде Өңірлік палата директоры Ерқанат Мұсылманбек.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.